Таным • 03 Қараша, 2023

Халқына – бегі, бегіне халқы сенген ел ұзақ жасайды – Күлтегін

251 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Афоризм – бір үзік ой, оқыс пікір, оқшау сөз. Афоризм алғаш дүние құбылыстары жөнінде жинақталған білімдерін түйіндеп, пікір білдірудің бір түрі ретінде дүниеге келген. Қазақ афоризмдерінің асыл арнасы да сақ-скиф дәуіріндегі ойшылдар сөздерінен, көне түркі жазбаларынан бастау алады. «Қазақ афоризмдері» айдарында бүгін Анақарыс (Анахарсис), Тоқсары (Тоқсарид), Тоныкөк, Білге, Күлтегін ойларын ұсынып отырмыз.

Халқына – бегі, бегіне халқы сенген ел ұзақ жасайды – Күлтегін

Фото: Тоныкөк жазба ескерткіші. Базылхан Нәпіл, 2005 жыл.

(Б.з.д. V ғ. – б.з. VII ғ.)

Анақарыс (Анахарсис)

Көк аспанда күн күймесі қалай еркін қозғалса, сайын далада скиф керуендері де солай еркін көшіп-қонады.

Ашуланған адам алдымен өз басына жамандық тілеп алады.

Жолы болғыштардан күш асыру – қиынның қиыны.

Жалған сөз – желге ұшқан сөз.

Даланың заңдары тек достық пен бауырластыққа негізделген.

Ақыл атасы – ақиқат.

Дүниеде уақыттан жасы үлкен ешкім де, ештеңе де жоқ.

Бөліп-жарылуды білмейтін жалғыз тұтас нәрсе – ажал.

Әлемде күннің нұрынан асқан ғажайып еш нәрсе жоқ.

Бұл дүниедегі алыптың алыбы – дүниенің өзі.

 

Тоқсары (Тоқсарид)

Достық туралы көп сөзден достық пейілді бір іс артық.

Адамдарды қаны ғана емес, жақсы істері де туыстырады.

Ерлігі бар елге жағар.

Қиындықта қол ұшын бергеннен асқан берік достық жоқ.

Сөз сайыста жеңілген де – бір, тілі кесілген де – бір.

Дүниеде достық заңынан асқан заң жоқ.

Қанмен бекітілген достықты жаннан безген жаман бұзады.

Бақ болмайды басқа бақ, есің барда елің тап.

 

Тоныкөк

Жұқаны таптау оңай, жіңішкені үзу оңай.

Қағаны батыр, ақылгөйі кемеңгер елдің бағы жанады.

Жауыңды басындырма, халқыңды ашындарма!

Біріккен батыр жау алар.

Пәтуасыз ер елге сор.

Бүлдіруші бар жерде мұң да бар.

Ердің жеңілгені – елдің жеңілгені.

Жеңілістің өзінен де ұяты жаман.

Қаған парызы халқын тойдырып, мерейін өсіріп отыру.

Түнде ұйқы көрмедім, күндіз күлкі көрмедім; қызыл қаным төгілді, қара терім сөгілді; күшімді сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып – бәрі елім үшін.

 

Білге

Біз көктен жаралған көктің ұлы – түркі жұрты боламыз!

Түркіні бұзар – тәтті сөз.

Дарақылық үмітіңді үзіп, қанатыңда қияды.

Төзімі тозғандар ең шуақты күндерін шарапқа айырбастайды.

Түркі жұртының тоқмейілсуден асқан дұшпаны жоқ.

Зират көрсең, зиярат ет.

 

Күлтегін

Қаған ел құрар.

Қағаны кекшіл елдің халқы бүлікшіл келеді.

Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп.

Ағасын танымаған іні азар, атасын танымаған ұл азар.

Көктен Тәңірі баспаса, жер айырылып жатпаса, кір қорлар қалың түркі елін?!

Халқына – бегі, бегіне халқы сенген ел ұзақ жасайды.

Інің ағаңдай болмас, ағаң атаңдай болмас.

Түркінің қасиетті жер-суының қарғысына қалма!

Жауыңды жеңу – бір басқа, жауықпас ету – бір басқа.

Халқын жұтатпаған қаған бақытты.

Халқын асырау – қағанға парыз.

Қаған үшін еліне қарулы жау келтірмегеннен асқан мерей жоқ.

Түзу жолдан шыққанға темір қамыт тұр әзір.

Кетіскеннен кектескен жаман.

Шағыстырған да – бір, шабыстырған да – бір.

Жау да – бір, жыртқыш та – бір.

Елі сүйген ер бақытты.

 

(Ербол Шаймерденұлы құрастырған «Қазақ афоризмдері» кітабынан іріктеліп алынды).