Қоғам • 06 Желтоқсан, 2023

Жақсы өмір іздеп жат елден... Немесе еңбек нарығы қалай реттеледі?

46308 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде өндіріс орнының бәсекеге қабілеттілігін арттыруда жоғары білікті және кәсіби мамандарға сұраныс артып келеді. Сондықтан еңбек нарығын реттеудің тетіктерін жетілдіру, жұмыссыз азаматты кәсіби даярлау мен қайта даярлау үшін мемлекеттік бағдарлама жасау – негізгі мәселенің бірі және бұл ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеуді талап ететіні анық.

Жақсы өмір іздеп жат елден... Немесе еңбек нарығы қалай реттеледі?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында еңбек нары­ғына көші-қон үдерістерінің үлкен әсе­рін атап өткен еді. Ал енді биылғы Жол­дауда «Білім беру жүйесі еңбек на­ры­ғының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек. Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қат­ты сезіледі. Әсіресе техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сон­дықтан осы салаларға қатысты бі­лім берумен мықтап айналысқан жөн. Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге ар­нал­ған әріптестік орнатуы қажет. Эко­но­миканың басымдықтарына, аймақ­тың және саланың ерекшеліктеріне байланыс­ты тиімді қар­жыландыру тәсілдері керек. Жалпы, еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкімет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуі керек», деп Президент нақты тап­сырма берді.

Кейбір мемлекеттер еңбек нарығында нақ­тыланған тепе-теңдікті ұзақ уақыт бойы қолдап отыру үшін еңбек ресурсы бойынша тапшылықты оны басқа елдерден келген қандастардың негізінде шешіп отырды. Бірақ мұнымен жұмыссыздық мәселесі толық жойылмайды, сондықтан оның көп немесе аз болуына қарамастан, мемлекетте жұмыс күшінің тапшылығы орын алады.

Қазақстанның еңбек нарығындағы жағдайға сәйкес 2022 жылы жұмыспен қамту деңгейі 15 жас және одан үлкен жастағы халық санына шаққанда – 65,5%, жұмыс күшінің санына шаққанда 95,2%-ды құраған. Ал жұмыссыздықтың дең­гейі (Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесіне сәйкес) 2022 жылы тұрақты болды және 4,8%. Жұмыссыздардың саны – 456,1 мың адам. Сонымен қатар жұмыс істемейтін, білім алумен және оқытумен айналыспайтын NEET жастардың үлесі – 6,3%.

Халықтың жұмыспен қамтылуын зерт­­теудің нәтижесі бойынша 2022 жылы Қазақстан экономикасының әр­түрлі саласында 9 млн адам жұмыспен қам­тылған. Соның ішінде 6,9 млн адам жалдамалы жұмыспен (жұмыспен қамтылғанның жалпы санының 76,7%), 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен (жұ­мыс­пен қамтылғанның жалпы саны­ның 23,3%) қамтыды. 2021 жылмен салыс­тыр­ғанда жалпы жұмыспен қамтудың көр­сеткіші 153,6 мың адамға өскен. Бұл көрсеткіш негізінен жалдамалы жұмыскердің (113,9 мың адам) есебінен өсіп отыр. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қам­тығанның саны да өскен, бұл – 39,9 мың адам.

2022 жылы жұмыспен қамтылғанның ең көп үлесі саудада (16,8%), білім беру саласында (12,9%) және өнеркәсіп орнында (12,4%), ауыл шаруашылығы (12%) саласында байқалды. Толық жұ­мыс­пен қамтылмағандар саны 2021 жылмен салыстырғанда 9,9%-ға өскен және 268,9 мың адамды құраған. Негізгі жұмыс бойынша орта есеппен бір жұмыспен қамтылған азаматқа аптасына нақты жұ­мыс істеген сағаты – 39 сағат, бір жалдамалы қызметкер үшін – 41 сағат, өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкер үшін – 34 сағат. Жұмыссыз, бірақ жұмыс іздемеген немесе жұмысқа кірісуге дайын емес адам­ның саны – 39,5 мың.

Еңбек нарығы бойынша көрсеткіш­тер­дің серпініне тоқталатын болсақ, 2021 жылмен салыстырғанда жұмыс­сыз­дықтың деңгейі 4,8%-ға төмендеді, сондай-ақ 15 және 28 жас аралығындағы жастардың арасында жұмыссыздықтың деңгейі 2021 жылмен салыстырғанда 0,1 есеге өсіп, 3,8%-ды құраған.

Халықаралық тәжірибе бойынша, адамның еңбек өнімділігі бір жұмыс орнында ұзақ жұмыс істеумен байланыс­ты екенін дәлелдеді. Арнайы зерттеуге сәйкес жалпы маманның бір орында тиімді жұмыс істеу мерзімі 4 жыл екен. Психология ережесі бойынша осы кезеңде өндірісті дұрыс түсінудің және басқару жұмыстарын шешу үшін тиісті тәжірибе жинақталады, дегенмен одан әрі қарай ізденісі кемігендіктен білім деңгейі төмендейді. Кейбір дамыған елдерде, оның ішінде АҚШ-та 20 жыл бір компанияда жұмыс істеген маманмен салыстырғанда 20 жылдың ішінде 4-5 компанияда жұмыс істеген менеджерге сұраныс жоғары.

Елімізде жыл сайын ЖОО бітіруші түлектің есебінен жұмыс күшінің ұсы­нысы өседі. ЖОО, оның ішінде кәсіби оқу орынның түлектерін жұмысқа орналастыруды реттейтін тетіктің болмауы кәдімгідей қиындық туғызады. Қазіргі жастардың кәсіби құндылықтарды аса бағаламауы алаңдатып отыр. Жастардың арасында кеңінен тарап кеткен еш жерде жазылмаған ұраны – қандай жолмен болса да табыс табу. Дегенмен жастар – дүниежүзіндегі еңбек нарығындағы ең осал топтың бірі. Бүгінде 20-29 жас аралығындағы қыздар мен жігіттердің шамамен 50 пайызында тұрақты жұмыс орны болмай тұр.

Тіркелген жұмыссыз азаматтарды кәсіби оқыту үш жолмен жүзеге асады: бастапқы білім беру, біліктілігін көтеру, кадрларды қайта даярлықтан өткізу. Әрине, кәсіби білім алу, қабілетке және бейімге үйрену үдерісі 18-20 жастың арасындағы кезеңде белсенді түрде жүзеге асады. Осы кезеңде жастардың басым көпшілігі кәсіби оқуын аяқтап, тұрақты жұмысқа орналасуды мақсат тұтады. 29 жасқа дейінгі жастардың басым бөлігінде белгілі бір біліктілік, кәсіби және өмірлік тәжірибесі қалып­тасып үлгереді. Олар өзіне не қажет екенін біледі, отбасы құрған және ұсы­ныл­ған немесе шақырылған жұмыс үшін дербес талабын қоя алады. Осы уақытта өзін көрсету, табысқа жету, ұйымда бедел мен абыройға ие болу – 25-29 жас арасындағы жұмысшыға тән қасиет. Аталған кезеңде белгілі бір мамандықты игеру үдерісі аяқталады, кәсіби маман немесе білікті басшы болу қалыптасады және көптеген құндылыққа қол жеткізеді.

Еліміздегі жұмыссыз халықтың құры­лы­мы бойынша 15-24 жас ара­сын­да­ғы азаматтың үлесі – 20-25%, ал енді 25-29 жас арасындағы азаматтың үлесі 16-20%-ды құрады. Жастар қоғамның саяси, әлеуметтік-экономикалық құры­лы­мын айқындайды, сондықтан елімізде олар ең қорғансыз топтың бірі болып сана­лады. Аталған мәселенің өзек­ті­лі­гіне қа­рамастан, ғылыми-зерттеу жұмыс­та­рын­да оларға баса назар аударылмай келеді. Жас ерекшелігіне қарай талдасақ, 18-24 жастағы жастардың басым бөлігі – кәсіби дайындықтан өткен немесе білім алушы жас азаматтар. Ал осылар еңбек нарығына жаңадан келген ең қорғансыз топ болып тұр. Өйткені оның кәсіби тә­жірибесі жеткіліксіз және әлеуметтік жа­ғынан аз қорғалған, осыған орай бәсе­ке­ге де түсе алмайды.

Қазақстан электрондық еңбек биржа­сы­ның сайтында жарияланған мәліметтің негізінде жол, құрылыс, көлік-логистика саласында жұмыс орны өте көп, мамандар тапшы. Сонымен қатар сұранысқа ие мамандықтың үлесі былай: жол саласының жұмысшысы − 7,3%, күзетші − 5,6%, көлік жүргізушісі 4,4%-ды құрап отыр.

Бүгінгі таңда статистикалық мәлімет­тер бойынша халық табысының 59,2%-ын жалдамалы жұмыстан түскен табыстар құраса, 27,8%-ы әлеуметтік трансферт­тер­дің есебінен, яғни мемлекеттен көмек ала­тындар, 9,3%-ы жұмыспен өзін-өзі қам­­тушылар, нақтырақ айтқанда, кәсіп­кер­лік қызметтен түскен табыс­тар құ­рай­ды, ал 3,7%-ы өзге де табыс түр­ле­рі­нен қалыптасады.

Қазақстанға Қытайдан, Өзбекстаннан, Түркиядан, Үндістаннан көп жұмысшы келеді, оның ішінде инженердің саны басымырақ. Шетелден келгеннің басым көпшілігі құрылыс саласында жұмыс істейді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін өндіру саласында, механик пен техник мамандары бар.

Елімізде жастардың 42,9%-ының то­лық немесе аяқталмаған жоғары білімі бар, соның ішінде жоғары және аяқтал­ма­ған жоғары білім алған жастардың 35,9%-ы
және орта білімі барлардың 39%-ы – жұ­мыс­сыз азаматтар.

Болашақта осыдан бірнеше жыл бұрын өзекті болған мамандықтың 65%-ы сұраныстан шығады. Ал­дағы кезеңде тау-кен өндірісі, металлургия, мұнайды өндіру мен өңдеу, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, IT, машина құрастыру, металл, туризм, энергетика, құрылыс саласында жұмыс орындары табылады.

Елімізде жұмыссыздықтың мәселесі толық шешілмеген қазіргі кезеңде шетелге мыңдаған адамның кетуі эконо­ми­камызға кері әсер ететіні айқын. Мем­­лекетіміз білімді де білікті маман­дар­­дың елден кетуіне бейжай қарамай, тұ­рақты бағдарламамен қамтамасыз етіп, мықты маманның елден кетуінің орнына елге келуі үшін жағдай жасауға тиіс. 2022 жылы жұмыс іздеп 8 мыңға жуық отандасымыз шетелге кеткен. Әрине, қомақты табысқа кенелгісі келетін 18-35 жас арасындағы азаматтар. Жас мамандар жаппай шетел асса, елде кім қалатыны белгісіз. Жақсы өмір сүруді аңсап, сыртқа кететіннің басым көпшілігі – білімді жастар. Тіл білген соң мұндағы айлық оның күнкөрісіне жетпейтіні сөзсіз. Қа­зақстанда жұмыс табылады, бірақ жалақысы өте аз. Ал Кореяда бір айда тапқанды Қазақстанда 5-6 айда табасың. Сонымен қатар тұратын үйі мен жататын жері тегін, жұмысында таңғы, түскі, кешкі ас береді. Әсіресе техникалық ма­мандар мен дәрігерлер кетіп жатыр. Қазақстаннан кеткен әр үшінші эмигрант жоғары білімді болса, ал төртіншісі – орта білімді.

Бүгінгі таңда білікті кадрлар жетіс­пей­ді. Статистикалық деректер бойынша елімізде 923 мың бос жұмыс орны бар, оның ішінде 97 540 есепші, 84 076 күзетші, инкассатор және осыған байланысты кәсіптер, 73 368 дүкен сатушысы мен көмекшісі, 50 343 орта мектеп мұғалімі, 49 127 автокөлік жүргізушісі, 43 801 күтім бойынша орта медициналық пер­сонал қажет екен.

Қорыта айтқанда, жас азаматты ең­бек­пен қамтуға әсер ететін негізгі іс-шара­лар – жастар үшін жаңа жұмыс орнын аша­тын кәсіпорынды мемлекеттің тара­пы­нан қолдау, тұрақты жұмыс орнын қалып­тастыру, жастарға екінші мәрте жұ­мысқа тұруға мүмкіндіктер қа­растыру, жас­тар­ды жұмыспен қам­титын өндіріс орын­дары мен меке­мелердің инфра­құ­ры­лымын құру.

 

Ғалымжан Керімбек,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты

 

АЛМАТЫ