Қоғам • 17 Қазан, 2023

Бейбітшілік және әйел рөлі

142 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогіне қатысушылар гендерлік теңдік, бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өткен іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан Парламенттерінің депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.

Бейбітшілік және әйел рөлі

Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогі өңірдің әйел парламентшілері арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен нығайтудың өзекті мәселелерін саралауға арналған халықаралық бейресми алаң ретінде жемісті жұмыс ат­қарып келеді. Қазақстан биыл ұйымға төрағалықты қабылдағаны мәлім.

Конференцияны ашқан Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева бүгінгі таңда әлем­де қақтығыстардың өршуі мен тұрақсыз­дықтың артуы әйелдердің рөлі мен жағдайын қиындатқанын атап өтті.

– Таяу Шығыстағы шиеленіскен жағ­дайға әлем куә. Соның салдарынан әйелдер де, балалар да қоғамдағы ең осал топ ретінде құрбан болып жатыр. Ал бүгін біз талқылап отырған күн тәртібін қарулы қақтығыстар мен гу­манитарлық апаттар кезіндегі әйел­дердің қауіпсіздігіне қатысты мәсе­лелерді жан-жақты шешу қажеттілігі призмасы арқылы қарау керек, – деді Мәжілістің вице-спикері.

Сонымен қатар Дания Еспаева әйелдер мен қыздарға қатысты гендер­лік зорлық-зомбылыққа байланысты мәселелерге назар аударды. Қазақстан оған қарсы өңір елдерінің күш-жігерін біріктіруге шақырады. Осы бағыттағы тиімді қадамдардың бірі Еуропалық одақ пен БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін әйелдер мен қыздарға қатысты гендерлік зорлық-зомбылықтың барлық нысанын жою жөніндегі аймақтық бастамасын іске қосу болды. Жоба Президент тарапынан қолдау тапқан.

Сондай-ақ Д.Еспаева Қазақстанда 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылып жатқанын, онда «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін жүзеге асыруға бағыттал­ған бөлім бар екенін, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Қарарларын іске асыру жөніндегі ұлттық іс-әрекет жос­пары қабылданғанын мәлімдеді. Ол Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік даярлық орталығы (Қазцент) базасында сертификатталған курстар аясында әскери кеңесші-әйелдерді даярлау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанына тоқталды. Бұл ретте әйел әскери қызметшілер Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық жеке құрамының 13,7 пайызын құрайды, олардың 10-ы басшылық лауазымды атқарады.

Конференцияға қатысушылар тақы­рыптық сессиялар аясында қауіп­сіздік саласының жаңа сын-тегеу­ріндері және өңірдегі әйелдердің қауіпсіздігі мен бейбіт өміріне қатысты ой бөлісті.

«Орталық Азия әйелдері зорлық-зомбылыққа қатысты көп шағымдана бермейді. Мұндай келеңсіздікке тап болса да тақырыпты жылы жабуға тырысады. Бірақ біз мұны бұлай қалдырмай, көтеруіміз қажет. Жантүршігерлік жағ­дайларды көріп жатырмыз. Біз бұ­ған дейін өз елімізде 10 заң мен 5 ко­декс­ке өзгеріс енгізгенімізді айтқан едік. Тұрмыстық зорлық-зомбылық заңын барынша күшейтіп жатырмыз. Енді әйелдер мен балаларды ұрып-соғып қорлық көрсеткендер ешқандай амнистияға ілікпейді. Әрі өмір бойы білім саласында қызмет ете алмайды», дейді Өзбекстан республикасы Олий мәжілісі комитетінің мүшесі Гулноро Маруфова.

Өңірде әйелдер бетпе-бет келетін құры­лымдық және экономикалық мәсе­ле­лер аз емес. Бұл ретте заманауи цифр­лық трансформация олардың әлеуметтік құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңей­туге жол ашатыны айтылды. БҰҰ-әйел­дер құрылымы Өңірлік кеңсесінің кеңес­шісі Наргис Азизова, БҰҰ Бас хат­шысының арнайы өкілі, БҰҰ Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Каха Имнадзе, БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының Орталық Азиядағы өкілі Ганс Фридрих Шод­дер бұл бағытта жүзеге асқан жұмыс­тарға шолу жасай отырып, қоғам­ның қозғаушы күші ретінде әйелдердің саяси беделі мен азаматтық тұлғасы қа­лып­тасып, олар барлық салада айрық­ша маңызға ие болып отырғанын атады.

Конференция соңында қатысу­шылар өңірде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­нің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіп­сіздік» Қарарын іске асыру бойынша жұмысты күшейту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттемелері бар қорытынды құжатты қабылдады.

 

АЛМАТЫ