Өнер • 27 Қараша, 2023

14 жастағы оқушы Қазақстан тарихын комикс арқылы танытып жүр

297 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

14 жастағы өскемендік оқушы Асыл Сұңғатқызы Қазақстан тарихын танытуға комикс арқылы күш салып жүр. Ол комикс-иллюстрациялар ұлттық болмысымыз бен төл тарихымызды насихаттаудың заманауи жолы деп біледі, деп жазады Egemen.kz.

14 жастағы оқушы Қазақстан тарихын комикс арқылы танытып жүр

Асыл Сұңғатқызы «Телефон – тәрбие құралына» айналған тұста, көлемі көп, дерегі дастандарға жүк болатын ұлттық құндылықтарымыз бен мәдениетімізді бүгінгі буынға төте түсіндірудің тиімді үлгісін салуға ден қойған. Тоғызыншы сынып оқушысы бұған дейін 2 комикс альбомды көпшілік назарына ұсынып үлгерді.  

«Интернет дамыған заманда көпшілік ұзын-сонар мәтінді оқығысы келмейді. Біздің елде кең таныла қоймаса да комикс арқылы қысқа уақытта ақпаратты тез жеткізуге болады», дейді Асыл Сұңғатқызы.

рр

Асыл Өскемен қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы. Ол сурет салуға бала күнінен әуес болған. Ата-анасы Асылдың бұл қабілетін аңғарып, талантын шыңдауға әрдайым қол ұшын созып жүр.

Сөзі аз, суреті көп бұл жанрда шеберлігін шыңдап көруді Асылға ұстазы, «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі Мерей Қайнарұлы ұсыныпты. Ол Асылға алғашында комикс, карикатура негізін үйретіп, бағыт берген. Еңбекқор қыз, ұстазы нұсқаған жолдан таймай тарихты суретпен сөйлетіп, тұлғалардың сан-қырын танытып жүр.

Асылдың тұңғыш комикс-альбомы Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдық мерейтойына арналыпты. «Алаш көсемі» атты комиксінде қайраткердің тұлғалық сан қырын сурет арқылы шебер ашқан. Ал, екінші туындысы былтыр жарық көрген «Ер Төстік» ертегісі.

шш

Асыл Сұңғатқызының кезекті альбомы ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған. Ол бұл туындысын 7 ай бойы дайындаған.

«Менің комикс туындыларым жас талғамайды. Үлкен де, кіші де комиксті көріп отырып, мол мағлұмат алып қана қоймай, уақытын үнемдейді. Мәселен, менің сыныптас достарым альбомдарымның таныстырылымынан қалмай келеді, шығармашылығым оларға әркез қызық. Менің мақсатым комикстерім арқылы тарихқа жалпы жұртты қызықтыру, кітап оқуға бастама болу», дейді ол.

Сондай-ақ оқушы «стикер пак» жасап жүр. Жапсырма қағаздарға Алаш қайраткерлері айтқан асыл сөздер мен автордың портретін басып шығарып, замандастарына таратады. Аталы сөзді аудиторияға қарай икемдеген Асыл цифрлық дәуірде тарихты оқытуда жаңа шешімінің болуы маңызды екенін жеткізді.

Асылдың бұл туындыларына қызығып, серіктестік ұсынушылар қатары қалың. Суретші қыз кезекті рет Qazaq camel фирмасына арнап комикс құрастырып, қаржылай табыс тапқан. Ол, сонымен бірге, комикс-альбомдар мен «стикер пактарды да» сатып алушылар көп екенін айтты. 

Ал, Асылдың ұстазы Мерей Қайнарұлы комикс - жастардың оқуға ынтасын арттыратын тиімді құрал дейді.

«Комикс – болашағы зор жанр. Алайда жанрдың жеткілікті бағаланбай отырғаны алаңдатады. Мәселен, әдетте «Абай жолы» романын оқуға 2 ай кетсе, комикс арқылы 1 аптада оқып тәмамдауға болады. Бізге шет елдің комикстерін аударуды доғарып, төл комикстерімізді шығарудың кезі жетті», деді Мерей Қайнарұлы.

аа

Мерей Қайнарұлы әлі күнге Асылдың шығармашылығын шыңдаудан қол үзбеген. Ол енді Асылға Бердібек Соқпақпаевтың, Марат Қабанбаевтың балаларға арналған әңгімелерін комикске айналдыруды ұсынған.

Асылдың алдағы арманы − ғаламтор кеңістігінде балаларға арналған қазақ тілді контентті көбейту.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024