Көрме • 16 Қараша, 2023

Көңіл баураған кескіндер

148 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейде корей фотосуретшісі Ён Сун Судың «Менің жаным мен табиғат арасындағы қашықтық» атты жеке көрмесі ашылды. Бейнелеу өнерінің фотографиялық нұсқасын жасай отырып, әлемнің ең таңдаулы туындыларын көрермен жүрегіне жеткізе алған шебер АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Грекия, Жапония, Қытай, Польша, Израиль, Иордания, Канада, Таиланд, Индонезия, Гонконг, Макао, Ресей, Германия, Аустрия, Мажарстан, Чехия, Вьетнам сияқты елдердің ең керемет жерлерінде болып, фотосуреттер жинағын 5 мыңнан аса таңғажайып суретпен толықтырған.

Көңіл баураған кескіндер

Әр сәттің әдемі көрінісін мәңгілік тарихқа таспалаған  ол қала пейзаждарын түсіргенді жаны сүйетінін айтады. Таңдаулы туындылары Еуропа мен Азиядағы  үздік көрмелерге қойылған Ён Сун алматылық көрерменге өзінің жан дүниесінің тазалығы мен та­биғатпен етене жақындығын көрсететін ең таңдаулы 20 фотосуретін ұсынды. Сонымен бірге «Уақыттан тыс. Эмо­циялар мен екпіндер» атты топтық көр­меде  ерекше орындар мен нысандарды бейнелейтін 3 туындысы қойылған.

Ол өзінің фотосуреттері арқылы әлемнің ең ерекше елдеріне саяхаттауға бағыт-бағдар сілтейді. Себебі оның бұл өнерді жанына серік етуінің өзіндік тарихы бар. Ол Корея Республикасында  қатерлі ісікке ең жақсы көмек көрсететін ауруханалардың бірінде дәрігер болып жұмыс істепті. Кейіннен емдеу орталығының жетекшісі бола жүріп, науқастарды толыққанды емдеуде өнердің құдіреті аурудың күш-қуатын толықтыруға көмектеседі деген оймен суретке түсіре бастаған.

«Мен пациенттерге жайлылық пен психологиялық тұрақтылық сыйлау үшін шын жүректен жұмыс істеуге тырыстым. Жасанды заттардан қашып, табиғаттың ерекше бейнелерін суретке түсіріп, оның кереметтері мен құндылықтарын көрсетуді көздедім.  Гиппократтың: «Өмір қысқа, өнер ұзақ» деген сөзі өмірлік ұстанымыма айналды. Болашақта адамзатқа сапалы туындылар қалдырып, әлем жастары үшін көркем галереялар құруды армандаймын. Сонымен қатар халықаралық университет құруды және мұқтаж адамдарға көмек­тесетін көшбасшыларды тәрбие­леуді мақсат тұтам», дейді Ён Сун  Су.

Ён Сун Судың бейнелеу өнері фотосуреті бүкіл әлемде мойындалды.  Оның суреттері «Заманауи атақты шеберлер» және «Италиядағы бейнелеу өнерінің кейіпкерлері» кітаптарының 5 томында көрсетілген.

 

АЛМАТЫ