Жәдігер • 06 Қараша, 2023

Алтын тапқан ауыл балалары

413 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ғылымға «Жалаулы көмбесі» деген атпен енген көне әшекейлер қазынасы көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Бүгінде Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейдің алтын залынан орын алған бағалы бұйымдарды 1988 жылы сабақтан келе жатқан ауыл балалары кездейсоқ тауып алған.

Алтын тапқан ауыл балалары

Кемел Ақышев бастаған сол кез­дегі Жетісу археологиялық экс­­пе­дициясы алтын табылған ау­мақ­­ты зерттей келе, жәдігерлер біз­дің заманымызға дейінгі VII-VIII ға­сыр­ларға тиесілі екенін анық­та­ды. Табылған мұраның тари­хына те­ре­ңі­рек тоқталмас бұрын, осыдан 35 жыл бұрын Алма­ты облысы, Кеген ауда­ны, Жалаулы ауылында бол­­ған таңғажайып оқиғаны шолып өте­йік.

Жер енді көгере бастаған көктем айын­да таудан түскен қар суы ауыл ше­тіндегі шағын арықты толтыра аға­ды. Әлгі суға қағаздан жасалған қа­йықтарын жарыстыру – ойын бала­ларына таптырмас ермек. Сол әде­тімен күндегідей сабақтан келе жат­қан Ермек Мұхаммеджанов, Тыныш­бек Мұқажанов, Айқын Әме­кұлы, Қанат Әжіғұлов есімді сы­ныптастар үшін сәуірдің 12-сі ерекше оқиғамен есте қалды. Қар суымен жуылып жер бетіне шы­ғып қалған жылтырақ заттарды жеткіншектер таласа-тармаса қал­та­ларына салып қамсыз кете берген. Ол туралы кейіпкерлердің өзі әңгі­ме­леп берсін.

вап

«Есімде қалғаны 12 сәуір ғарышкерлер күні болатын. Арық тұсынан жылтыраған дүниелерді көрдік те өзара бөлісіп үйлерімізге тарап кеттік. Шыны керек, алтын деп ойлаған жоқпыз. Бірақ ертоқым, жүген сәндегенге таптыр­май­тын-ақ дүние екен деп ойладым. Үйге келіп киімдерімді шешіп, қайтадан мал суаруға бара жатып үлкендерге көрсеттім. Үшкір майда бұйымдар қалтама батқасын, тау етегіне лақтырып жібердім. Сол аралықта біз алтын тапқан жерге ауыл адамдары үйіліп алыпты. Мектеп директоры, ауыл басшысы, милиция қызметкерлері де осында жүр. Бұл тегін емес-ау деп ішім қылп ете қалды. Қысқасы, ертесі күні бәрімізді клубқа жинап тапқан заттарымызды қайтаруды талап етті. Алматыдан алтын тексеретін апараты бар археологтер келе жатқанын, сондықтан жасырып қалғандар жазаға тартылатынын жеткізді. Мен ұсақтарынан бөлек үлкен 4 бұйымды алғанмын. Біреуін атама­ сыйладым. Жиналыс кезінде жоқ деп мойындамадым. Балалық қой. Әкем партия адамы болатын. Тапқанымды тапсыруды бұйырды. Үйден біреуін алып келіп едім: «Қалғаны қайда?» деді. Содан тағы біреуін алып келіп ем, әлі де сенбеді. Ақыры төртеуін де әкеліп өткіздім. Қасымдағы серіктерім де тапқандарын түгел әкеліп берді», дейді Ермек Мұхаммеджанов.

Сол кездегі 12-13 жасар ойын балалары бүгінде елуге аяқ бас­қан. Ал араларындағы Қанат Әжі­ғұ­лов өмірден озыпты. Араға 35 жыл салып музей мамандары ұйым­дастырған әсерлі кездесуге үш кейіпкер мен Қанаттың анасы қатыс­т­ы. Музей басшысы Рашида Хари­п­ова тарихымызды түгендеуге сеп болған азаматтарға алғысын біл­ді­ріп, мұражайға өмір бойы тегін кі­ру­ге мүмкіндік беретін сертификат табыс етті.

вр

Алтын тапқан азаматтар сол тарихи күнді ауыл адамдары бүгінде аңыз­дай айтатынын, өздері үшін де бұл оқиғаның естен кетпейтін әсерлі сәт екенін тебірене жеткізді. Оларға сол тұста, тапқан жәдігерлерінің 25 пайызы, яғни 17 мың сом тең­дей­ бөлінген. Кейіннен 4 бірдей «Ро­ман­тик» магнитофоны сыйға тарты­лыпты.

Заманында кездейсоқ олжаның Алматыға әкелініп, тарихи тұрғыдан зерттелуіне ұлт қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков тікелей мұрындық болған. Жалаулы ауылында Кемел Ақышев бастаған археологтер тобы көмбе орнын барлап, біршама қазба жұмыстарын жүргізді. Киімдердің, белдіктер мен ат əбзелдерінің əшекейлері жəне басқа да зергерлік алтын бұйымдардың жалпы саны алты жүзден асады. Олардың ішіндегі аса бағалысы – жарты ай тəрізді иіліп келген алтын пектораль. Оның жоғарғы жағы асыл тастар қондырылған арқар мүсіндерімен безендірілген. Құс қондырған қос марал бейнесі бар əшекей де əсемдігімен ғана емес, айтар ой, мағынасымен де тосын дүние. Алтын табылған қапшық қыр­қыншы жылдарға тән деп таныл­ған. Сондықтан ғалымдар, бұл әлде­кімнің қолына түсіп, өзен аңға­ры­на жасырынған қойма болуы әб­ден мүмкін деген пайымға келген. Сонымен бірге зерттеушілер мұн­дай жәдігерлер тек патша қор­ған­да­рынан табылатынын айтады.

– Жалаулыдан табылған тамақша (пектораль) ежелгі Урартудан табылған екен. Яғни ел басқаратын абыздардың жерлеу орындарында кездескен. Ал Бадам тәрізді белдік әшекейлері Иран аумағындағы Сақ қыз қорғанынан табылған. Иран жерінен табылған бұйымдар б.з.д VII-ғасырға жатқызылса, Жалаулы көмбесіндегі жәдігерлер К.Ақышевтің зерттеуімен б.з.д VII-VIII ғасырмен мерзімделеді. Сол себепті де тарихи орын әлі де толыққанды зерттелуі керек, – дейді Мемлекеттік орталық музейдің архео­­логия бөлімінің жетекшісі Набира Төрежанова.

Қазақ даласынан табылған қаншама тарихи жәдігердің ғылыми айналымға енуіне қарапайым азаматтар себеп болған. Жалаулы көмбесінің табылуы да бүтін бір фильмге сұранып-ақ тұрған қызықты оқиға. Нәзік оюлармен бедерленген алтын бұйымдар қазақ топырағы өркениеттер өзегі тоғысқан ғажайып мекен екенін тағы бір дәлелдейді. Жалаулыдан табылған алтын бұйымдарды алматылықтар мен қала қонақтары Мемлекеттік орталық музейдің алтын залынан тамашалай алады.

 

АЛМАТЫ