Парламент • 02 Қараша, 2023

Депутат: Кедейшілікке қарсы іс-қимыл комиссиясы қашан құрылады?

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Amanat» фракциясының мүшесі Ерлан Саиров кедейшілікпен күрес мәселелеріне қатысты Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат: Кедейшілікке қарсы іс-қимыл комиссиясы қашан құрылады?

Фото: Facebook/Ерлан Саиров

«Бюджетте кедейшілікпен күрес мәселесі әлсіз қарастырылған. Қазір Қазақстанда 1 млн 16 мың адам ресми түрде кедей болып тіркелген. Жоқшылықтың өтіп кеткені соншалық адамдар нан, макарон, ет алу үшін несие алуға мәжбүр», деді депутат.

Депутаттың айтуынша, жағдайы нашар азаматтар үшін бөлінген 9 мың грантпен 1 млн 16 мың адамды қамтамасыз ету мүмкін емес.

«Төрелердің әсіре баюы һәм бұқара халықтың жаппай кедейлену тенденциясы жалғасып жатыр, бұл өте қауіпті. Сондықтан кедейшіліктен зардап шегіп отырған адамдарға бюджетте арзандатылған микронесиелер желісін ұйымдастырып, бизнес-дағды қалыптастырып, аталған санаттағы азаматтарды экономикалық айналымға қосу өте маңызды. Міне осы мәселе бюджетте қарастырылмаған», деді Ерлан Саиров.

Депутаттың сөзінше, халықтың өмір сапасын арттыру қажет. Сондықтан Үкімет жанынан кедейшілікке қарсы ұлттық іс-қимыл комиссиясын құрып, халықтың жаппай кедейшілік проблемасын шешуге бюджетті бұру қажет.

«Кедейшілікке қарсы іс-қимыл комиссиясы қашан құрылады? Бюджетте кедей азаматтардың мүддесін қашан толыққанды қорғаймыз, әлде істің насырға шапқанын тосып отырмыз ба?», деген сұрақ қойды мәжіліс депутаты.

Осы орайда «Amanat» фракциясының мүшесі, мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың сұрағына Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жауап берді.

«Толық келісемін. Шешімі бар. Үкіметтің жанынан халықтың табысын арттыру жөніндегі жобалық офис құрдық, оған ұлттық экономика министрлігі мен ауыл шаруашылығы министрлігінің, «Amanat» партиясының өкілдері және басқа мемлекеттік органдардың өкілдері енді», деді Т.Дүйсенова.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, жағдайы нашар азаматтарға арналған 2,5 пайыздық несие алу қарастырылған, одан бөлек, жастарға арналған дәл сондай 2,5 пайыздық несие алу жобасы бар.

«Несие жөнінде биыл өзіміздің ұсыныстарымызды бердік, бюджеттік комиссия қабылдады. 2 мың 258 ауылдың жағдайын қарап шықтық. Әрбір ауылдағы кедейшілік деңгейі, жұмыспен қамту және әрбір ауылдың қай бағытта мамандандырылғаны жөнінде қазіргі уақытта барлық мағлұматтар келіп түсті. Орталық офис соны нақтылап жатыр. Айдың соңында мәслихат депутаттары мен жергілікті органдардың және өздерініздің қатысуларынызбен біз әрбір облысқа байланысты нақты іс-шараны талқылайтын боламыз», деді вице-министр.