Есірткі • 07 Қараша, 2023

Тонналаған есірткі тәркіленді

99 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл сайын ел көлемінде есірткі бизнесіне тосқауыл қойып, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіріп, баптаудың ­алдын алуға, оны таратумен айналысатын ұйымдасқан қылмыс­тық топтардың жолын кесуге арналған іс-шара өткізіледі. Қызылорда полицейлері биыл да 1 маусым мен 31 қазан аралығында өткен «Қарасора-2023» жедел алдын алу ­іс-шара­­сын қорытындылады.

Тонналаған есірткі тәркіленді

Осы кезеңде облыстық полиция департаментінің қызметкерлері 163 құқық бұзушылық дерегін анықтап, заңсыз айналымнан 2 тонна 284 кг-дан астам есірткі затын тәркілеген.

Далалық аймақтардан 22 ірі алқап табылып, үй, бау-бақша, саяжай аулаларынан қарасора еккен 40 дерек анықталған. Есірткі өсірумен айналысқан 61 адам ұсталып, оның 24-і қамаққа алынды.

Іс-шараны қорытындылаған полицейлердің есебінше, 10 тон­на­ға жуық сапасы жоғары марихуананың заңсыз айналымға түсуінің жолы кесілген. Маусым айынан бастап тыным көрмеген полицейлер адам аяғы жете бермейтін құм қойнауларын
42 мәрте әуеден шолып шықты.

Қызылорда қаласына кіре­беріс жолдарда құрылған жылжымалы мобильді бекеттерде автокөліктерді қызметтік іздестіру иттерінің көмегімен тексеру барысында есірткі тасымалдаудың 27 дерегі анықталды. Оның ішінде Қызылордаға Орал, Ақтөбе, Атырау қалаларынан аса ірі мөлшерде есірткі жеткізбекші болғандарға тосқауыл қойылды.

 

Қызылорда