Қоғам • 07 Қараша, 2023

Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын іздеп барып Сәкен Сейфулиннің бейнесін таптық – зерттеуші

380 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда Ресей мұрағатында зерттеу жобасы бойынша еңбектеніп, Сәкен Сейфуллиннің бейнесі жазылған таспаны тауып елге әкелген Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Ермұхамет Маралбек әлі де алар олжамыз аз емес дейді. Тек індете іздеп, тереңдей зерттеуге қаржылай қолдау көрсетуді күшейту қажет. Ресейдің мемлекеттік архивінде тағы қандай құнды қазына «көмулі» жатқанын зерттеуші маманнан сұрадық. 

Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын іздеп барып Сәкен Сейфулиннің бейнесін таптық – зерттеуші

Фото: Ашық дереккөз

– Ахмет Байтұрсынұлына қатысты зерттеу жүргізу кезіндегі кенелген олжа ғой бұл?

 Иә, «бір жоқ бір жоқты табады» дегендей, Институттың Ахметтану бөлімінің жоспарлы жұмыстарына сәйкес, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті қаржыландыратын «Ахмет Байтұрсынұлының жазу реформасы: теориясы мен тәжірибесі» (AP13068356) атты гранттық зерттеу жобасы бойынша Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын мұрағаттардан іздеу барысында табылды.

– Осы  гранттың аясында тағы қандай құнды тарихи деректер қолға ілікті?

 Оның бәрін айтып отырсақ, ұзаққа кетеміз. Осы ғылыми іссапар кезінде үлгергенімізше ХXI-XХ ғасырлар шегін қамтитын қазаққа қатысты сирек кітаптар мен белгісіз еңбектерге көбірек үңілдік. Оның ішінде тілге қатысты материал көп. Әсіресе, тіл білімінің әліппе, екітілді сөздік, терминология, орфография, ауыз әдебиеті мұралары сынды негізгі бөлігін құрайды. Бұлардың кейбірі елде де бар. Бастысы – өзіміздің гранттық зерттеуге қатысты мол материал жинадық.

– Қазан айының 19-27 аралығындағы сапарда уақыт тығыз болған секілді. Ресейдің мемлекеттік Кинофотоқұжаттар мұрағатында тағы қандай құнды жәдігерлеріміз бар?

 Гранттың қаржылық мүмкіндігі шектеулі ғой, әрине. Сондықтан уақыт аздау болды. Ол жерде Кеңес Одағы елдерінің арнайы каталогы бар. Кеңес одағының алғашқы жылдарынан бастап, одақ басшылары мен маңызды оқиғаларға қатысты өте көп киноқұжаттар сақталған, олармен салыстырғанда Қазақстанға қатыстысы киноқұжаттар аз әрине, дегенмен біз осы жазбалардың негізгі бөлігін толық қарадық. Алуға тиіс киноқұжаттар болды, бірақ оның бәрі ақылы. Сондықтан біз өте маңызды және грант тақырыбына қатыстыларына ғана тапсырыс бере алдық.

– 1925-1926 жылы Қазақстан коммунистік партиясында басшылық қызметтерді атқарған тұлғалардан тағы кімдердің бейнежазбасы сақталған?

 Өзге ұлт өкілдерін айтпағанда, қазақтардан Жалау Мыңбаев, Нығмет Нұрмақов, Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Елтай Ерназаров, Әліби Жангелдин т.б. Кеңестік Қазақстанның саяси есімдері бар. Бұдан бөлек Тұрар Рысқұловтың да бейнежазбасын табуға болады деп ойлаймын, бірақ оны іздеу оңай шаруа емес, көп еңбектену керек.  

– Былтыр сіздер Баку қаласының архивінен де орасан қазына тауып әкелдіңіздер. Соны да тарқатып айтып берсеңіз.

– Ол кезде де осы грант аясында барғанбыз. Оны да Бакудегі Кинофотоқұжаттар мұрағатынан таптық. Жалпы осы гранттың барлық іссапарлары Гранттық жоба өтініміне мақсатты түрде, мұқият жоспарланып енгізілген еді. Ғылым комитеті осы іссапарлар тым көп деп қайтармай, қаржыландырды. Эксперттер іссапарлардың мәнін түсінген болса керек. Соның нәтижесі міне болып жатыр. Бакуге барып Ахмет Байтұрсынұлының тірі дауысын, бейнесін мұрағаттардан іздеу бұрыннан, оншақты жылдан бері ойымда бар еді. Сол былтыр ғана жүзеге асты. Егер Бакуге барсам, ғалымның тірі дауысы мен бейнесін тауып келетініме сенімді едім, өкінішке қарай тірі дауысын таба алмадым, тек тірі бейнесі табылды. Қазір көзім жеткендей, дауысы табылуы қиын шығар. Бірақ бұдан басқа бейнежазбалары бар деп ойлаймын. Шындығында Мәскеу қаласындағы Кинофотоқұжаттар мұрағатына Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін, Бакудегі Бүкілодақтық 1-түркологиялық құрылтайдың тағы бір кинокадрларын іздеп бардым. Өйткені ол бірнеше жерден түсірілген. Бірақ ол Мәскеуден табылмады. Енді ол кадрлардың табылуы мүмкін бірнеше мұрағаттар бар, оны алдағы зерттеулер көрсетеді.

– Алаштану, Алаш үкіметін құрушы қайраткерлердің қатары санаулы болмағаны белгілі. Оларға қаржылай қолдау көрсеткен мырза мінез байлар, жомарт жандар, меценат болған тұлғалар туралы дерек аз. Архивтерде бұл тақырыпқа қатысты да құнды дүниелер бар ғой. 

 Менің Алаштану бойынша негізгі зерттеу бағытым – тіл білімі, өйткені мен лингвистпін. Сондықтан мұнымен осы сала мамандары тікелей айналысқан дұрыс деп санаймын. Әрине, Алашты қолдаған қайраткерлер көп, оны «Қазақ» газетін түпнұсқадан әр сөзін қадалып оқыған адам да табды. Сосын Орынбор мұрағатында ол туралы құжаттар болуға тиіс. Бірақ Орынбордағы қазаққа, түркі халықтарына қажет мұрағат құжаттарды қарау, қол жеткізу оңай емес. Оның бәрі цензурада әлі күнге дейін. Мен бұл туралы деректер аз деп ойламаймын, осы тақырыпты зерттеген ізденушілер, нені қалай, қай жүйемен қарауды жақсы білмейтін сияқты. Бұл үшін 1928 жылдан басталған кәмпескіге (компескі) дейінгі қазақ даласындағы байлардың, белгілі тұлғалардың тізімін жасау керек. Олардың тізімі өзіміздегі мұрағаттарда да тұр. Екінші кезекте солардың не істегенін, із-дерегін жеке-жеке қарау керек. Сонда бәрі айқын болады.

– Қазақ тарихының алтын қорына қосылатын қандай құнды жәдігерлеріңіз бар?

 Менің Алаштану, Ахметтану, ХХ ғасырдағы тіл білімі саласында ізденіп, зерттеулер жасап жүргеніме 10-15 жыл уақыт болды, бұл ақсақал ғалымдардың ізденісімен салыстырғанда, аз уақыт шығар, бірақ өз қатарыммен алғанда, біршама уақыт. Осы уақыт ішінде Алаш мұрасына қатысты көптеген деректер мен сирек кітаптарды, ескі текстологиялық қолжазбалар мен қазақ хандарының хаттарын жинадым, қолымда еліміздегі сирек қорлар мен Ташкент, Орынбор мұрағаттары, сирек қорлардың материалдары бар. Мұны әлі де толықтыру керек, әрине. Кейде бұл да кішігірім қорға айналып қалған сияқты көрінеді өзіме. Мұны мақтану үшін емес, жинаған материалдар негізінде болашақта ұсынатын зерттеулер нәтижелері көп болуға тиіс екенін аңғарту үшін айтып отырмын. Қолымда Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы, тағы басқа бірнеше Алаш қайраткерлеріне байланысты тың материалдар бар. Оны алдағы уақытта жариялаймын. Болашақта бұған дейін жинаған, әлі де жинай беретін Ахмет Байтұрсынұлының түпнұсқа еңбектері негізінде ғалымның толық академиялық жинағын құрастырғым келеді. Ғалым мұрасын зерттеу – өз алдына. Мұны перзенттік борышым деп білемін.

– Алдағы күнде қандай жоспар түзіп отырсыздар? Тағы қай елдің мұрағатында зерттеу жүргізу мүмкіндігі тумақ?

– Бұған дейін жинап келген материалдар негізінде өзекті бірнеше тақырыпта мақалалар жазуым керек. Ахметтану ғылымы бойынша зерттеулерді тереңдете береміз. Бұл бағытта әлі талай жақсы зерттеу нәтижелерін ғылыми жұртшылыққа ұсынамын. Алда, 2024 жылы Өзбекстанның Ташкент қаласына осы гранттық зерттеу аясында іссапар бар. Одан да жақсы нәтиже күтіңіздер.