Саясат • 23 Қазан, 2023

Кітапханашы – мерейлі мамандық

294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кітап оқитын ұлттың руханияты да, мәдениеті мен әдебиеті де берік болары сөзсіз. Адамзатты игілікке бас­тайтын, ақыл-ойдың тамыршысы кітапқа деген қоғамның құрметі де әрқашан биік болмақ. Осы ретте рухани ордаға баланған кітапханалар мен олардың шырақшысына ай­нал­ған кітапханашылардың рөлі басым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапханалар мен кітапханашылардың жағдайына, заманауи сапасына, ақылды ұлт қалыптастыру жолындағы жоспарына ерекше маңыз қойып, тоқталып отыр. Биыл екінші рет тойланып жатқан Кітапханашылар күні – осы салаға деген сындарлы істің нәтижесі.

Кітапханашы – мерейлі мамандық

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бұл мерекелік дата кітапханалардың жұмысын жандандырып, сала маман­да­рының беделін арттыру мақсатында бекітілген еді. Аталған мерекеге орай ел астанасында алқалы жиын өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген кітапханашылар бас қосты. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы қатысқан салтанатты іс-шара аясында кітапханашыларға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі тапсырылып, Құрмет грамотасы және Алғысхаттармен марапатталды.

«Әділетті Қазақстан – Адал азамат» ұлттық құрылтайының екінші отырысында Мемлекет басшысы: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел ғана ақылды ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын оятуымыз керек», деп атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы сіздерге үлкен үміт артып, жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп отырған кітапханалар мен кітапханашылардың жағдайына ерекше назар аударады. Бұған кәсіби мереке – өткен жылы Қазақстанда Үкіметтің қаулысымен бекітілген – Кітапханашылар күні дәлел бола алады. Елімізде 11 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді, олардың штатында 25 мыңнан астам адам бар, кітап қоры 328 миллион данадан асты. Кітап­хана қызметтерін пайдаланушылар саны 9,5 миллионға жетті және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Әрине, барлық жетістікке кітапханашылардың кәсіби еңбегі мен ағартушылық рөлінің арқасында жеттік», деді Аида Балаева.

Мерекелік жиынға қатысушылар өңір­лер­дегі кітапханалық қызмет көрсетудегі озық жобалармен танысып, кітапхана тарихына арналған арнайы көрмені тамашалады. Сондай-ақ аталған саланы дамытуға байланысты өзекті мәселелер талқыланды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен дөңгелек үстел жұмысына ғалымдар, ақын-жазушылар, баспагерлер, кітапхана мамандары қатысты.

 впр

Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ашып, кітапханалар мен оқыр­мандардың ынтымақтастығына, бір­лігіне қатысты ойын жеткізді.

«Мемлекет басшысы «жас ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын ояту» нақты міндетін қойды. Президент өзінің алдыңғы сөздерінде де кітапхана саласын дамытуға ерекше назар аударды. Осыған байланыс­ты біз Президенттің барлық тапсырмасын орындау бойынша қажетті шараларды қабылдап жатырмыз», деді министр.

Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында осы бағыттағы жұмыс нәтижелері тура­лы баяндалды. Атап айтсақ, министр кітапханашылардың жалақысын 2025 жылға қарай 100%-ға арттыру мақсатында кітапхана қызметкерлерінің жалақысын жыл са­йын 25%-ға ұлғайту жөніндегі жоспарымен бөлісті. Кітап қорын жаңарту бойынша да бірқатар шара қабылданып жатыр. Кейінгі 5 жылда мемлекеттік тапсырыспен 4,5 миллион кітап шығарылған.

Министр шетелдік бестселлерді қазақ тіліне аудару – маңызды аспект екенін де алға тартты. Сонымен қатар оқыр­манның сұранысына сай кітаптар шығару үшін кітап оқушылар арасында арнайы әлеуметтік сауалнамалар жүргізу жос­парланып отыр. Ұлттық электрондық кітапхананы дамыту жұмыстары да бел­сенді жүргізіліп жатыр.

«Қазақстанның электрондық кітапха­насы» жобасы аясында оқырман «бірыңғай билет» арқылы еліміздің кез келген кітап­­­ханасының электрондық базасына қол жет­кізе алатындай барлық кітапхананы бірыңғай ақпараттық жүйеге қосу жоспарланып отырғаны да айтылды.

Бұдан бөлек, дөңгелек үстелге қатысу­шы­лар саланы дамытуға қатысты өз пікір­лерімен бөлісті. Қорытынды сөзінде министр іс-шара барысында айтылған барлық ұсыныс­ ескеріліп, талданып, жұмысқа қабыл­дана­тынын атап өтті.

Айта кетейік, бүгінде елімізде 11 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Оның 7 мыңнан астамы білім жүйесіне қарасты болса, 3 мыңнан астамы мәдениет саласына бағынады.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024