Жемқорлық • 23 Қазан, 2023

Банк басшысы қылмыстық топ құрып, елдің ақшасын жымқырған

457 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Tengri Bank клиенттерінің қаржысын заңсыз пайдаланған қызметкерлерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Egemen.kz Kazinform ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Банк басшысы қылмыстық топ құрып, елдің ақшасын жымқырған

Фото: ашық дереккөз

Алматы қалалық сотынан мәлім еткендей, 14 сотталушыға елдің сеніп тапсырған мүлкін иемдену, банк ақшасын жымқыру және өз өкілеттігін асыра пайдалану бойынша айып тағылған. 

Сот анықтағандай, Ержан Шайкенов банк төрағасы бола тұра 2015-2020 жылдары 13 адамнан тұратын қылмыстық топ құрған.

Оның көмегімен қарыз алушылардың төлеу қабілетіне қарамастан заңсыз несиелер рәсімдеген. Осылайша қаржы ұйымына жалпы сомасы 23,5 млрд теңге залал келтірген. Прокурор соттан Шайкеновты және жеті айыпталушыны 9 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, қалған алтауын 1,5 жылға соттауды сұрады.

Сот процесі барысында айыпталушылар кінәсін мойындаған жоқ. Tengri Bank-тің бұрынғы басшысы Ержан Шайкенов 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Дәл осындай жазаны банк төрағасының экс-орынбасары Бақтияр Ілиясов та алды. Сондай-ақ сот олардың мүлкін тәркілеп, қаржы ұйымдарында басшылық қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салды.

«Алты адам 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үшеуіне банк ақшасын заңсыз пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жылдан 1 жыл 6 айға дейін жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі жұмысқа тарту арқылы бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Екеуі ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Ал, біреуіне қатысты іс қайтыс болуына байланысты жабылды», деп хабарлады соттан.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.