Спорт • 19 Қазан, 2023

Үздіктер анықталатын ел біріншілігі

125 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанадағы «Алау» мұз айдынында Олимпия ойындарының бағдарламасына енетін конькимен жүгіру спортынан жекелей қашықтыққа жарысудан ел біріншілігінің шымылдығы түрілді.

Үздіктер анықталатын  ел біріншілігі

Отандық спортшылар жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ел чемпионатының қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Өйткені ішкі біріншілікте өз мықтылығымен дараланып, бапкерлердің көзіне түсе білген жеңімпаздар мен жүлдегерлер алдағы халықаралық жарыстарға, Әлем кубогінің кезеңдеріне қатысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ биылғы чемпионатта үздіктер қатарынан көрінген жас спортшылар келесі жылғы жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиадада ел намысын қорғау мәртебесіне ие болады. Сондықтан мамандар биылғы ел біріншілігінің әр қашықтықтағы бәсекелері аса тартыс­ты өтеді деп болжап отыр.

Елордада бастау алған ішкі чем­пионаттың ашылу салтанатына Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқар­ма­сының басшысы Самат Жылқыбаев қатысты.

«Коньки жарысы қысқы спорттың басым түрлерінің бірі саналады. Сондықтан да біздің министрлік спорт­шылардың оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырумен, олардың халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етумен, сондай-ақ Қазақ­станда халықаралық және респуб­ликалық жарыстарды өткізумен бел­сенді айналысып келеді», деді Е.Мар­жықпаев.

Биылғы ел біріншілігіне еліміздің 7 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан келген 183 спортшы қатысып жатыр. Айта кетейік, қысқы Олимпия ойындарында Халықаралық конькишілер одағына енетін спорт түрлері (шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және конькимен жүгіру) бойынша 28 медаль жиынтығы сарапқа салынады.