Алматы • 07 Қараша, 2023

Көшеге шекарашы есімі берілді

133 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан 11 жыл бұрын 25 желтоқсанда ҰҚК Шекара қызметінің «Астана – Шымкент» бағытына ұшқан әскери ұшағы апатқа ұшырап, 27 әскери қызметшінің қаза табуы қалың бұқараның қабырғасын қайыстырды. Сол күні Астана қаласында Шекара қызметінің жылды қорытындылаған Әскери кеңесі өтіп, жауынгерлік-даярлық қызметінің үздіктері марапатталған болатын. Осы рәсімнен соң Шекара саласының басшысы, полковник Т.Стамбеков бастаған топ әскери ұшақпен Шымкентке бет түзеген-ді. Өкінішке қарай, әскери бөлім командирлері мен әскери қызметшілер діттеген жерге жете алмады...

Көшеге шекарашы есімі берілді

Суретті түсірген – Тамара Дәулетбаева

Алматы облысына қарасты Талғар ауда­нының Панфилов ауылында қапы­да қаза тапқан шекарашылардың есі­мін ұрпақ жадында жаңғыртуға ар­нал­ған тағылымды іс-шара өтті. Ше­ка­ра қызметінің директоры бол­ған­ Тұрғанбек Стамбековтің есімі көшеге беріліп, аллея ашылды. Алаң­қай­дың кіре берісіндегі 27 әскери қызметшінің есімі қашап жазыл­ған мемориалды тақ­та олардың ел жүрегіндегі екін­ші өмірі басталғанын айшықтап тұр.

Тағзым іс-шарасының шымыл­ды­ғын ашқан генерал-майор Тоқтасын Бұзыбаев жұлдызы енді жар­қырап келе жатқан шағында ағып түскен Т.Стамбеков тура­лы әсерлі естелік айтып, іс-шараның өтуіне мұрындық болған жақын­да­рына алғыс білдірді.

– Сардар шекарашылардың білім ұстаханасында басшылық қызмет атқарды. Тәжік-ауған шекарасын кірпік қақпай күзеткен батальонның ко­ман­дирі болды. Еліміздің шы­ғыс­тағы, оңтүстіктегі өңірлік бас­қармаларын басқарып, мем­ле­кеттік шекара бұзушылар мен контрабандашылармен ымырасыз күрескенін онымен бірге қоян-қолтық қызмет атқарған аға буын шекарашылар жақсы біледі. 2012 жылдың маусымында Президент Жар­лығымен Шекара қызметі ди­рек­торының міндетін уақытша ат­қа­­рушы болып тағайындалған Т.Стамбеков өзінің күш-жігерін «Қазақстан Республикасының Мем­ле­­­кеттік шекарасы туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуге бағыттады. 2013 жылдың 15 қаңтарында заң күшіне енді. Қазіргі заманның талаптарын ескере отырып, ведомство басшысы шекара қызметінің түбегейлі реформасын жүзеге асыруды көздеді. Бұл, ең алдымен, мерзімді сарбаздарды келісімшарттың әскери қызметшілері контин­ген­тімен алмастыруға, жаңа үлгідегі әскери қалашықтар салу секіл­ді ауқымды шараларға қатысты бол­ды, – деп атап өтті Т.Бұзыбаев.

Тұрғанбек Мұхаметқалиұлы 1961 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Алматыдағы жоғары шекара командалық училищесін 1983 жылы бітіріп, алғашқы кәсіптік еңбек жолын қазіргі Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасының алыстағы шекара бөлімшелерінің бірінде бастады. Осы кезеңнен табанды, талапты офицер ретінде танылып, қолынан қаруын тастамай, еліміздің шекарасын кірпік қақпай күзетті. Полковник шенін мерзімінен бұрын алған шекарашы офицер ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, 25 үкі­меттік наградамен марапатталды, «Құр­метті шекарашы» атанды. Пре­зи­­дент Жарлығымен, полковник Т.Стам­бе­ковке (қаза болғаннан кейін)
 І дәрежелі «Айбын» ордені берілді.

Іс-шарада Тұрғанбек Мұха­мет­­қали­ұлының бауыры Гүлнар Стам­бе­ко­ва, ҰҚК Шекара қыз­меті Алматы об­лы­сы бойын­ша де­партаментінің бас­тығы, пол­ковник Әлібек Каюпов бас­­та­ған әріптестері айбынды аза­мат­ты­ еске алды.

– Мен Тұрғанбек Мұхамет­қа­лиұлымен екі мыңыншы жылдары Үшарал шекара жасағында қоян-қолтық қызмет атқардым. Шекара қызметіндегі осы бір өте іскер әскери басшы шын мәнінде шекара үшін туған нағыз патриоттың өзі еді. Бұдан кейін тағдыр бізді Шонжы шекара жасағында кездестіріп, ол әскери бөлімнің командирі, мен оның бірінші орынбасары-штаб бастығы болдым. Менің жадымда офицер өзінің жинақы, ширақ жүріс-тұрысымен, мәдениетті, тәрбиелі сөздерімен, нағыз қолбасшыға ғана тән ерекше қасиеттерімен қалды. Ол істің адамы еді. Бойын­дағы адалдық, өз жұмысына шек­сіз берілгендік, жас кадрларға қам­қор­лы­ғы – офицерді басқалардан даралап тұратын, – деді Ә.Каюпов.

Әуе апатынан қаза тапқан әскери қыз­мет­шілердің туған-туыстары, шекарашы ардагерлер мен әскери қызметшілер, қала­дағы «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының мүше­ле­рі қатысқан рәсім полковник Стам­беков атындағы аллеяға 27 шырша отырғызу шарасымен түйінделді.

 

Алматы