Президент • 22 Қараша, 2023

Президент Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады

103 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Мемлекет басшысына Қазақстандағы криминогендік жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады

Министрдің айтуынша, елімізде жасалатын қылмыстар санының төмендеу динамикасы сақталып отыр. Кісі өлтіру 20 пайызға, ұрлық 28 пайызға, қарақшылық 32 пайызға азайған. 

Сондай-ақ тонау, бұзақылық, мал ұрлығы, денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері, сондай-ақ басқа да қылмыс түрлері төмендегенін баяндады.

Құқықбұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, заңға қайшы әрекеттер мен қылмыс жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығын іске асыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары туралы мәлімет берді. 

«Бүгінде 8 миллион 500 мың заңға қайшы әрекет анықталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 миллионға көп. Жасалған құқықбұзушылықтар үшін 90 миллиард теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, 71 миллиард теңге өндіріп алынды», деді министр.

Ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіру, соның ішінде ІІО қызметкерлерін аттестациядан өткізіп, ведомствоны лайықсыз мамандардан тазарту шаралары туралы баяндалды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Мемлекет басшысы қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелгенін айтты.