Оқиға • 10 Қараша, 2023

Абай облысында 14 адамның өліміне себеп болған өрттің мән-жайы айтылды

147 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бас прокуратурамен Абай облысындағы ірі орман өртіне қатысты қылмыстық іс аяқталып, 27 қазанда іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Egemen.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Абай облысында 14 адамның өліміне себеп болған өрттің мән-жайы айтылды

фото: Абай облысының әкімдігі

Өрт салдарынан 60 мың гектар орман қоры жойылған. «Семей-Орманы» резерваты Новошульбинск филиалының 14 қызметкері қаза болған.

Тергеп-тексеру нәтижесіне қарағанда қылқанжапырақты ағаштың діңіне найзағай түсіп (құрғақ найзағай), жер жамылғысының тұтануына себеп болған.

Бұл нұсқа сарапшы, маман қорытындыларымен, фото/видео түсірілімдерімен, куәлардың айғақтары және қылмыстық істің басқа да құжаттарымен расталады.

Өрт кезінде «Семей-Орманы» резерваты және Новошульбинск филиалының басшылығы өздеріне заңмен жүктелген өрт сөндіру өкілеттіктерін орындамаған, жағдайды теріс бағалаған және өрт сөндіру кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қамтамасыз етпеген, нәтижесінде 14 адамның өліміне әкеліп соққан.

«Семей-Орманы» резерваты және Новошульбинск филиалы басшылығының іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 292 бабының 3 бөлігімен сараланып (өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген), «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министрліктерінің лауазымды тұлғаларының әрекетсіздік дерегімен тіркелген сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

Мамандардың қорытындылары алынғаннан соң барлық лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Қазақстан Республикасы қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілуге жатпайды.