Қоғам • 17 Қазан, 2023

800 теңге: Мектепте ыстық тамақ қымбаттайды

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мектеп асханасындағы түскі астың құнына енді азық-түлік бағасы ғана емес, кәсіпкерлердің басқа да шығындары кіреді. Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

800 теңге: Мектепте ыстық тамақ қымбаттайды

«Мектеп оқушыларының түскі ас бағасы жыл сайын өсіп келеді. Түскі ас бағасы 440 теңге болса, 2023 жылдың қаңтар айында 30 пайызға өсіп, 584 теңгені құрады. Бұл кезде азық-түлік бағасының өсуі ескеріледі. Бізде жаңа мәзір әзірлеу жоспарлары бар, ол қазірдің өзінде аяқталу сатысында. Құны да жаңа болады. Оны әзірлегеннен кейін мәслихатпен, содан кейін нормативтік құжаттармен бекітеміз», деді Серік Әділбаев.

Басшының айтуынша, мектептегі түскі ас бағасы 800 теңге шамасында болады. Ал күзде баға әзірге өзгермейді. 

Жаңа мәзірді әзірлеуге арнайы Астана медицина университеті мен Астана мектептеріндегі азық-түлік жеткізушілер қауымдастығының мамандары тартылады.

«Біз кәсіпкерлер мен мамандардың пікірлерін ескереміз. Мәзірді әзірлеу кезінде калория мөлшері, дәруменнің мазмұны, көлемі және өндіру технологиясы бойынша белгілі бір келісімдер жүзеге асырылады. Басқа шығындардың бағасы орташа статистикалық көрсеткіштерге негізделген. Қазір бағаны бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр», деп түсіндірді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары.