Өнер • 07 Желтоқсан, 2023

Өнер мен баға немесе бәсі 139 миллион доллар картина

205 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шығармашылық ғұмырын аңызға айналдырған Пикассоның осы уақытқа дейін талай картинасы адамның қиялына сыймайтын, ессіз бағаға сатылды. Суретші көзі тірісінде де кедей болған жоқ. Ол өмірден өткенде байлығы 1 миллиард 100 миллион долларды құраған. Бір кездерде нан алуға ақша таппаған Пикассо өзі қалаған өмірге ақыры жетті. Өнері жеткізді. Жалпы, Пикассоның өмірі мен өнері хақындағы әңгіме таусылған ба?.. Қаузай берсең, мың бір түнге жалғасады.

Өнер мен баға немесе бәсі 139 миллион доллар картина

Әлемдегі ең қымбат сурет­ші­нің картиналары әлі де атағын айға жеткізіп, аукциондарда сұмдық ақшаға сатылып жатыр. Еске салсақ, 2015 жылы көктемде Нью-Йоркте оның «Алжир әйелдері» туындысы 179 миллион долларға бағаланып, Паблоның шығармашылығын сүйетін бір жанның қолында кете барды. Сондай-ақ 2008 жылы Пикассо туындыларының өнер нарығындағы баға индексі 262 миллион долларды құрады.

Ал жуырда ғана «Financial Times» басылымы Пикассоның тағы бір картинасы рекордтық бағамен сатылғанын жазды. «Монтредегі әйел» картинасы Нью-Йорктегі Sotheby's аукцио­нында 139,4 миллион долларға сатыл­ды. Осы тұста өнердің шын бағасы шексіз екеніне күмә­нің қалмайды. Паблоның осы уақытқа дейін сатылған екінші қымбат туындысы «Сағат ұстаған әйел» деген атаумен де белгілі.

1932 жылы майлы бояумен кенепте салған туындыда испандық суретші өзінің сүйіктісі және музасы Мари-Тереза Вальтерді бейнелеген. Иә, Паблоның өмірде музалары көп болды. Әрине, суретшінің бірнеше махаббат хикаясы ешкімге жаңалық емес. Осы орайда Марсель Умбер есімі өнертанушыларға таңсық емес. Лақап аты – Ева. Пикассо Еваны шын сүйді, музасы санады деседі. Тіпті Ева бейнеленген картинасын «Жалаңаш әйел, Ева, мен сені сүйем!» деп атаған. Алайда Евамен суретшінің бақытты өмірі ұзаққа созылған жоқ. Ерке Ева ауыр дерттен көз жұмады. Ал биші Ольга Хохловамен бас қосып, ұлы дүниеге келгенде суретші шығармашылығында бір өзгеріс байқалды. Картиналарында күң­гірт бояу азайып, жарық пен жылылық көріне бастады.

Ал рекордтық картинаның кейіп­кері – Мария Вальтер есімді бой­жеткеннің Пикассо өміріне қаты­сы аз емес. Мария суретшінің көп­теген картинасының «кейіп­ке­ріне» айналды. «Айна», «Айна алдын­дағы қыз» картиналарының кейіпкері – дәл осы Мария. Пикас­со қабірінің жанына қо­йыл­­ған «Құмыра ұстаған әйел» мүсі­нінде бейнеленген әйел де – Мария.

Мариядан кейін Француаза («Әйел-гүл» картинасы Фран­цуа­за­ға арналған), одан соң Жаклин Рок. Өмірінің соңғы жылдарында автор негізінен осы Жаклиннің суретін салады.

Пабло қолына қылқаламын алғаш алған сәттен бастап, қоше­мет­ке бөленіп, қалтасы ақшаға тола қойған жоқ. Өтпелі бір кезең­дерде ол да суретін сатып, тегін тамақ ішті. Оған ылғи жұл­дызы жану үшін тек Париж жетпей тұрғандай көрінетін. Парижге барса, елге танылып, байып кететіндей сезінетін. Барселона дәмханаларында ішіп отырып, Париж тура­лы жиі айтатын. Сөйтіп жүріп Пабло Парижге де жетті. Еңсені басқан бір мұңнан арылғандай еркін өмір сүрді. Тап­қан табысын әйелдерге ша­шып, тіпті кейде нан алуға ақша­сы болмайтын. Пикассоны Париж­де ешкім менсінген жоқ. Карти­налары да өтпеді. Досы Каса­гемастың өлімінен соң Пабло түбегейлі өзгерді: зиянды әдеттерінен бас тартып, таңнан кешке дейін тек сурет сала берді. Картина сатумен айналысатын көпес Воллар суретшінің жолын ашты. Пикассоның туындыларын ұнатқан ол көрме ұйымдастырып, картиналарын сатып, жап-жақсы табыс тапты.

Суретшінің кубизм стилімен көп жұмыс істегенін білеміз. Ол ең алғаш бұл жанрда «Авиньон қыздарын» салды. Мұнда жала­ңаш жеңіл жүрісті қыздарды бей­неледі. Жалаңаш әйелді салу жаңа­лық па? Әрине, жоқ. Пикассо әйелдерінің кейбірінің басы жан-жануардың басы­на­ ұқсайтын. Сурет өнеріндегі бұл ерек­шелікті әркім әрқалай қабылдады. Тіпті көбісі шошыды.

Алғашында Sotheby's «Мон­тре­дегі әйелді» 120 миллион дол­ларға бағалаған. Бұған дейін кар­тина 102 жасында қайтыс бол­ған меценат Эмили Фишер Лан­дау­дың коллекциясынан алынған.