Өнер • 17 Қараша, 2023

Голливуд Қазақстанда фильм түсіреді

137 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Голливудтық компания Қазақстанда фильм түсіреді, деп хабарлайды Egemen.kz 24kz-ке сілтеме жасап.

Голливуд Қазақстанда фильм түсіреді

Әйгілі америкалық студия Грузиямен және біздің елмен одақ құрады. Телешоу және кино түсіру бойынша ынтымақтастық қос елдің ұлттық мәдениетін дәріптеп, аймақ экономикасын дамытуға септігін тигізеді деген сенім мол. Алғашқы фильмді Қазақстанда түсіру жоспарланып отыр.

Америкалық WonderHill Studios компаниясы Қазақстан және Грузия елдерімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Салтанатты шара Цинандали қаласында өтті.

«COVID-19 кесірінен студиямыз фильм түсіруді тоқтатып, телебағдарлама өндірісіне ден қойды. Бәрі америкалық көрермен арасында кеңінен танылды. Қазір қайтадан кино түсірілімін қолға алып жатырмыз. Осы ретте Грузиямен серіктестік орнатуды жөн көрдік. Қазақстан да біздің жобаларға қатысуға дайын. Меніңше, мұндай ынтымақтастық аймаққа жаңа мүмкіндіктер ашады», деді Марвин Пирт, WonderHill Studios компаниясының бас директоры.

Алғашқы бірлескен көркем фильм Қазақстан мен АҚШ-та түсіріледі. Туындының желісі ерлер арасындағы бәйгеде бас жүлдені қанжығасына байлаған тұңғыш қазақ қызы жайлы өрбиді. 

«Мен Қазақстанның біраз өңіріне саяхаттап, түрлі адамдармен таныстым. Олардан қазақ халқының салт-дәстүрі туралы көп нәрсе білдім. Фильм түсіруге болатындай оқиғалар мен әңгімелер естідім. Сол кезде бәйге дәстүрі мен адамдардың өмірлік құндылығы туралы толыққанды фильм түсіруге болады деген ой келді. Меніңше, АҚШ-та бәйгеге түсіп жүрген қазақ қызы жайлы шығарма америкалықтардың көңілінен шығады деп ойлаймын», деді сценарист Том Тичолз.

Фильмнің сценарийі дайын. Қазір әртістер іріктеліп жатыр. Басты рөлді АҚШ-тағы қандасымыз Аянат Кісенбай сомдайды. Актер қалың көрерменге «Көшпенділер», «Ләйләнің зары» фильмдері арқылы таныс.

Фильмнің бюджеті – 45 миллион доллар. Туынды келесі жылы түсіріледі. Соның арқасында 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.