Төтенше жағдай • 20 Қазан, 2023

413 мың адамға көмек көрсетілді

138 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері елімізде 65 мыңнан аса табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай тіркеліп, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты құтқару бөлімшелерінің мамандары 9,5 мыңнан аса адамды ажалдан аман алып қалған. Апат аймағынан 10 мыңнан аса адамды эвакуациялап, зардап шеккен 4 мың адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов мәлімдеді.

413 мың адамға көмек көрсетілді

«Биыл азаматтық қорғау органдарына 28 жылға толып отыр. 1995 жылы 19 қазанда Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті елдің табиғи және тех­ногендік сипат­тағы төтенше жағ­дай­лар және азаматтық қор­ғаныс сала­сын­дағы уәкілеттік беріл­ген орталық атқарушы орган ре­тінде құрылған еді. Осы уақыт аралығында азаматтық қорғау жүйесі айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Орталық атқарушы органдардың құрылымын же­тілдіру шеңберінде МКЖС комитет, агенттік, министрлік болды. Кейіннен ІІМ жүйесінде болды, одан әрі 2020 жылы Президенттің тікелей тапсырмасымен дербес министрлік ре­тін­де қайта құрылды. Барлық кезеңде төтенше жағдайларды жою қызметі кәсіби түрде дамып, құтқару бөлімшелерімен толықтырылды», деді С.Шәріп­ханов.

Сонымен қатар сала бас­шы­сы 1995-2023 жылдар аралығында елімізде 1,5 млн-нан аса төтенше жағдай тір­ке­ліп, өрт сөндірушілер мен құт­­қару­шылардың кәсіби­лігі мен жеделдігінің арқа­сында 413 мыңға жуық адам құт­қа­­рылғанын айтты. «Еліміз­дің әр аймағында тіркелген тө­­тенше жағдайларда біздің ма­мандар 380 мыңға жуық адамды эвакуациялап, 70 мың­нан аса зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетті. Өкінішке қарай, өз міндетін атқа­ру кезінде 69 қызметкеріміз қаза тапты».

Министрдің айтуынша, бү­гінде азаматтық қорғау органдарында 27 мыңнан аса адам қызмет етеді.

«Алматы облысының Тал­ғар, Қарғалы өзен­дерінде су тас­қынына қарсы Көк­сарай (Сыр­­­дария өзенінде) және Аста­нада ағын суға қарсы рет­тегіш­тер мен селді ұстап тұратын бөгеттер салын­ды. Қазіргі таңда Ақсай, Енисай, Қорғас өзен­дерінде 4 инвестициялық жоба іске асы­рылып жатыр. Бұлар­дың аяқ­талуы 2025 жылға жос­пар­ланған. Сондай-ақ біздің құтқарушыларымыз Түркия мен Ауғанстандағы жойқын жер сіл­кінісінің салдарын жоюға қаты­са отырып, халықаралық дең­­гейде өз кәсібилігін дәлел­деді. Қиын экстремалды жағ­дайларда және жерасты дүмпу­лерінің жалғасуына қарамастан, құтқарушылар үйінді­лерді бөл­шектеп, адамдарды эвакуациялау және құтқару, зардап шеккен адам­дарға медициналық көмек көрсету жұмыстарын жүр­гізді», деді спикер.

Ресми статистика бойынша жыл сайын елімізде орта есеппен 18 мыңнан аса табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай, оның ішінде 15 мың өрт тіркеледі екен.