Үкімет • 04 Қараша, 2023

Екі ел арасындағы визасыз режим қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереді — Әлихан Смайылов

243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шанхайға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесу өткізіп, онда екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Екі ел арасындағы визасыз режим қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереді — Әлихан Смайылов

Әлихан Смайылов Қазақстан Қытаймен достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік байланыстарын нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.

«Екі мемлекет басшылары арасындағы жеке достық байланыстар біздің өзара ықпалдасуымыздың барлық бағыттарына оң әсерін береді. Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен және Сізбен өткен келіссөздері “алтын 30 жылдықтың” кезекті дәуірінде Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын жаңа мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік берді», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы атап өткендей, Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Мәселен, өткен жылы екі ел арасында тауар айналымы 35%-ға артып, рекордтық $24,2 млрд-қа жетті. Биыл да қарқынды өсім жалғасуда: өткен айларда өзара сауда айналымы тағы 21%-ға өсті.

«Осындай қарқынмен біз жақын арада елдеріміздің көшбасшылары алға қойған екіжақты сауда көлемін $40 млрд-қа дейін жеткізу жөніндегі міндетті орындай аламыз деп санаймын. Біз қытайлық әріптестерімізбен бірге бұл көрсеткішке жету үшін жұмыс істеуге дайынбыз», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, өзара байланыстардың маңызды бағыты – инвестициялық ынтымақтастық. Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай ТОП–5 инвестор–елдерінің қатарына кіреді. Соңғы 18 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі $24 млрд-қа жетті. Сонымен қатар осы жылдың бірінші жартыжылдығында қытайлық инвестицияларының көлемі 30%-ға өсіп, $750 млн-ды құрады.

«Бүгінгі таңда еліміздің аумағында 4700-ге жуық Қазақстан-Қытай кәсіпорыны жұмыс істейді, олардың 730-ы өткен жылы ғана іске қосылды. Бұл көрсеткіштер біздің инвестициялық өзара байланыстарымыздың тұрақты әрі табысты екенін растайды. Қытай инвесторларын бірлескен жобаларға қатысуын кеңейтуге шақырамыз», деп атап өтті Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің пікірінше, қазіргі таңда енгізіліп жатқан визасыз режим екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды ынталандыруға, сауданы жеңілдетуге, өзара инвестицияларды ұлғайтуға және ҚР мен ҚХР арасындағы туризмді дамытуға айтарлықтай ықпал етеді.

«Визасыз режимнің 10 қарашадан бастап күшіне енуі біздің қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге көтереді. Бұл әсіресе, алдағы “Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы” аясында өте өзекті. Менің ойымша, бұл шара азаматтарымыздың саяхатын қолжетімді етіп, біздің байланыстарымызды одан әрі нығайта түседі», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр Қазақстан Үкіметі Қытаймен ынтымақтастықтың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін айтты.

«Осы орайда Сізді келесі жылы Қазақстанға ресми сапармен келіп қайтуға шақырамын. Бұл біздің елдеріміз арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайта түсетініне сенімдімін», деп атап өтті Үкімет басшысы.

Өз тарапынан ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Қытай мен Қазақстан арасында қарқынды өзгеріп жатқан халықаралық жағдайдың сынақтарынан сәтті өткен өнімді көпқырлы ынтымақтастық орнағанын атап өтті.

«Мемлекеттеріміздің басшылары қарым-қатынасымызды одан әрі дамытудың басым міндеттері мен бағыттарын белгіледі. Біз қазақстандық әріптестерімізбен осы жоғары деңгейдегі келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыру үшін күш-жігер жұмсауға дайынбыз. Мұндай ынтымақтастық біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді», деді Ли Цян.