Сұхбат • 28 Қараша, 2023

«Берекені іспен табайық»

210 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Күні кеше халқымыздың саны 20 миллионға жетті деп сүйіншіледік. Ұлтымыздың саны жағынан іріленуіне атажұртқа ат басын тіреген қандастарымыздың қосқан үлесі ерекше. Әлемде тоғызыншы территорияны мекендегенімізбен, халқымыздың саны мен сапасын арттыру – әлі де өзекті мәселе. Жат жұрттағы қандастарымызды түп қазығымен қайта қауыштыру ісі жүйелі жалғаса беруге тиіс. Олармен үнемі рухани-мәдени тығыз байланыста болудың маңызы зор. Осы тұрғыда қазақ диаспорасы мәселесін зерттеп-зерделеп жүрген тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлнара МЕҢДІҚҰЛОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.

«Берекені іспен табайық»

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

– Гүлнара ханым, қазақ диаспора­сы­ның тағдырына алаңдап, осы тақы­рыпты зерттеп жүрген санаулы ғалым­ның бірісіз. Егемендік алғалы бері мемлекетіміздің бұл бағытта ат­қар­ған жұмысына қандай баға бересіз?

фук

– «Қазақстан Республикасының тәуел­­сіздігі туралы» Конституциялық заң­­ның 8-бабында: «Қазақстан Респуб­ли­касы өз шекарасынан тыс жерде тұратын қа­зақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тіл­дік қажеттіліктерін қана­ғаттандыруға қам­қорлық жасайды. Өзге мемлекеттермен жа­салған шарт­тар негізінде олардың мүд­делерін қорғайды», деп жазылғаны мәлім.

Осылайша, 90-жылдардың басында шет мемлекеттерде қазақ қоғам­дас­­тық­тарын құру мен дамытуға жол ашылды. Қазақ ирредентасы мемлекеттің сыртқы саясатының басым бағыттарының біріне айналды. 1992 жылы 29 қыркүйекте Алма­тыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтіп, оған Түркия, Германия, Франция, Швеция, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан ел­дерінің өкілдері қатысты. Бұл бас­қо­судың мән-маңызы ерек еді. Қаншама жылдан бері атажұртын аңсаған ағайын тарихи Отанымен қауышып, мәре-сәре болды. Тарыдай шашыраған қан­шама тағдыр бір-бірімен табысып, ата­мекен төрінде тоғысты. Сол жиын­да мемлекет дүние жүзіндегі бар қазақтың қам­қоршысы екені айтылды. Шетелдер­де қазақ мәдени орталықтары құрыл­ды. Еуропада бес бірдей құрылтай – дүние­жүзілік құрылтай және кіші құрылтай өтті. Қазақстанның шетелдегі елшіліктері мен консулдықтары бар мемлекеттерде қазақ диаспорасы мен ирреденттерге түрлі қолдау көрсетілді.

Отыз жыл бойы қаншама күш-жігер жұмсасақ та, қазақ диаспорасы мен ирре­дент­терінің қазіргі заманғы кей­бір проблемалары әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Бұл мәселелер елдің ішкі және сыртқы проблемаларымен тығыз байланысты. Бұған жаңа диаспоралық саясат тұжырымдамасы және шетелде тұратын отандастарды қолдау жөніндегі нақты мемлекеттік бағдарламаның жоқтығы қол­байлау болып отыр. Мәселен, 1995-1996 жылдары «Шетелде тұратын отандас­тарды қолдаудың мемлекеттік бағдар­ла­масы» қабылданды. Аталған бағ­дар­лама Қазақ­стан Республикасы мен қа­зақ ир­редент­тері және диаспорасының көпқыр­лы байланысын дамытуға негіз­дел­ген еді. Тараптар арасындағы қарым-қатынас дамуының жаңа кезеңін сипаттайтын тағы бір құжат – Қазақстан Рес­публикасы Президентінің 2005 жыл­ғы 21 қарашадағы №163 «Шетелде тұра­тын отандастарды қолдау жөніндегі мем­­лекеттік бағдарлама туралы» Жар­лы­ғы. Осы құжатқа сәйкес әлем қазақ­тарының заманауи даму ерек­шелік­те­рі талданып, бағдарламаның не­гізгі ба­ғыт­тарын жүзеге асыру мүм­кін­дік­тері­ ай­қындалды. Жобаның мақсаты – «бір­тұтас қазақ елінің құрамдас бөлігі ре­тінде сырттағы қазақтарды әлеуметтік-эко­номикалық, құқықтық қорғаудың мем­ле­кеттік жүйесін құру». Бұл құжат (көші-қон саясаты туралы заңнамалық акті­лермен шатастырмау керек) сол кезең­де шетелдегі қандастарды қолдауда лайық­ты рөл атқарғанын атаған жөн. Кейін ел Үкіметінің 2018 жылғы 18 ма­мыр­дағы №280 «Шетелдегі этникалық қазақ­тарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жыл­дарға арналаған іс-шаралар жоспары» қаулысы бекітілді. Одан кейін де шет­тегі қазақтарды қолдауға арналған тағы бір­ қаулы шығады деп үміттендік. Алай­да 2023 жылдың соңы да таяп қалды, әзір­ге Үкімет тарапынан ешбір қозғалыс бай­қал­майды...

– Нақтырақ айтсақ, алыстағы ағайын­мен рухани байланысымызды те­рең­­детіп, қарым-қатынасымыздың өрі­сін кеңейтуге не кедергі?

– Бір қынжылтатыны, соңғы заң­на­малық актілерде еліміздің диас­по­ра­лық саясаты дербес бағыт ретінде көрсетілмеген. Елдің диас­поралық сая­­сатын нығайтуға бағытталған түр­­лі жағдайға жауап бере алатын, жаңа әрі іргелі мемлекеттік құжаттар қажет. Сын-қатерлер заманында этнос­­тық бірегейлікті сақтау, қан­дас­тарға мә­дени-гуманитарлық қолдау көр­­сету мақ­сатында еліміздің диас­по­ралық саясатының стратегиялық тұжы­рым­да­масына айналатын жаңа заң­намалық құжат қабылдайтын кез келді. Бұл бағыттағы жұмыстарға ға­лымдар мен практик мамандарды жұ­мылдырған абзал. Меніңше, 2024-2029 жылдарға арналған нормативтік құжат­тар­ды әзірлеу көптеген мәселенің оң шешімін табуына көмектеседі. Мәсе­лен, 1997-2004 жылдары Үкімет құ­ра­мына кір­мейтін Демография және көші-қон агенттігі бұл бағытта табысты жұмыс атқарды.

– Біз көтеріп отырған тақы­рыпқа тікелей қатысы бар Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отан­дастар қоры» бұл бағытта нендей жұмыс атқарып отыр? 

– Түрлі ақпарат көз­де­рінен аталған екі ұйым арасында мәселе бар екені айтылып жүр. 1992 жылы құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шетел қазақтарының өмірінде ерекше орын алатынын және соңғы кезге дейін бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарғаны рас. Қазіргі уақытта ол Жоғары аттес­таттау комиссиясы республикалық қо­ғам­дық бірлестігі мәртебесіне ие. Ал «Отандастар қоры» – Сыртқы істер ми­нистр­лігіне бағынысты ұйым.

Қазақ энциклопедиясында: «Дүние­жүзі қазақтарының қауымдас­тығы – республикалық маңызы бар, үкіметтік емес ұйым» деп көрсетілген. Бір қызығы, «мәдени және рухани даму, білім және бизнес мәселелері бойынша шетелдегі қандастармен байланыста болуды» көздейтін ұйымның нақты құқықтық мәртебесі түсініксіз. Нақты мақсаты мен мәртебесі айқындалмағандықтан, тек байланыстарды жолға қоюдан әрі аса алмағандай. Өкінішке қарай, Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайынан кейін (2017) Жоғары аттестаттау комиссиясы сырттағы қандастармен жан-жақты байланыс орнатуға негізделген диаспоралық саясаттан гөрі, елге келген азаматтарға тұрғын үй салу, орналастыру мәселелерін қамтитын репа­триациялық саясатқа бейімделгендей көрінеді. Негі­зінде атажұртқа орал­ғандарды әлеу­мет­тік қорғау мен құжат­тандыру, т.б жұмыстармен Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау ми­нистрлігінің Көші-қон комитеті, жер­гілік­ті әкімдіктер мен басқа да құры­лым­дар айналысуға тиіс. Диас­по­рамен, ирреденттермен Сыртқы істер министрлігінің жұмыс жүргізуі – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан үрдіс. Осы ретте қазақ диаспоралары мен олар­дың мәдени орталықтарының қыз­метін бағыттау мен үйлестіруде Жо­ғары аттес­таттау комиссиясы тарапынан нақты қандай жұмыстар атқарылды деген сауалға жауап таба алмайтынымыз өкінішті. Тіпті олардың ресми сайтын да аша алмадық. Ал ғаламтордағы қолжетімді ақпараттар ескірген (2014-2021).

«Отандастар қоры­ның» интернет ресурсында атқарыл­ған жұмыстар жүйелі көрініп тұр. Мәдени-танымдық шаралар, этностық қазақтардың балаларына арналған жазғы лагерь, жастарға арналған ұлттық фестиваль, қазақ тілін меңгерудің онлайн үйірме, ұлт­тық аспаптарда ойнауға үйрететін бірегей жобалар шетел қазақтарының қызығушылығын туғызған. Омбы, Ыстанбұл, Анталия, Ташкент, Берлин, Киев, Бішкек қалаларынан ашыл­ған жеті бірдей мәдени-іскерлік орталық қор жұмысының нәтижесін көрсетеді.

– Диаспора мәселесі әлемдік тә­жіри­­­беде қалай көрініс тапқан? Да­мы­ған мем­лекеттер бұл мәселені кешен­ді түрде реттей алды ма?

– Дамыған елдерде шетелдегі қан­дас­тар мен шетелдерден келген мигранттар мәселесімен бір мезгілде айналысатын түрлі мемлекеттік, қоғамдық ұйым­дар бар. Иммигранттар елі АҚШ-та диаспора мәселесімен АҚШ Мемле­кет­тік департаменті және әртүрлі қоғам­дық қорлар айналысады. Ал Ресей Федерациясы ТМД аумағы мен шетелде тұратын отандастар және халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық істері жөніндегі федералдық агенттік (Рос­сотруд­ничество), сонымен бірге Ұлт­тық істер жөніндегі федералдық агенттік (ФАДН) пен арнайы үкіметтік комиссия құрған. Дүниежүзілік еврей конг­ре­сі Израиль мемлекетінен тыс жерде тұратын барлық еврейдің мүд­десін БҰҰ, ЮНЕСКО секілді халық­аралық, аумақтық ұйымдар деңгейінде қор­ғау­ға қауқарлы. Көршілес Қы­тай мемлекеті диаспоралық сая­сат­ты ел дамуына серпін беретін тетікке ай­нал­­дырған. Қытай Халық Респуб­ли­касы Конституциясының 50-бабында: «ҚХР этностық қытай халқының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Шетелден оралған қытайлықтардың және шетелде тұратын қытайлықтардың этностық отбасы мүшелерінің заңды құқық­тары мен мүдделерін қорғайды» деп жазылған.

– Бізге де осындай диаспоралық сая­сат жүргізіп, оны қандастарымыздың саяси, экономикалық, кәсіби және әлеу­мет­тік-мәдени әлеуетін ескере оты­рып жүзеге асыруға не қолбайлау?

– Ең алдымен шетелдегі қандастар мәсе­лесімен айналысатын Жоғары аттес­­тат­тау комиссиясы мен Қордың құ­қық­­т­ық мәртебесін, құрылымдары мен функцияларын, ең бастысы қаржылық ерекшеліктерін анықтау және өзгерту қажет. Жоғары аттестаттау комиссиясы басқа да қоғамдық ұйымдар секілді гранттық байқауларға қатыса алатын, ал Қор мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істей алатын деңгейге жетуге тиіс. Осылай болған жағдайда қос ұйым туындаған кез келген мәселені күш бірік­тіре отырып жүйелі шеше алады. Бұл ұйымдардың штатында кемінде 3 тілді мең­герген мықты мамандар болуы шарт. Бұл талапқа сай әлемнің үздік универ­ситеттерінен білім алған, бірнеше тілді еркін меңгерген жігерлі жастарымыз аз емес.

Қазақ диаспорасы мен ирредент­те­рі­нің тарихи, заманауи мәселелерін зер­де­лейтін ғылыми-талдау институтын құр­ған ләзім. Бұл туралы 30 жылдан бері айтып та, жазып та жүрміз. Көп елде ма­мандандырылған ғылыми орталықтар табысты жұмыс істейді. Мәселен, Лондон университетіндегі Миграция және диаспораны зерттеу орталығын, Торонто университетіндегі Диаспора және трансұлттық зерттеулер орталығын, Шығыс Еуропа уни­верситетінің Миграция және диаспораны зерттеу орталығын, бас­қа да көптеген институтты нақты үлгі ретінде атауға болады.

– Елімізде диаспора институтын құру қажеттігі туралы айтып қал­ды­ңыз? Оның нақты мақсат-мін­деттерін қалай айқындауға болады?

– Диаспора институтын құру – диаспоралық саясаттың маңызды бөлігі. Ғылыми мекеменің мақсаты нақты іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге негізделуге тиіс. Әртүрлі тақырыпта әлеуметтік сауал­да­малар жүргізу, сырттағы қазақ­тар­дың даму динамикасын зерттеу, әлеу­меттік-экономикалық, рухани-мәдени мәселелерін зерделеу де осы ұйым­ға жүктелгені абзал. Елімізден тыс жерде өмір сүретін қазақтардың жат мәде­ниетке жұтылып кетпей, этностық ерек­шеліктерін сақтап қалуына да серпін берілер еді. Одан бөлек, аналитикалық есептер әзірленіп, алдағы даму жоспарларын да дәйекті түрде айқындау алға шығатыны анық.

Елімізде диаспоралогияның ғылы­ми мектебі құрылып, докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғал­ғанымен, бүгінгі таңда отандық ғылым­ның нақ осы бағытында нақты іргелі ғылыми зерттеулер жоқ. Оның негізгі себебі – тиісті министрлік тара­пынан диаспора мәселелері бойынша ғылыми жобаларды қаржыландыру жеткіліксіз. Ғылыми-зерттеу институтының болмауы мен бұл салаға қызығушылықтың азаюы диаспораның мәнін сипаттайтын ғылыми терминдердің анықтамаларын шатастырып, бір-бірімен мидай араластырып жіберді. Тіпті еліміздің заң­­намалық актілерінен де мұндай ол­қы­лық байқалады. «Диаспора» сөзі шетелдегі қазақтарды сипаттайтыны әу бастан түсінікті емес пе? Оның қасына «шетелдегі қазақтар» деген сөзді қо­сақ­тап жазу қаншалықты қажет? Ке­йін­гі жылдары «Жаңа қазақ диаспоралары» деп аталатын псевдоин­­но­вациялық үрдіс пайда болды. Бұл еш­қандай қисынға келмейді. Әлемде ешкім «жаңа еврей диаспоралары» деп жазбайды ғой, «Израиль мемлекеті және қазіргі диаспоралар» деп жазады. Бір сөзбен айтқанда, қисынсыз дүниені бір-біріне қосақтаудың қажеті жоқ. «Ескі және жаңа диаспоралар» ұғымдары – жасанды, бұлыңғыр атаулар. Мемлекеттік маңызы бар бұл іске ғалымдар мен мық­ты мамандарды жұмылдыратын кез келді.

Байыптап қарасақ, дүниежүзіндегі қазақ диаспорасының бірлігі биік межеге жете қойған жоқ. Оның түрлі себебі бар. Негізгі себебі ретінде санының аздығын, шашы­раң­қы қоныстануын, әлеуметтік, эко­номикалық, құқықтық, мәдени және білім деңгейлеріндегі айырмашылығын айтар едік. Шетелдегі қазақтардың басым бөлігі орта және шағын бизнес­те жұмыс істейді. Алпауыт елдердің жұмыс күші есебінде еңбек етеді. Бірен-саран елде болмаса, мемлекеттік жоғары лауазымдарға ұсынылмайды, Парламентке сайланбайды. Әсіресе соңғы сипаттамаларға айрықша назар ау­дар­­ғанымыз абзал. Өйткені олар еларалық және халықаралық мәселелерде «жұмсақ күш» бола алады. Әрине, барлық қазақ диаспораларын біріктіруші басты күш – Қазақстан Республикасы. Алайда сырттағы қазақтардың мәдениеті мен білім деңгейіндегі алшақтық сон­дағы қазақ мәдени орталықтарының жұмыс дең­гейін көрсетеді. Біз әлі күнге дейін қазақ диаспорасының саны мен сапалық құрамы туралы деректерді нақтылай алмай келеміз. Бұл – Дүниежүзі қазақтарының құ­рылтайында сырттағы бауырларымызды сандық әрі сапалық тұрғыдан ба­ғалау мен іріктеудің нақты әрі қатаң кри­терий­лері жоқ екенін көрсетеді. Мәселен, Өзбекстанда мил­лионға жуық қазақ тұра­ды дейміз. Ал соңғы құрылтайға ол елден келген делегаттар саны бар-жоғы 120 мың қазақ бар деп есептелетін Моңғолиядан келгендердің санынан әлдеқайда аз болды. Қазіргі цифрландыру дәуірінде белгілі бір елде тұратын қазақтардың санын дәл анықтау соншалық қиын шаруа емес.

Кейбір елдегі қазақ диаспорасының мәдени орталықтарына қаржылық ресурс жетіспейді. Осыған байланысты қазақ тілінде шығатын оқулықтар мен әдеби кітаптардың жоқтығы, қазақ тілін, сондай-ақ басқа да пәндерді ана тілімізді үйрететін мамандардың тапшылығы, қазақ диаспорасы өкілдерінің еліміз аумағында кәсіпкерлікпен айналысуына жеңілдік қарастырылмауы да қиындық тудырып отыр. Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі енгізген «Ата жолы» картасының нәти­жесі сырттағы қан­дастарды да, ел аза­маттарын да қанағаттандырған жоқ. Осыған сәйкес «Қазақ диаспорасы мен ирреденттерінің қасиетті жерлері» ката­логін жасау маңызды. Ташкенттегі Төле би, Мысырдағы Сұлтан Байбарыс, Астрахан облысындағы Құрманғазы кесенелері, Сринагардағы Мырза Хайдар Дулати бейіті, Германиядағы Мұстафа Шоқай бейіті шетел қазақтары үшін қасиетті орын екені мәлім. Франция мен Италияда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан қазақтардың 10-нан астам бейіті табылды. Оларды да бұл тізімге қосуға болады. «Қазақтар Екінші дүниежүзілік соғыста: шетел мұрағаттарынан алынған құжаттар» атты екі бірдей құжаттар жинағын құрас­тырдым. Соғыста қыршын кеткен аталарымыз туралы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ерліктері мен есімдерін қайтару қажет. Бұл да – жат елдегі бауырларымыз үшін киелі жерлер.

Осы міндеттерді жүйелі орындау еліміздің көпвекторлық, ұлттық мүд­делерді берік қорғайтын, сырттағы бауыр­лардың тағдырына бейжай қара­май­тын, оларды тарихи Отанымен көп­жақты байланысқа шақыратын сырт­қы саясатының үйлесімді тетігі болар еді. Қазіргі кезеңде диаспора саясаты қазақ халқын ғана емес, респуб­ликаның әрбір азаматын бекем бірлікке үндейтін Әділетті Қазақстанның даму жолындағы маңызды міндеті екені сөзсіз.

Біз бауырларымызды елге шақыру­мен шектеліп қалмай, олардың өзге елде­гі тыныс-тіршілігіне терең зейін қоюымыз қажет. Олармен рухани-мә­дени, іскерлік байланыстарды ны­ғайтып, туыстық қарым-қатынас­тар­­дың рухын сақтап қалу маңызды. Бү­гінгі алмағайып заманда этностық біре­гей­лікті нығайту – уақыт ағысына төтеп беру­дің ең үлкен жолы. Берекені іспен табайық.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»