Теннис • 24 Қазан, 2023

Бубликтің үшінші белесі

141 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Теннистен ерлер арасындағы еліміз­дің бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик Бельгияның Антверпен қаласында мәресіне жеткен «ATP 250» санатындағы турнирдің чемпионы атанды.

Бубликтің үшінші белесі

Жарыстың үшінші ракеткасы болып тіркелген отандасымыз Бельгиядағы доданы екінші айналымнан бастап, тұсаукесер кездесуінде франциялық Грегуар Баррерден басым түссе, ширек финалда тағы бір француз өкілі Джованни Мпетши Перрикарді жеңді. Ал жартылай финалда германиялық Максимилиан Мартерерді жарыс жолынан ығыстырып, турнирдің финалына жолдама алды.

Бас жүлде үшін өткен бәсекеде жер­лесіміз дүниежүзілік рейтингте 38-орында тұрған 19 жастағы франциялық Артюр Фисті екі сетте 6:4, 6:4 есебімен қапы қал­дырып, өз карьерасында үшінші мәрте ATP санатындағы турнирдің жеңімпазы атанды. Ал осы мау­сымдағы екінші чем­пиондығына қол жет­кізді. Ол ең алғаш былтыр Монпельеде (Фран­ция) өткен «ATP 250» санатындағы жарыста үздік шықса, биыл Германияның Галле қаласында ұйым­дастырылған «ATP 500» турнирінде топ жарған еді.