Руханият • 28 Қараша, 2023

Ғалымның хаты өлмейді

439 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Белгілі дін қай­раткері, ҰҒА ака­демигі, шығыс­та­нушы, дипломат Әбсаттар қажы Дербі­сә­лінің еліміздің ғылымы мен біліміне қос­қан үлесі мол. Көзі тірі­сінде-ақ аталған салалар бойынша көптеген зерттеу жүргізіп, жарыққа шы­ғарды.

Ғалымның хаты өлмейді

Биыл Әбсаттар қажы Дербі­сәлінің «Араб, парсы дерек­теріндегі Тараз және таразилер (Х-ХХ ғ.)», «Әбу Насыр әл-Фараби Қазақстан және шетел ғалымдарының зерттеулерін­де» және «Забытые мыслители Великой степи (IX-XX вв.)» атты еңбектерінің таныстырылымы еліміздің бірнеше қаласында, Ирандағы Қазақстан елшілігінде кең ауқымда өтті.

Филология ғылымдарының докторы, академик, шейх Әбсат­тар қажы Дербісәлі – Ислам әдебиеті мен мәде­ниетін терең таныған ғалым, 13 жыл Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қар­масының төрағасы қызметін ат­қар­ған, ел сыйлаған тау тұлға еді. Оның көзін көрген игі жақ­сылар мен отбасы бір ортаға то­ғысып, көзі тірі­сінде жазған құн­ды еңбектерінің жинақ­тал­ған, сиясы кеппеген кітаптарының тұсаукесеріне куә болды.

Ең алдымен, мамыр айының 17-сін­де Алматыдағы Ұлттық кітапханада ұйым­дастырылған іс-шарада оның ең­бек­­терінің көрмесі өтіп, Алматы қа­ла­­сының бас имамы Төлеби Оспан мар­­құмның рухына құран бағышта­ды. Әбсаттар қажымен бірге қоян-қол­тық жұ­мыс істеген, бір терінің пұшпа­ғын илес­кен «Президент және халық» пор­­талының бас директоры Марат То­қаш­баев, Бас мүфти Наурызбай қа­жы Өтпенов, Ұлттық инженерлік ака­демиясының президенті Бақыт­жан Жұ­мағұлов және Алматы қалалық Дін істері басқар­ма­сының басшысы Нұр­лан Қиқы­мов сөз сөйлеп, шы­ғыс­­танушы ғалымның өмірі мен қыз­ме­тінен естеліктер айтып, жарық көріп жат­қан еңбектеріне жоғары бағаларын берді.

Дін және ғылым саласының өзге де белгілі тұлғалары қатыс­қан осын­дай жиын биыл 23-24 қазан күн­дері Түркістан және Шымкент қала­ларын­да жалға­сын тапты. Әбсаттар қажы Дербісәлінің құр­меті­не арналған «Бабалар аманатын арқала­ған ғалым» атты та­ғылымды іс-шараға Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Әл-Фараби атындағы ҚазМУ «Тұран-Иран» ғы­лыми зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей, исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы сынды өзге де елге танымал қо­нақтар қатысты. Жиында сөз бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова Әбсаттар қажы Дербісәлінің ерен еңбек­тері, дипломатиялық қабілеті мен ұс­таз ретінде шәкірттер алдындағы сыйы жөнінде кеңінен баяндады. «Өздері­ңіз білетіндей, Әбсаттар қажы Дербі­сәлі ғалым, дипломат, дінтанушы, Бас мүфти қызметін атқарды. Осы жолда үлкен жұмыстар атқарды. Қазақ елі тәуелсіздікке қол жет­­­­кізген кезде дәстүрлі ислам түсі­нігі мен тәжірибесінің қайта қалып­та­суына қосқан үлесі зор», деді ол.

Қаламгер Марат Тоқашбаев Әб­сат­тар қажының тұлғалық болмысы ­мен асыл мінезінен, ортақ естеліктері­нен сыр шертті. Қазақ телевизиясын­да алғашқылар­дың қатарында Әбсат­тар Дербісәлі­мен бірлесе жасаған «Қадыр түні» бағдарламасының тарихы мен оның сол уақыттардағы маңызы жөнінде айтты. Шығыстанушы ғалым туралы жылы естеліктер мен оның мемлекет үшін жасаған еңбектері, ұлт жанашыры бол­ған көркем мінезі туралы, әр бол­мысына тоқталғандар қатары көп болды. Әл-Фараби атын­да­ғы Қазақ ұлт­тық университеті «Тұран-Иран» ғылыми зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей де ұстазының еңбек жолын баяндады. Әрі оның артында қалдырған мол мұрасы, жаңа шыққан кітап­тардың мазмұнына тоқтап, оны оқуға шақырды. Сондай-ақ «Нұр Мүбәрак» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы Әбсаттар қажының мемлекеттік қызмет­тегі өр мінезі, қазақ тілінің жанашыры ретінде жасаған еңбектері мен дипломатиялық шешімдерінің түпкі даналығы жөнінде оқиға­лармен бөлісті.

Әбсаттар қажының жұбайы, Ал­маты қаласындағы «Академик, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі» жеке қоры­ның құрылтайшысы, дип­­ломатия қыз­метінің еңбегі сің­­ген қызметкері Рафия Дербі­сә­лиева тағылымды естелік айтып, қордың жоспарын таныстырды.

М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан универ­ситетінде өткен «Бабалар аманатын арқалаған ғалым» атты мәні зор жиында да Әб­саттар қажы Дербісәлімен үзеңгілес қыз­мет атқарған, ниеттес ағайын сөз сөйлеп, ғалым­ның өнегеге толы өмі­рінен сыр тарқатты.

Сонымен қатар 21 қарашада Иран Ислам Республикасында­ғы Қазақстан Республикасы­ның Ел­шілігінде де Әбсаттар қажы Дербі­сәлінің жаңа еңбек­тері­нің таныс­тырылымы ұйым­дас­ты­рыл­ды. «Ғалымның хаты өлмейді» деген даналықтың мәні осында.