Білім • 10 Қараша, 2023

Балабақшаға қабылдаудың жаңа тәсілі

196 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қоғамда балаларды балабақша кезегіне қоюға қатысты шағымдар жиі айтылады. Бұл туралы кезінде газетімізде жарияланған «Кері кеткен кезек» атты мақалада ашып жазғанбыз. Балабақшаға қабылдау кезінде қағаз құжаттар жинау да жұмысбасты ата-ана үшін оңай шаруа емес-ті. Бірақ енді бәрі басқаша болмақ. Өйткені мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама берудің, кезекке қою мен есепке алудың бірыңғай базасы құрылады.

Балабақшаға қабылдаудың жаңа тәсілі

Бұл туралы Оқу-ағарту министр­лі­гі­нің аппарат жиналысында айтылды. Аталған орган басшысының орынбасары Айбат Ілиясов бірыңғай базаның жобасы тиімді қаржыландыруды көз­дей­тінін жеткізді.

«Бүгінге дейін балаларды кезекке қойып, балабақшаға беру кезінде: мә­лі­­мет­тер базасының шашыраң­қы­лы­­ғына байланысты балаларды кезекке қоюда қайталаулардың болуы; жалпы кезек құрылады және жолдама алу үшін ата-аналардың бала­бақ­ша­дан орын «ұстап алуға» (ата-аналар таңғы 6-дан тұрып компьютер алдында бір түймені басып қалу үшін жанталасады – ред.) мәжбүрлігі немесе делдалдарға жүгінуі; балабақшаға қа­был­дау кезінде қағаз құжаттарын жи­­нау секілді бірқатар кемшіліктер болды. Осыған орай сараптамалық қо­ғам­дастықтың ұсыныстары мен ата-ана­лардың пікірлерін ескере отырып, қызмет көрсетудің жаңа моделі анық­талды. Жобаның негізгі мақсаты – тиімді қаржыландыру және балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қам­ту­ды қамтамасыз ету. Жаңа үлгі әрбір отбасына жеке қажеттіліктері мен қа­рау­ларына қарай төрт балабақшаға дейін таңдауға мүмкіндік береді. Бұл қызмет көрсету үдерісін ашық етеді және алдын ала SMS хабарлау арқылы балабақшалардағы орынды «ұстап алуға» мәжбүрлемейді, – деді вице-министр А.Ілиясов.

Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, отбасында екіден көп бала болса, ата-аналар балаларын бір балабақшаға бере алады. Мемлекеттік дерекқорлардан ин­тег­рация арқылы жеңілдік мәртебесін растау үшін қағаз анықтамаларды жинау және тіркеу алынып тасталады. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін өтініш берудің бірнеше тәсілі қарастырылған, яғни ата-ана электронды үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қо­сымшалары, жергілікті атқарушы ор­гандардың плат­формаларының біре­уін таңдап, «бір терезеден» ғана баласын балабақшаға орналастыра алады.

«Мемлекеттік қызмет екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қызмет алушы кезекке қоюға өтініш берген кезде же­ңілдік мәртебесі автоматты түрде рас­­талады және балабақшаны таңда­ған­нан кейін қызмет алушыға кезек нөмірі беріледі. Өмірлік жағдайы өзгерсе, қызмет алушыға балабақшаны ауыс­тыру, кезек нөмірін қарау немесе қажет болса, кезектен шығару мүмкіндігі беріледі. Екінші кезеңде таңдалған бала­бақшада орын босаған кезде қыз­мет алушыға SMS хабарлама түседі және келісім беру арқылы баланың балабақшаға қабылдауын растайды. Баланың денсаулығы туралы қажетті құжаттар Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің деректер базасынан авто­матты түрде алынады. Баланы бала­бақ­шаға қабылдау үшін балабақша мен қызметті алушы арасындағы шартқа қол қою онлайн режімде жасалады. Ата-аналарға балабақша, кезек пен бос орындар туралы ақпаратты зерделеу, сондай-ақ балабақша таңдау мүмкіндігін беру мақсатында карта әзірленді. Осы карта электронды үкіметтің порталында болады. Ата-ана сол картаға сүйеніп, тұрғылықты жеріне, жұмысына жақын немесе басқа да жеке қалауы бойынша балабақшаны таңдай алады», деді министрдің орынбасары.

Жауапты министрліктің хабарлауынша, Бірыңғай есепке алу базасы толықтай әзірленген. Мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларының жобасы да дайындалыпты. Қанатқақты жоба Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласында және солтүстіктегі Петропавл қаласында іске қосылды. Қанатқақты жобаның уақыты аяқталғаннан кейін, яғни 2024 жылдың қаңтарынан бастап жаңа жүйе республика бойынша жұмыс істейді.