Құқық • 17 Қараша, 2023

Қатыгездікпен қалай күресеміз?

133 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі – кейінгі күндері қоғамда қызу талқы­ланып жатқан тақырыптың бірі. Бұл дертпен дер кезінде күреспесе, келеңсіз оқиғалар тізбегі күн санап көбейе беретінін алға ұстаған сарапшылар бұл бағытта нақты механизмдер қажет деп есептейді. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның қолдауымен, Қазақстандағы халық саласындағы БҰҰ Қоры (ЮНФПА) ұйымдастырған екі күндік семинарда осы мәселелер кеңінен сараланды.

Қатыгездікпен қалай күресеміз?

Алматыға арнайы келген халық­ара­лық сарапшылар мен отандық мамандар «Гендерлік зорлық-зомбылыққа тиім­ді ведомствоаралық жауап беруді қалай қамтамасыз етуге болады?», «Тұр­мыс­тық зорлық-зомбылыққа қарсы әре­кет ету жүйесі аясында зорлық-зомбы­лық жасаушылармен жұмыс істеу­дің халықаралық стандарттары мен бағдарламалары қандай?», «Зорлық-зомбылық жасаушылармен жұмыс істеу бағдарламаларының озық тәжірибесі нені көрсетеді?» деген сауалдарға нақты жауап іздеді.

ЮНФПА-ның Қазақстан бойынша өкілі әрі Қырғызстан мен Түрікмен­стандағы Елдік директоры Ронни Линдстром әсіресе, кейінгі жылдардың бедерінде бұл мәселе тек Орталық Азияда ғана емес, көптеген елде шие­ленісіп тұрғанын жеткізді. Оның сөзін­ше, отбасында ойран салған әкелерді қан­дай да бір әлеуметтік санатқа жік­теуге болмайды. Мұндай қадамға бара­тын­дардың ішінде, ауқатты адамдар да, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар да, тіпті жоғары лауазымды шенеуніктер мен аса танымал тұлғалар да бар.

«Біз мәселенің өзімен емес, оның себеп-салдарымен күресуіміз керек. Әйелдерге қатысты кемсітушіліктердің барлық нысандарын жою маңызды. Әр елдің бұл саладағы озық мамандары ортақ мәселені бірлесе шешудің оңтай­лы жолдарын ұсынып, түрлі іс-шара­лар өткізу, үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргізу, әлімжеттікке алып баратын әрбір факторға тосқауыл қою сынды негізгі міндеттерді атқарып келеді. Бұл бағытта ЮНФПА БҰҰ-ның гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөнін­дегі жетекші агенттігі ретінде атал­ған теңсіздікпен күрес жолында маңызды міндеттерін жалғастыруда», дейді ол.

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның мүшесі, құқық қорғаушы Айман Омарова семинар қатысушыларына Мәде­ниет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау лебізін жеткізді. Ұлттық комис­сия төрағасы кезек­ті семинар ма­ман­дарға адам құқық­тарын қорғау қағи­даттарын және зорлық-зомбылық жасаушылармен жұмыс стандарттарын қолдану саласындағы білімдерін кеңейтуге мүмкіндік беретінін айтады. Сондай-ақ зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін қауіпсіз, тиімді және қажеттіліктеріне бағдарланған, отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамдармен жұмыс істеу кезінде кешенді негіз құруға басты назар аударылады.

– Гендерлік зорлық-зомбылықтың кең таралуы туралы деректерді ескерсек, бүгінгі іс-шараның өзектілігі өте жо­ғары. Мұндай қиындықты өткерген адам­дарды қорғау шаралары өте маңыз­ды екені сөзсіз, бірақ зорлық-зомбы­лықтың бұл түрімен күресу бойынша кешенді жұмыс зорлық-зомбылық жасаушыларға да қатысты болуы керек. Зорлық-зомбылық жасаушылар­мен жұмыс істеу бағдарламалары олар­дың агрессивті мінез-құлқын тоқта­ту ар­қылы зорлықтан аман қалған адам­дар­дың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арт­ты­руға бағытталған стратегия мен алдын алу шараларының ажырамас бөлігі болып саналады, – дейді Айман Омарова.

Сарапшылар, қазіргі толассыз ақпараттар ағыны мәселенің ушығуына түрткі болып отырғанын да атап өтті. Себебі, түрлі арналар мен желідегі парақшаларда зорлық-зомбылыққа қатысты адам айтса нанғысыз оқиғалар өріп жүр. Бұл адам психологиясына әсер етпей қоймайды. «Жаға ұстатар жаңалықтар, қалыпты жайға айналып кетсе, басқалардың да сана-сезімін тұмшалап, еліруіне әсер етеді», дейді мамандар.

– Елімізде әрбір үшінші әйел тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа тап болады. Бұл – үлкен мәселе. Мұнымен мем­лекеттік деңгейде, халықаралық ауқым­да күресуіміз қажет. Биылғы шілдеден бастап заң қатайтылып, өзгерістер енді. Бұрын бұл іс тек арыз бойынша қаралатын болса, қазір оның ауқымы кеңейіп отыр. Кез келген азамат зорлық-зомбылық жайлы тиісті орындарға хабарлай алады. Дегенмен тек заңды қатайту арқылы мәселе шешілмейді. Біз әрбір үшінші әкені ұстап түрмеге жаба берсек, бұл мәселеден құтыламыз ба? Әлбетте, жоқ. Ең алдымен отбасылық құндылықтар деген дүниені алға ұстап, тәлім-тәрбиені жолға қоюымыз қажет. Бұл ең алдымен адам құқының бұзылуы. Бәрі өскен ортадан, отбасында алған тәрбиеден бастау алады. Әрбір ата-ана баласына адамның баға жетпес құндылық екенін, жақындарды қадірлеу, құрметтеу қажеттігін құлағына құйып өсіруге тиіс. Қоғамда төзушілік болмауы керек әрі әлеуметтік жауапкершілікті күшейту маңызды. Тағы бір мәселе, бізде зорлық-зомбылыққа қатысты статистика жүйелі жолға қойылмаған. Әр министрліктің сайтында әртүрлі, яғни, бірізділік жоқ. Осы жайға назар аударып, ортақ деректер қорын қалыптастыру да артықтық етпейді, – дейді БҰҰ Халық қоныстану қорының кеңесшісі Сағадат Сәбитова.

Семинар нәтижесінде қатысушылар зорлық-зомбылық жасаушылармен озық тәжірибе алмасу үшін өңірлік платформа құрмақ. Іс-шара барысында тақырыпқа қатысты өңірлердегі өзекті мәселелерді шешудің іс-қимылдары айқындалды.

 

АЛМАТЫ