Жастар • 30 Қараша, 2023

Жастар және мемлекеттік қызмет

97 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Қызылордада алғаш рет «Парасат жолы» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып келеді. Жас мемлекеттік қызметшілерді мәдени-көпшілік, интеллектуалдық және спорттық іс-шараларға қатыстырып, нетворкинг алаңын құруға, қолдауға бағыт­талған жоба аясындағы іс-шараларға мыңнан аса мемлекеттік қызметші қатысты.

Жастар және мемлекеттік қызмет

Аймақтағы мемлекеттік қызметшілерді қолдау шаралары облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен «Парасат жолы» облыстық слеті аясында Сыр еліне келген Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілдің кездесуінде талқыланды. Аймақ басшысы бұл іс-шараның мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыруда, тәжірибе, өзара пікір алмасу алаңына айналдыруда маңызы зор екенін атап өтті.

«Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, қызметтік өсуіне жағдай жасау ұдайы назарда. Биыл өңірде 96 мемлекеттік қызметкер қайта даярлаудан өтті, 697-сі біліктілік арттыру курс­тарында машығын жетілдірді. Өңірлік резервті қалыптастыру үшін құзыреттерді бағалауды жүзеге асыратын ассесмент қызметіне қажетті қаржы қаралып жатыр. Аймақтағы мемлекет­тік қызметшілердің Президент жанындағы Мем­лекеттік басқару академиясында білім жетіл­діруіне, академия түлектерінің ел дамуы жолында еңбек етуіне үнемі қолдау білдіреміз», деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры облыс әкіміне көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да тиімді әріптестік орнатуға ниет білдірді. Облыста 3200-ден астам мемлекеттік қызметші түрлі салада еңбек етеді, 35 жасқа дейінгі 471 мемлекеттік қызметшінің жиырмасы – Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, үшеуі «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Былтыр облыста 9 мемлекеттік қызметші Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы грантын иеленсе, биыл 6 мемлекеттік қызметші академияда жаңа білім дағдыларын меңгеруде.

 

Қызылорда