Қоғам • 06 Желтоқсан, 2023

2024 жылы Жалпыға бірдей декларациялаудың 3-кезеңі басталады

200 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда 2021 жылдан бастап азаматтар жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңімен өтіп жатыр. 1-кезеңде декларацияны мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары тапсырды. Облыс бойынша 1-кезеңде 36 мыңнан астам жеке тұлға декларация тапсырған болатын, деп жазады Egemen.kz.

2024 жылы Жалпыға бірдей декларациялаудың 3-кезеңі басталады

Екінші кезең 2023 жылы басталып, жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне (дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет, пене спорт саласы, және олардың жұбайлары) квазимемлекеттік сектор кірді. Алматы облысында 128 мыңнан астам адам табыс етті. Ал 16 908 тұлғаға салық заңнамасында белгіленген мерзімде жеке тұлғалардың декларациясын ұсынбағаны туралы хабарлама жіберілді, оның ішінде 823 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 3-кезең басталады. «Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны» (250.00-нысан) бизнес өкілдері, яғни жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылар) олардың жұбайлары тапсыруға міндетті.

Сонымен қатар бұл міндеттеме «ӘРЕКЕТСІЗ» мәртебесі бар жеке кәсіпкерлерге және ЖШС басшыларына (құрылтайшыларына) да қатысты болады. Алматы облысында осындай тұлғалардың саны 3 693 адамды құрайды.

Егер де Сіз жоғарыда аталған тұлғалар санатына жататын болсаңыз, бірақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмасаңыз немесе тоқтатсаңыз, ЗТ немесе ЖК орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш беруге кеңес береміз.

 

250.00 нысанды мемлекеттік кірістер органдарына қағаз түрінде - 15 шілдеден, электрондық түрде - 15 қыркүйектен кешіктірмей «Салық төлеушілер кабинеті» веб-қосымшасы (cabinet.salyk.kz) немесе e-Salyq Azamat, eGov mobile мобильді қосымшалар арқылы тапсыруға болады.

Жеке тұлғалар 2024 жылы 250.00 нысанын тапсырғаннан кейін, 2025 жылдан бастап бұл тұлғалар жыл сайын кірістері мен активтері туралы декларацияны (270.00 нысаны) тапсыруы тиіс екенін ескеріңіздер.

Сонымен қатар декларацияны бірінші рет кеш тапсырған жағдайда ескерту берілетінін хабарлаймыз.

Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда - 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады.