Тағайындау • 15 Қараша, 2023

Ақтоты Райымқұлова жаңа қызметке тағайындалды

442 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтоты Райымқұлова Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтоты Райымқұлова жаңа қызметке тағайындалды

«Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде Мемлекет басшыларының шешімімен профессор Ақтоты Райымқұлова Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті қызметіне тағайындалды. Штаб-пәтері Бакуде орналасқан халықаралық ұйым бауырлас елдердің мәдени мұрасын түгендеу, зерделеу, сақтау, ортақ мирасты насихаттау сияқты іргелі істермен айналысады. Бұған дейін қорды Гүнай Әфендиева басқарып келді. Тамыры терең түркі мәдениетіне қызмет ететін халықаралық ұйымның тізгінін ұстаған Ақтоты Рахметоллақызына сәттілік тілейміз», деп жазды Д.Қыдырәлі.

Ақтоты Рахметоллақызы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының композиция және фортепиано мамандықтары бойынша түлегі. Көптеген музыкалық туындылардың авторы, олардың ішінде «Ел бақыты», «Apple of Peace», «Көкжал» кантатысы, «Толғау», «Дала сыры» және «Жәмиля», симфониялық поэмаларының, «Аспан көші» екі актілі балеті, «Алатау» пьесасы, «Соңғы сезім», «Тұзды шөл», «Абай», «Еңлік-Кебек», «Абылайхан», «Естайдың Қорланы», «Гамлет», «Қорқыттың көрі», «Сыған серенадасы» секілді спектакльдерге музыкалық туындылардың, фильмдер мен сериалдарға саундтректердің авторы.

Түрлі жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының концертмейстері және оқытушысы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогигалық институтының оқытушысы болып қызмет етті. Мәдениет министрлігінің Мәдениет және өнер істері комитетінің төрайымы болды.

2014 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры қызметін атқарды. 2016 жылы Мәдениет және спорт вице-министрі лауазымында болды. 2019 жылы 17 маусымда Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды.

2022 жылдың сәуір айында «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының басшысы қызметіне тағайындалған еді.