Сұхбат • 17 Қараша, 2023

Аманжол Қалыш: Бүгінгідей өсу қарқыны сақталса игі

214 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Алаш жұрты бөркін аспанға атып қуанған күн болды. Қазақ елі тұрғындарының саны 20 миллионнан асты. Біз осы тарихи сәтке орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, этнограф ғалым Аманжол Қалышқа бірнеше сұрағымызды қойған едік.

Аманжол Қалыш: Бүгінгідей өсу қарқыны сақталса игі

– Аманжол Боранбайұлы, міне көптен күткен күн де ке­ліп жетті. Біреулер қуанса, енді бірі «Біз жиыр­ма емес, елу мил­лионның айна­ла­сын­­да жүре­тін жұрт едік» деп әтте­­ге­­найын да жасырмай жатыр. Де­мо­г­раф ретінде қазіргі еліміз­дегі халық са­нының өсу қарқы­нына қандай баға берер едіңіз?

– Расында қазақ халқы кеңес заманында қайғы мен қиын­дықты көп көргенін жақсы білесіздер. 1898 жылғы санақта біз 5 миллион едік. Сол кезде таза өзбектер 700 мыңдай ғана болды. Қалғандары сарт, ұйғыр, тәжіктер еді. Кейін олар Ресейде жүргізілген саясатты ұстанып, өз еліндегі басқа халықтардың бәрін сіңіріп алды. Қазір біз 20 миллионға енді жетіп жатсақ, Өзбекстанның халқы 35 миллионнан асып кетті. Егер қазақты қолдан қырған нәубеттер болмағанда ХІХ ғасырдың аяғында 5 миллион болып отырған халқымыздың саны қазір кемінде он есе өсіп, 50 миллионнан асар едік.

ва

Қазақтың демограф ғалымы Мақаш Тәтімов кітабында жазған­дай, біз жоңғар шапқыншылығы кезінде 3 миллион болыппыз. Сол қырғында 1 млн қазақ қаза тауыпты. Ресей империясына бағынышты болғаннан кейін әр жерде ұлт-азаттық күрестер көбейді. Әрбір қақтығыс қанша ер азаматымыздың өмірін қиып кетіп жатты. Ал ХХ ғасырдың бірінші жартысы ұлтымызға ерекше қырын келді. Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жыл­­ғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1918-1920 жылдардағы аштық, 20-жыл­­дардың соңындағы кәм­пес­келеу, 1930-1933 жылдары қол­дан жасалған аштық, Екінші дүние­жүзілік соғыс халқымызды барынша титықтатып тастады.

Академик Манаш Қозыбаев бастаған, құрамында тарих ғы­лымдарының докторы Жұл­дызбек Әбілқожин, тарих ғылымдарының кандидаты Хайдар Алда­жұманов, т.б. болған комиссия 30-жыл­дардағы аштықта 1,5 миллион қазақ аштан өлсе, 1 миллионнан астамы алыс-жақын шетелге қашқанын жазған болатын. Дәл осындай аштық Украина жерінде де болды. Қазақтың қолындағы бар малын, украиндердің астығын күштеп тартып алды. Өйткені Ресейде индустрияландыру саясаты басталып, зауыт-фабрикаларды салып жатқан жұмысшыларға тамақ керек еді. Салдарынан Украинада 5 миллион адам аштан өлді. Олар сол зұлматты геноцид ретінде халықаралық деңгейде мойындатып жатыр. Ал біз әлі күнге өзгелердің қас-қабағына қарап үнсіз отырмыз.

пр

Манаш Қозыбаев айтқандай, аштық кезінде тек малмен кү­нелт­кен батыс және орталық Қазақстан жеріндегі 100 қазақ­тың 70-і аштан қырылыпты. Ойлап қараңыз, соғыс емес, бейбіт заманда осындай қырғын болған. Сол­түстік және Шығыс Қазақстанда жартылай көшпелі халықтың жартысы аш­тан өлді не шетке босып кетті. Ал оңтүстік, Жетісу аймақтарында 100 адамның 30-ы қырылған. Тірі қалған­дарының бәрі жан-жаққа қашты. Қазіргі Өзбекстанның өзінде кемінде 3 миллионнан 5 миллионға дейін қазақ кейін өзбек болып жазылып кеткен.

Міне, осы айтылған оқиғалар­дың салдарынан біз өспей қалған халықпыз. Әйтпесе бүгін 20 мил­лион емес, кемі 50 не 70 мил­лионның айналасында болар едік. Қараңыз, 1914 жылы Түркияда 4-7 миллион адам болған екен. Қазір олар 80 миллионнан асты. Ал біз өткен ғасырдың 70-жылдары ғана төңкеріске дейінгі санымызға әрең жеттік.

– Дегенмен тарих доңғала­ғын кері айналдыра алмаймыз. Өткен өтті, енді мұндай жағдайлар қайталанбасын деп тілейміз...

– Иә, ештен  – кеш жақсы дегендей, қазір өз алдымызға тәуелсіз ел болып, халқымыздың саны өсіп келе жатқанына қуануымыз керек. 20 миллионның ішінде қазақ ұлтының өкілдері 14 миллион болып қалды. Бұған алыс-жақын шетелден келіп жатқан қандастарымыз да көп үлесін қосты. Есімде, кеңес заманында шетке кеткен қазақтарды «сат­қын» деп айтатын. Шын мә­­нінде олар туған жерден өз еріктерімен кеткен жоқ, аштық­тан, қуғын-сүргіннен өздерін, ұрпағын аман сақтап қалу үшін амал жоқтықтан көшуге мәжбүр болды. Бірақ шетте жүрсе де туған елінің бір күні азат боларына, ұрпақтары атажұртқа қайта ораларына сеніп жүрді. Міне, сол күн де жетіп, 90-жылдардан бері 1,5 миллионға жуық қандасымыз арамызға келіп қосылды. 2009 жылғы санақта елдегі қазақтардың саны 10 млн болса, 2021 жылғы санақтың қорытындысында 13,5 млн деп көрсетіліпті. Бүгінгідей өсу қар­қыны сақталса игі. Сонда менің болжамымша, келесі санақта қазақтың үлесі шамамен 80-85 пайызды құрауы әбден мүмкін.

– Елімізде халық саны не­­гізінен оңтүстік және батыс өңірлерде өсіп келеді, ал сол­түс­тік пен шығыста азайып жа­тыр. Болашақта мұның зардабы болуы мүмкін бе?

– Әрине, елдің бір жағында халық саны көбейіп, екінші жағы босап қалуы – геосаяси жағынан үлкен мәселе әрі қауіпті. Қазір негізінен қазақтар және басқа да түркі халықтары қоныстанған оңтүстік, батыс, Жетісу өңірлерінде халық саны­ның өсу қарқыны жоғары. Ма­ман­дардың айтуынша, Алматы облы­­сының 83-84 пайызы – ауыл халқы. Түркістан облысын­да ауыл­дықтар 75 пайызды құрай­ды. Ал ауылдық жерде бала туу көрсеткіші жоғары болаты­ны белгілі. Сонымен бірге Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан мен Ираннан келіп жатқан қан­даста­рымыз да негізінен оңтүс­тік және батыс облыстарға қо­ныс­танып жатыр. Мұның бәрі аталған өңірлерде халық саны­ның тез өсуіне ықпалын тигізіп келеді.

ми

Ал солтүстік және шығыс ай­мақтарға ХХ ғасырда ішкі Ре­сейден, Украина мен Беларусь­тен өзге ұлт өкілдері көптеп кө­шіріліп, қазақтың саны азайғаны белгілі. Әсіресе тың және тыңай­ған жерлерді игеру үшін миллиондаған адам әкелінді. Дегенмен 80-жылдардың соңы­нан олар өз атамекеніне қайта бастады. Оның үстіне орыс және басқа да славян халықтарында бала туу көрсет­кіші төмен. Со­ның салдарынан солтүстік аймақтарымызда халық саны кеміп бара жатқаны аян.

Бұған жол бермеу үшін оң­түстіктегі халықты солтүстікке тарту – біздің стра­те­гия­лық мақса­тымыз. Бүгінде мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама қабылданып, оңтүстіктен адам­дар кө­шіп жатыр. Алай­да әлі де бұл үрдіс баяу. Шетел­ден көшіп келіп жатқан қандас­тарымызды да солтүстік өңір­лерге қоныстандырудың өз қиыншылығы бар. Өйткені олар орыс тілін білмейді. Сондықтан әу бастан басқаша саясат ұста­нып, солтүстік пен шығыстан қандастарға арнап бөлек аудандар ашып беру керек еді. Олар бәрі бір жерде тұрса, тілдік тұрғыда қиыншылық көрмес еді.

Өткен жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын жабылып қалған облыстарды қайта ашып, шекаралық аудандарды дамыту туралы шешім қабылдады. Бұл саяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды. Өйткені шекарадан халық үдере көшпеу үшін ол жақта халыққа жағдай жасалуға тиіс. Бұл мемлекет қауіпсіздігі үшін қажет.

– Еліміздегі қазақ ұлты­ның үлесі 70 пайыздың үсті­не шығып отыр. Бұл – жақ­сы көрсеткіш. Дегенмен мемле­кеттік тілді меңгеру жағы әлі де кемшін. Бұған қатысты ойыңызды білсек?

– Дұрыс айтасыз, кеңес заманында қазақ тілін шектеу, оны барынша тұншықтыру саясаты жоғарыда айтып өткен ұлтты жою ісімен қатар жүрді. Орыс тілін мақсатты түрде жаюды интернационализм идеясы деп бүркемеледі. Қазір «Ағылшын, қытай тілін меңгерсең, адам боласың» десе, бұрын «Орыс тілін білсең, адам боласың» дейтін. Тілімізбен бірге, тарихымыз бен мәдениетімізге, салт-дәстүріміз қыспаққа түсті. 50 қа­зақтың ішінде 1-2 басқа ұлт өкілі отырса, орысша сөйлеуге мәжбүр етті.

Қазір қаракөздеріміздің бір бө­лігі орысша шүлдірлеп жүргені – олардың кінәсі емес, сол 70-жылдық саясаттың кесірі. Жалпы, кеңес одағы түркі халықтарынан қатты қорқып, олардың өздерін құртып, тарихын барынша өшіруге тырысқаны белгілі. Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыс бітуге таяғанда 1944 жылы Кавказдағы Қабарда-Балқар республикасынан қабардаларға (олар түркі халқы емес) тиген жоқ, балқарларды депортациялады. Қарашай-Черкес республикасынан черкестерге (бұлар да түркі емес) тиген жоқ, қарашайларды қуғынға ұшыратты. Сонымен қатар Чешенстандағы алан­дарға тиіспей, түркілер сияқты өр рухты чешендер мен ингуштарды Орта Азияға айдады. Міне, кеңес үкіметі саны азғантай түркі халықтарын осылай қуғындаса, қазақ секілді үлкен ха­лықты аштықпен қырып, қуғын-сүргінге ұшыратып, тілімізді жоюға барынша күш салды. Соның зардабын әлі күнге тартып отырмыз. Тіліміз өз тұғырына қайта толық қонуы үшін әлі кемінде 1-2 ұрпақ ауысуы керек.

Ол үшін не істейміз? Әрине, ең бірінші мемлекет тарапынан ана тіліміз­дің дамуы үшін барлық жағдай жасал­ғаны абзал. Дегенмен де әр қазақ ең алдымен өзінен бастамаса, тіліміздің көсегесі көгермейді. Мәселен, мен Ре­сей­дің Ор қаласында орта мектепті орысша бітірдім. Кейін Алматыға келіп қазақша үйрендік. Қазір отбасымда бәрі тек қазақ тілінде сөйлейді.

Кезінде Ясир Арафаттан журналис­тер «Палестина проблемасын қалай шешуге болады?» деп сұрағанда: «Оны біздің әйелдеріміз шешеді» деп жауап берген болатын. Яғни ол араб әйелдерінің көп бала туатынын меңзеген еді. Сол секілді қазақ тілінің проблемасын шешуде де қазақтың ұлтжанды әйелдерінің орны үлкен. Олар көп бала табуы керек және балаларымен үйде қазақша сөйлесуге тиіс. Ана тілі деп бекер айтылмайды, өйткені бала анасының тілінде сөйлейді. Көшеде қайыр сұрап жүрген сығандарға қарасаң, бәрі өз тілін­де сөйлеп жүр. Оның қасында тәуел­сіз елде, өз жерімізде отырып, ана тілі­мізде сөйлемеу – бізге үлкен сын. Әр қазақ қызының құлағына алтын сырға! Тілімізді тұғырына қондырамыз десек, алдымен өзімізден, отбасымыздан бастайық. Балаларымызбен қазақша сөйлесейік. Егер біз осылай жасамасақ, басқаларға қазақ тілі керек те емес.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»