Бірінші курстан кейін ұстазымыз Мадияр Елеуовтің басшылығымен бір жарым ай бойы Жамбыл облысы Шу ауданының Баласағұн ауылы (бұрынғы Калинин ұжымшары) жанындағы Ақтөбе қалашығында археологиялық қазба жұмысына экспедиция мүшесі ретінде қатыстым. Одан соң бір ай бойы туған ауылымда болдым да, қол бос кезде ауылдың солтүстік жағындағы құмдардың жылжуынан кейін пайда болған тақырланған жерлерді аралап, әртүрлі тастан жасалған садақ, найза ұштарын тауып, оларды университетке алып келдім. Бірден тарих факультетінің деканы Уахит Шәлекеновке көрсеттім. Ол кісі тастың бәрін қарап шығып, «Бұлармен Жәкен Таймағамбетов деген ағайың айналысады, ол тарих институтында істейді, соған алып бар», деді. Содан 2-3 рет тарих институтындағы Ж.Таймағамбетовті кабинетіне барып, таба алмай кеттім. Бірақ тас дәуірінің 50-60-тай ескерткішін студенттік жылдары, одан кейін отбасын құрып, пәтерден-пәтерге, жатақханадан-жатақханаға көшіп жүрген жылдары бірге алып жүрдім. Уақыт солай өтіп жатты. Әлгі ескерткіштер тек Жәкен Таймағамбетов университетке толығымен ауысқан кезде ғана экспонат ретінде қалың көпшіліктің көзайымына айналды.
1999 жылы Ж.Таймағамбетов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетіне профессор қызметіне тұрақты орналасты. Біз етене араласып кеттік. Бірер жылдан кейін ол ТМД елдері арасында алғаш рет елімізде, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Палеолит музейін ашты. Музей жасақталып жатқанда Жәкеңе, 15-16 жыл сақтап келген тас дәуірі кезеңдерінің ескерткіштері туралы айттым. Бірден әкелуімді өтінді. Осылайша, Арал теңізінің солтүстік-батыс жағалауындағы Ақеспе елді мекенінің жанынан табылған тас дәуірінің жәдігерлері университеттің Палеолит музейінен орын алғаны маған өте зор қуаныш болды.
1953 жылы желтоқсанда Қостанай облысының Қарабалық ауданында дүниеге келген Жәкен Қожахметұлы орта мектепті жақсы бітірсе де, жоғары білімге бірден қолы жете қоймады. Өзі оқыған мектепте бастауыш сынып мұғалімі, көрші аудандағы орта мектепте еңбек пен денешынықтыру пәнінің мұғалімі, КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің тыңдаушысы, көрші аудандағы астық кеңшары құрылыс бөлімінің жұмысшысы, «Алматыкультбытстрой» тресіне қарасты СМУ-18 мекемесінде жұмысшы болып істеді. Ақыры Жәкеңнің табандылығы алға шығып, барлық қиындық артта қалды да, 1974 жылы арман есігі айқара ашылып, С.Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы университеттің тарих факультетінің студенті атанды.
1974-1979 жылдары аралығында университетте бірінші курстан бастап «Археолог» атты студенттік ғылыми үйірменің белсенді мүшесі, келесі курстан бастап оның төрағасы болып көзге түсе бастады. Болашақ профессор студенттік жылдары Душанбе, Ашхабад, Самарқанд, Ташкент, Мәскеу қалаларында өткен бүкілодақтық ғылыми конференцияларда баяндамалар жасайды. Жәкеңнің ғалым ретіндегі тұлғалық болмысы сол кезден бастап-ақ қалыптаса бастайды. Қарап отырсақ, ғылым докторы, профессор болғанның бәрі студент кезінен ғылымға үйірсектеніп, оның бір мәселесімен қызығып айналысады. Жәкен Қожахметұлы да студент кезінен археология ғылымына, оның ішінде тас дәуірі археологиясының «ауруына» ұшырайды.
Халқымызда «отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмас» деген мақал бар. Бұл сөз жастарды, жігерлендіру үшін саналы түрде бір мақсат пен бір бағдарға бағыттауға қатысты айтылған деп ойлаймын. ХХ ғасырдың 50-80 жылдары кеңестік кезеңде жоғары білім мен ғылым саласында жұмыс істейтіндерге, оның ішінде қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар саласы бойынша еңбек ететіндерге докторлық қорғап, профессор атағына ие болу тек 50-ден асып 60-70-ке таяғанда ғана жүзеге асатын іс деп есептелетін. Ғылым академиясының жүйесіндегі ғылыми-зерттеу институттарында жұмыс істейтін, аса талантты, ерекше қабілетті мамандар ғана 40 жасқа жетпей докторлық диссертацияларын қорғайтын. Ондай тұлғалар, әрине, саусақпен санарлықтай ғана. Олардың бұл ғылыми жеңістерін нағыз ерлікке балап жатады. Атақты тарихшы Ермұхан Бекмаханов 33 жасында докторлық диссертациясын қорғап, 34-інде профессор атанған. Академиктер Манаш Қозыбаев пен Кеңес Нұрпейісов 38 жасында докторлығын қорғаған.
Соғыстан кейінгі кезеңде дүниеге келгендер арасында тарих ғылымының шыңына 40 жасқа дейін көтеріліп, алдыңғы буын ағаларының ғылымдағы дәстүрін жалғастырған ғалымдар: профессор Ә.Төлеубаев – 39 жасында, профессор, академик Х.Әбжанов – 39 жасында, профессор Ж.Әбілхожин – 40 жасында докторлық диссертацияларын қорғады. Ж.Таймағамбетов те 40 жасқа толмай, Ресейдің Новосібір қаласындағы Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімі Тарих және этнография институтының диссертациялық кеңесінде жарияланған ғылыми жұмыстарының негізінде «Қазақстан палеолиті. Негізгі мәселелері» атты тақырыпта ғылыми баяндама жасап, тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін иеленді. Осылайша, Жәкен Қожахметұлы университетке кеш түскеніне қарамастан, өзінің табандылығы мен еңбекқорлығы, ізденімпаздығы мен өзі қалаған мамандыққа деген сүйіспеншілігі арқасында қатарының алдына шығып, тарих ғылымының биік шыңына көтерілді. Ол – Қазақстан мен Ресейдің ғылым докторы ғылыми дәрежесін иеленген еліміздегі санаулы тарихшы ғалымдардың бірі.
Белгілі бір тұлға туралы сөз еткенде, оның жүрген жолы мен сіңірген еңбегі соның аты-жөнімен қатар тұрады да, оның бәрі ұқсас ұғымдарға айналып кетеді. Археолог Жәкен Таймағамбетов десек, есімізге бірден Қазақстанның палеолит дәуірі, тас ескерткіштері, Новосібір қаласындағы КСРО ҒА СБ тарих, философия және филология институты және бірлескен Халықаралық археологиялық экспедициялар еске түседі. Осы ұғымдардың әрқайсысын археолог Жәкен Қожахметұлының өмірімен байланыстыра отыра, жеке мақалалар жазуға болады.
Жәкен Қожахметұлы студент кезінде-ақ археологиялық экспедицияларға қатысып, мамандыққа деген құштарлығын қалыптастырса, аспирантурада саналы түрде Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі тас дәуірінің ерте кезеңі – палеолиттік ескерткіштер, үңгірлер мен ежелгі адамдардың тұрақтары, олардың әртүрлі тастан жасалған еңбек құралдарын зерттейді. Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін иеленгеннен кейін оның зерттеу объектісінің аумағы кеңейіп, бүкіл Қазақстан аумағын қамтиды. Оның ғылыми есептеріне көз жүгіртсек, 1984-1992 жылдары аралығында еліміздің Жезқазған, Қарағанды, Маңғыстау, Атырау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Алматы, Семей, Шығыс Қазақстан, Талдықорған, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары аумақтарында дербес археологиялық барлаулар мен қазбалар жүргізіп, тас дәуірінің әртүрлі кезеңіне жататын көптеген ескерткішті тауып, зерттеді. Зерттеулер барысында ғалым еліміздің әртүрлі өңірінен – Қызылтау, Саяқ, Шоқтас, Қошқорған, Мұғаджар, Ембі, Өзен, Майбұлақ, Үшбұлақ, Тәттібұлақ атты палеолиттік тұрақтарды алғаш ашып, олар туралы материалдарды ғылыми айналымдарға енгізді.
1992 жылдан бастап Қазақстан аумағындағы бес археологиялық отряд пен экспедицияларға жетекшілік жасай отыра, шетелдің он шақты елінің археолог мамандарымен бірлескен 3 ірі халықаралық археологиялық экспедицияға бірлескен жетекші болды. Осы жылдардан бастап Ж.Таймағамбетов өзінің қалайша еуразиялық ғалымға айналды. ТМД елдерінен басқа ол Еуропа, Азия, Африка, Америка құрлықтарындағы ғылымы дамыған елдерде өткен халықаралық ғылыми жиындарда Қазақ елінің жалғыз археолог-маманы ретінде ғылыми баяндамалар жасады.
Академик Ж.Таймағамбетов – еліміздегі археология ғылымының палеолит дәуірін зерттейтін жетекші маманы, ТМД елдеріне танымал археолог, ғалым. Оның негізгі зерттеу тақырыптары – Қазақстан аумағын алғашқы адамдардың қоныстануы мәселесі, олардың материалдық және рухани мәдениеті, өте ежелгі дәуірлердегі Еуразия аумағындағы миграциялық үдерістер мен этникалық байланыстар мәселелері. Бұл – қысқа мерзімде және бір елдің мамандары шешетін мәселе емес, керісінше, ұзақ мерзімге арналған және алты құрлықтың жетекші мамандарының бірлесіп қарастыратын мәселесі. Қазіргі кезең – сол ұзақ мерзімнің алғашқы кезеңі және оның іргетасының қаланып жатқан кезеңі. Сондай халықаралық ауқымды жобада еліміздің атынан Жәкен Қожахметұлының болуы бізді қуантады. Сондай-ақ бұл жобаның өміршең екендігі және үлкен нәтижелер беретіндігі сөзсіз.
Ерте көктемнен бастап ол жазғы экспедицияларының қамына кірісіп кетеді. Сол кеткеннен күздің соңына таман ғана ол Алматыға бет бұрады. Жолығып әңгімелесе қалсаң, айтатыны – жазғы экспедициясы Қазақстанның қай өңірлерінде өткені, қай жерлерде барлау жұмыстары жүргізілгені, қанша шетелдіктің келіп, қатысқаны, қандай жаңалық ашылғаны, тағы сол сияқты игіліктерге толы әңгімелер. Тіпті экспедиция барысында болған тосын, адам күлер қызықты әңгімелер де айтылып жатады. Жәкен Қожахметұлының нағыз маман ретіндегі бір ерекшелігі, оның қазба жұмыстары барысындағы әр қадамды, әр жұмысты видео-фотоларға түсіріп отырады. Әр жылдағы қазба жұмыстарының қорытындысы не жеке мақала, не экспедиция мүшелерімен бірлесіп жазған ұжымдық монография ретінде жарық көреді. Міне, мұны нағыз қажырлы еңбек деп айтуға болады.
Жәкен Қожахметұлы ғылыми еңбегінің арқасында 2020 жылы ҰҒА-ның толық мүшелігіне (академик) сайланды, 2022 жылы «Парасат» орденімен марапатталды, 2022 жылы Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық ғылыми кеңестің мүшесі болды. Ол – Жапон императорының арнайы орденінің, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағының, Білім және ғылым министрлігі Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері. Мұның бәрін төккен тердің, атқарылған жұмыстардың өтеуі деп білеміз.
Берекет КӘРІБАЕВ,
ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
тарих ғылымдарының докторы