Қоғам • 05 Желтоқсан, 2023

Анаға шексіз құрмет

85 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылордада «Анаға тағзым» атты үшінші республикалық Аналар форумы өтті. Үшінші рет ұйымдастырылған форумға жан-жақтан жиылған қонақтар жуырда ғана ашылған «Анаға тағзым» орталығында бас қосты.

Анаға шексіз құрмет

Форумға Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова, Қазақстан халқы Ассам­б­леясы жа­нын­дағы республикалық Аналар кеңесі­нің төрағасы Назипа Шанаи, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен көпбалалы аналар қатысты. Барлық өңірдегі Аналар кеңе­сінің төрағалары мен мүшелері, аудан­дар­дағы әйелдер кеңестерінің мүшелері онлайн режімде қосылды.

Орталық ғимаратында аймақ­тың өнер­лі қыз-келіншек­тері жасаған өнім­дерден көрме ұйым­дас­тырылып, түйе және ешкі сүтінен жасалған табиғи сабын, ұлттық киім­дер мен әшекейлер, түрлі техникалар­мен салынған картиналар және өзге де ерекше бұйымдар қойылды.

Форумда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлі­баев жуырда ғана Қы­зылорда қа­ла­сын­да қолда­ныс­қа берілген заманауи әрі көпфункциялы «Анаға тағ­зым» орталығы қыз-келіншектердің рухани ордасына айналғанын атап өтті. Облысқа жұмыс са­парымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салт-дәстүрімізді насихаттап, ұлт­тық құндылықтар қадірін ай­қын­дайтын орталыққа жоғары баға берген.

– «Анаға тағзым» орталығы – балауса қыз баладан ардақты асыл әжеге дейін бас қосатын тәрбие мектебі. Осы жерде ақылды да парасатты аналардың, инабатты келін­дер­дің өнегелі ісінен, салмақты сөзінен үлгі алатын жастар қатары көбейері сөзсіз. Бүгінде тұр­мыстық қиын­дыққа тап болған ана­лар мен балаларға қолдау көрсету мақ­­­са­тында 7 аудан мен Қызылорда, Бай­қоңыр қалаларында «Ба­қытты отбасы» бөлімдері ашылды.

Орталықтарда заңгерлік және пси­холо­гия­лық көмек көрсету­ден бастап, кәсіп­керлік негіз­дер­ге оқыту, бизнес-жоспар құруға, грант немесе шағын несие алуға құжат рәсімдеуге жәр­демдесу, жұмысқа орналастыру және өзге де бағыттарда қыз­меттер көрсетіледі. Оған қо­сымша 114 жедел әрекет ету тобы құрылды. Бұл топ өмір­лік қиын жағдайға тап болған отба­сы­ларға дер кезінде жәрдем беру үшін жасақталды, – деді аймақ басшысы.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жа­­нын­дағы республикалық Ана­лар ке­ңе­­сінің төрағасы Назипа Шанаи «Мәде­ниет­ті ана – мәде­ниетті ұлт» жал­пы­ұлттық жобасы туралы баяндап, оның ерек­шеліктерін таныстырды.

Маңызы ерекше іс-шарада Павлодар облысы әкімінің әйел­дер істері жөніндегі кеңес­­шісі, ұлағатты ұстаз, «Құрмет» ор­денінің иегері Бақытжамал Максилова, Түр­кістан облысындағы Ата-аналар одағы­ның төрағасы Ақбаян Жақыпова, «Қазақ­стан барысы-2022» жеңімпазы Мақ­сат Исағабыловтың анасы Роза Қуаңбаева, Қызылорда облы­сы­ның құрмет­ті азаматы Алмагүл Божанова тақырып аясында ой-пікірін білдірді.

Республикалық форумда әлем­дік додаларда ел намысын қор­ғаған спортшыларды, өнер байқауларында дара шыққан дарындарды дүниеге әкел­ген аналар, облыстың әлеуметтік-эко­номикалық дамуына үлес қосқан қыз-келіншектер түрлі аталымдар мен ма­­­рапатталды. Үш дүркін «Алтын дом­­­быра иегері» Мұхтар Ниязовтың ана­­­сы Жұмакүл Оңғарбаеваға, Әлем чем­пионатының екі дүр­кін күміс жүл­дегері Қамшыбек Қоңқабаевтың анасы Ұлбосын Алыпқашоваға, «Қазақстан барысы-2022» Мақсат Исағабы­­лов­тың анасы Роза Қуаңбаева­ға көп алдында осындай құрмет көрсетілді.

Екі күндік бағдарлама аясында фо­рум­­ға қатысушылар «Анаға тағзым» орта­­лы­ғымен танысып, түрлі кездесуге қатыс­ты, тә­жіри­бе алмасты.

 

Қызылорда