Парламент • 28 Қазан, 2023

Мемлекетіміз үшін еш нәрсе адам өмірі мен денсаулығынан артық емес – Ерлан Қошанов

307 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов өзінің Facebook парақшасында Костенко шахтасында қаза болған кеншілердің жақындары мен туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекетіміз үшін еш нәрсе адам өмірі мен денсаулығынан артық емес – Ерлан Қошанов

Фото: ашық дереккөз

«Қарағанды облысынан келген қаралы хабар баршамыздың қабырғамызды қайыстырып отыр. Костенко шахтасында қаза болған кеншілердің жақындары мен туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып, үйлеріне оралуын тілеймін», деп жазды Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы Facebook парақшасында аталған мәселе Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін және Президент Үкіметке шұғыл тапсырма бергенін жазды. Кеншілердің отбасыларына барлық көмек көрсетіледі. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, жұмысын бастады. Шахтада болған төтенше жағдайға қатысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады, оқиға орнында Мәжіліс депутаттары да жүр.

«Мемлекет басшысы Үкіметке «Арселлор Миттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Бұл мәселе бұған дейін де талай рет көтерілген болатын. Компанияға тиесілі кен орындарында мұндай қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Әрине, бұл ең алдымен осы компанияның жауапкершілігінде екені сөзсіз. Сондықтан Президенттің аталған тапсырмасын депутаттар бірден-бір дұрыс шешім деп толық қолдап отыр. Мемлекетіміз үшін еш нәрсе адам өмірі мен денсаулығынан артық емес. Елдегі барлық инвесторлар мен өндіріс компаниялары осы ұстанымды басшылыққа алуға тиіс», деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.