Шаруашылық • 17 Қараша, 2023

Табыс көзі – шағын бизнес

154 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жалпы, Сыр бойындағы ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу ісінің басында осы өңірдің брендіне айналған күріш тұратыны анық. Әрине, кейінгі жылдары ет-сүт, басқа да тамақ өнімдерін өңдеудің талпынысы байқалады. Жергілікті кәсіпкерлер жаңа жобалар жасап, осы салада тың бастаманы қолға алып жатыр.

Табыс көзі – шағын бизнес

Облыстағы 7 ауданның алтауы күріш егеді. Ал дарияның етегіндегі Арал ауданындағы тіршілік тіні – балық пен тұз өндірісі. Бастауын өткен ғасырлардан алатын осы кәсіптерден ел әлі де ырзығын айырып келеді. Ба­лық өндірісі кіші Арал толғалы бері қайта қарқын алса, тұз – аудан орта­лығына жақын Жақсықылыштағы жұрт­шылықтың негізгі тіршілік көзі. Былтыр осы Жақсықылыш кентінде тұратын Нұржан Жалғасбаев тауық өсіруді қолға алғанда, тосырқай қарағандар көп болып еді. 25 миллион теңгеден басталған жоба қазір шағын құс фермасына айналып, айына 7 тонна тауық етін өндіріп отыр. Аралдағы дүкендер мен мейрамханалар, дәмханалар осы ферманың өнімін саудалайды. 

Кәсіпкер жұмыртқаны арнайы тапсырыспен Чехия, Германия, Испания елдерінен алдырып отыр. Осында инку­баторға салынып, одан шыққан балапан 37 күнде союға жарайды екен.  Жалпы, бір мезетте 2500-3000 бас балапан шығады.

Кәсіпкер бұл балапандардың өте сезімтал келетінін айтады. Жұмыртқаны жарып шыққан сәттен баладай баптап, арнайы дәрумендерін салу керек. Қалыпты температура мен ішіп-жемін де өз мөлшерінде берілуін қадағаламасаң, еңбек еш кетуі мүмкін. Сондықтан жұ­мыс­шылармен бірге балапандарды күтіп-баптауға отбасымен кірісіп кететін кезі көп.

Жетілген құс айына бір рет сойылады, сол мезетте қосымша 10 адам уақыт­ша жұмысқа алынады. 

«Қазір алып-сатудың заманы өтті. Өндіріске бет бұрмағанның өрісі тарылатын уақыт келді. Азық-тү­лік­тен бастап тұтынушыға керекті өнім­нің бәрі өзімізден шыққаны дұрыс. «Кі­сідегінің кілті аспанда» екені ке­шегі пандемия кезінде байқалған жоқ па?  Жұмыртқадан балапан, балапан­нан тауық өсіру оңай емес, бірақ осы арқы­лы қазір ауданды құс етімен қам­тып отырмыз. Елге пайдамыз тисе деймін», дейді Нұржан.

Ол алда Аралдан шыққан тауық еті еліміздің өзге өңірлеріне де жеткі­зіле­тіндей жағдай жасағысы келеді. Өндіріс аясы шағын болғанымен де, кәсіпкердің келешекке жасаған жоспары ауқымды. Оған да жетер, бастысы үлкен мақсатқа алғашқы қадам жасалды.

 

Қызылорда