Университет • 04 Қараша, 2023

Қазақстан-Франция: әл-Фараби университетіндегі уағдаластықтың жаңа беттері

249 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан-Франция жоғары оқу орындарының VIII халықаралық форумы екі ел арасындағы ғылым-білім саласындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталды. Франциядан келген делегация отандық іргелі жоғары оқу орындарында болып, екі елдің ЖОО өкілдері мен бизнес өкілдері өзара тиімді әріптестікті дамытудың жолдарын қарастырып, сапалы білім берудегі өзекті мәселелерді талқылады.

Қазақстан-Франция: әл-Фараби университетіндегі уағдаластықтың жаңа беттері

Француз делегациясы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылымды қажет ететін технологиялар мен инжиниринг кластеріндегі заманауи технологиялық жабдықтарды көріп, университеттің ғылыми-технологиялық парк, жағдаяттық басқару және «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталықтарының қызметімен танысты.

Форум аясында «Халықаралық ғылыми коллаборацияның даму болашағы» атты дөңгелек үстел өтті. Алқасөзге Францияның Алматыдағы Бас консулы Фабриса Неве, Мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесші Алекс Бортолан, Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан институтының және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында құрылған Геоэнергетика ғылыми орталығының директоры Агнес Буссе,  Францияның жоғары оқу орындары мен кәсіпорындарының өкілдері, қазақстандық ЖОО өкілдері қатысты. Форум аясында екі тарап тәжірибе алмасып, болашақтағы ынтымақтастық көкжиегін айқындады.

Алқасөз модераторы Басқарма төрағасы-әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев: «Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Франция Президенті Эмманюэль Макронмен кездесті. Екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады. Сондай-ақ білім-ғылым  саласындағы әріптестік пен халықаралық мәселелер қарастырылды. Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық-стратегиялық әріптестігімізді одан әрі дамыту біз үшін өте маңызды», - деп екі елдің білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың болашақта нәтижелі жалғасын табатындығына сенім білдірді.

Францияның Қазақстандағы Білім беру саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі атташе Ксавье Ле Торривеллек (EHESS-Париж), Сулейман Демирель университетінің асс. профессоры  Қайрат Молдашев  бірлескен ғылыми зерттеулер, жобалар, қос дипломдық білім берудегі өзекті мәселелерді қозғап, шешілу жолдарын ұсынды. Сан-Этин ұлттық университетінің департамент директоры Тьерри Дженизян ғылыми пікірталастан ақиқат туатындығын ұтымды жеткізді. Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының меңгерушісі Мадина Мансұрова, Биотехнология кафедрасының меңгерушісі Аида Қыстаубаева, Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Тұрсынкүл Базарбаева ұлттық университеттің Франция ЖОО-лармен оқу үдерісі, ғылыми бағыттардағы тиімді байланыстарын әңгімелеп, Франция университеттерінің базасында өткізген ғылыми тағылымдалардан алған әсерлерімен бөлісті.

Түстен кейін жалғасқан «Қазақстанда жұмыс істейтін Француз компанияларының инженерлер мен техниктерге сұраныстары» тақырыбындағы B2B кездесуге Франция бизнес-мектебінің (KEDGE, YSchools, IMT Atlantic, INP Grenoble, Phelma) және француз компанияларының өкілдері (BGDN, CCIFK), сондай-ақ ірі компания басшылары (қазақстандық «La Tartine», «Novotel» т.б.) қатысып, жұмыс берушілердің түлектерге қоятын талаптарды атап өтті, сапалы даярланған түлектерге зәру екендерін, кейде түлектерді өздері қайта даярлайтындығын жеткізді. Франция бизнесінің өкілдері Франциядағы мамандар даярлау ерекшелігіне, шетелдік компанияларда жұмыс істеуге қажетті құзіреттіліктерге, технологиялық компаниялардың қызметіне тоқталды, шара қатысушылары – жастарға ақыл-кеңестер берді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Францияның 21 жоғары оқу орнымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Былтырғы оқу жылында 48 студент пен 23 докторант академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Францияда білім алса, биыл бакалавр, магистратура, докторантура деңгейіндегі 30-ға жуық студент Франциян университеттерінде оқуларын жалғастырып жатыр.

Қазіргі таңда әл-Фараби университетінде Франция жоғары оқу орындарымен жасалған келісім-шарт аясында 11 студент оқиды. Университет ғалымдары франциялық әріптестермен бірлескен халықаралық жобалар орындап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыр. Қос дипломдық білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Франциядан шақырылған профессорлар университетте дәріс оқиды, докторанттарға ғылыми кеңесшілік жасап, бірлескен мақалалар жариялап келеді.

 

Назгүл ШЫҢҒЫСОВА,

ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ