
Керекулік ақын Еламан Қабдыләшімнің «Өмірқос» атты жыр жинағы 2018 жылы «Қасым.kz» сериясымен жарық көрген. Кітапта жас таланттың тырнақалды туындылары топтастырылып, «Есениннен төрт өлең» деген атаумен орыстың әйгілі ақынының өлеңдері аударылып берілген еді. Онда «Заметался пожар голубой…», «Край любимый! Сердцу снятся…» және тағы басқа жырлары бар.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың креативті шығармашылық орталығының жетекшісі Марал Тәженованың айтуынша, жергілікті Чехов театрының актерлері әйгілі ақынның қазақ тіліндегі туындыларын арнайы сұрастырып келген. Себебі жергілікті кітап дүкендерінен ештеңе таппапты. Ал кітапхана қорында Еламанның «Өмірқос» кітабы біраз жылдан бері сақталып тұр. Осылайша, кітап Мәскеудегі Есенин мәдени орталығына жол тартқан. Оны жуықта Павлодарда «Любовь и голуби» спектаклін қойған мәскеулік режиссер Игорь Меркулов апарып тапсырған.
Есенин орталығының директоры, Ресейдің халық әртісі Сергей Никоненко павлодарлықтарға алғысын білдіріп, арнайы бейнежазба жариялады. «Есенин поэмасының қазақ тіліндегі тамаша аудармасын ұсынғандарыңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Орталықта ақын өлеңдерінің еуропалық, өзбек, вьетнам тілдерінде аудармалары сақтаулы. Ал қазақ тіліндегісі жоқ еді. Бұл олқылықтың да орны толды», деді орталық басшысы. Айтып өтейік, С.Никоненко – Есениннің рөлін кинода алғаш ойнаған актер.
ПАВЛОДАР