Музей • 20 Қараша, 2023

Музейдегі ерекше кеш

158 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде мегаполистің үздік студенттері бас қосты. «Музейдегі сол бір кеш» деп аталған рухани-танымдық іс-шарада жалынды жастар халқымыздың тарихи құндылықтарымен танысып, өнерлерін ортаға салды.

Музейдегі ерекше кеш

Жастардың шығармашылық қабіле­тін ұштауға бағыттал­ған жоба еркін форматта өтуі­мен ерекшеленді. Сту­дент­­тер «Дом­быра пати» бағдар­лама­­сын­­да Абай Құнанбайұлы, Ма­хам­бет Өтемісұлы, Бір­жан сал домбыраларының көшір­ме­лерін­де ойнау мүмкіндігіне ие болса, «Ойшылдар алаңы» ғылыми-танымдық ойынында тапқырлықтарын ортаға салды. Кештің көркін қыздыру үшін жоғары оқу орындары сту­денттерінен құралған КВН командалары «Музей кубогін» сарапқа салып, қоғамдағы келең­сіздіктерді астарлы әзілмен сын­ға алған қыз-жігіттер жинал­ғандарды тәнті етті. Ал жобаның бас серіктесі – Темірбек Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясының та­лантты студенттерінің шығармашылық кон­церті кеш мазмұнын байыта түсті.

Тағылымды шара әрі қарай бірнеше жылы жүздесуге ұласты. Қазақ өнерінің майталмандары Болат Әбділманов, Есен­гелді Тұяқов, танымал былғары қолғап шебері Қанат Ислам студенттерге өз өмір белестері туралы жар­қын естеліктермен бөлісіп, шеберлік сабақтарын өткізді.

вап

– Студенттік шақ – адам өмі­рінің ең бір шуақты кезеңі. Оның үстіне Алматы – шығармашыл жастардың қайнаған ортасы. Талантты студенттерді бір алаң­да тоғыстыру, сол арқылы олардың шығар­машылық әлеуетін арттырып, шабыттандыру көптен ойға алған ісіміз болатын. Жобаның ұлт тарихы мен мәдениетінің ең мәйекті мұралары сақталған музейде өтуінің де символикалық мәні зор. Жас­тарды халқының рухани мұрасын танып білуге, музей қызметкерінің кәсібіне деген қызығушылықтарын оятуға сеп болғымыз келді. Рухани танымы берік ұрпақ – тарихымыз бен мәдениетіміздің ер­теңгі жанашыры. Сол себепті де қазақ өнеріне, спортына, мәдениеті­не қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан аға-апаларын арнайы шақырып, студенттерге мотивация беруді көздедік, – дейді Мемлекеттік орталық музей директоры Рашида Харипова.

Музейдің барлық залын еркін аралаған қонақ­тар әсем айшық­тармен бедерленген фото­аймақ­та суретке түсті. Іс-шараның ар­найы хештегін желіге жүктеп көп пікір мен қаралым жинаған жастарға мұражайдың «Ашық қор» және «Антропология» залдарына тегін билет ұсынылды. Таным орда­­сына алғаш аяқ бас­қан Әл-Фараби атын­­дағы Қазақ ұлттық университетінің сту­­денті Алина Ғалымжанқызы музейдегі қыл­­қалам шеберлерінің клас­сикалық туын­ды­ларын өз көзі­мен көргеніне дән риза. Ол бұ­дан былай музейге айына бір мәр­те келіп тұруды әдетке айнал­дырғысы келетінін айтады.

 

АЛМАТЫ