Тағзым • 23 Желтоқсан, 2023

Үш майдангердің сүйегі елге жеткізілді

2415 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан үш жауынгердің сүйектері арнайы авиабортпен Астанаға әкелінді. Қарсы алу рәсімі ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Орталық әскери оркестр музыканттары, Ту тобы және Құрмет қарауыл ротасы әскери қызметшілерінің қатысуымен өтті. Аталған рәсімге Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен ардагерлері, «Атамның аманаты» ҚБ, Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің өкілдері, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері мен қаза тапқандардың туыстары қатысты. Іс-шараға Атырау, Жамбыл, Қызылорда облыстары әкімдіктерінің, қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің өкілдері бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үш майдангердің сүйегі елге жеткізілді

Фото: gov.kz

Қарулы күштер Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы генерал-майор Бауыржан Артықов жауынгерлердің сүйектерін іздеуге белсенді қатысқандардың барлығына алғысын білдірді.

«Қазақстаннан сұрапыл соғысқа миллион 200 мың азамат аттанып, олардың 600 мыңнан астамы майдан даласында қаза тапты. Қазақ жауынгерлерінің ерліктері қазіргі Отан қорғаушылар үшін өр рухтың, мызғымас батылдықтың, шынайы жанқиярлық пен Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі», деді ол. 

Ресейлік іздеушілер жұмысының нәтижесінде 80 жылдан аса уақыттан соң қызыл әскерлер – Силан Мәметов (1912 жылы туған, Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы), Қадірбек Дәулетқұлов (1922 жылы туған, Жамбыл облысы Меркі ауданының тумасы) және Кисым Әдиевтің (1911 жылы туған, Гурьев облысы Гурьев қаласының тумасы) сүйектері елге жетті. 

«Олардың ерлік жолы кітаптарда, әндерде, ескерткіштерде, мемориалдарда, мұражай жәдігерлерінде жазылып қалды, есімдерімен көшелер аталады. Еш ұмытылған жоқ.  Іздеушілерге осындай асыл миссияны мұрат еткені үшін ризашылығымызды білдіреміз», деп атап өтті «Атамның аманаты» ҚБ төрағасы Мұрат Молдағалиев.

Қорғаныс министрлігі

144 атқыштар дивизиясының қызыл әскері Силан Мәметов 1941 жылы қаза тапты. Оның сүйегін «Эхо войны» іздеу жасағы Мәскеу облысы, Рузск ауданы, Апальщино ауылының маңынан тапты. Қадірбек Дәулетқұловты Орлов облысы, Троснянск ауданы, Муравль ауылынан «Застава св. Ильи Муромца» жасағының іздеушілері тапты. 1942 жылы хабар-ошарсыз кеткен Кисым Әдиев Смоленск облысы, Темнинск ауданы, Батюшково ауылының жанындағы шатқалдан табылды.  

Силан Мәметовтың туыстары табылмады. «Atamnyn Amanaty» ҚБ іздеушілері сарбаз Қисым Әдиевтің Атырау қаласында тұратын туыстарын тапты. Астанаға Жамбыл облысынан Қадірбек Дәулетқұловтың інісінен тараған шөбересі – Ернұр Наметқұл келді.  

«Атам Қадірбек Дәулетқұлов 1941 жылы майданға аттанған екен. Өкінішке қарай, отбасын құрмаған кезінде кетіпті. Осы жылдар ішінде атамды көп іздедік. Ол шекарашы болып, Курск доғасында қаза тапқаны анықталды. Бүкіл отбасымыздың атынан Қорғаныс министрлігі басшылығына, барлық іздеушілерге, осындай аманатты абыроймен атқарып жүргендерге, ауқымды жұмыстары үшін зор алғысымды білдіргім келеді», деді ол. 

Қорғаныс министрлігі

Іздеушілер сонымен қатар қызыл әскер сарбаздарының құжаттарын, каскаларын, металл саптыаяқтарын, сапер күректерін, түймелерін және өздеріне тиесілі жеке заттарын туыстарына берді.  

Жауынгерлердің сүйектерін қайта жерлеу әскери құрметпен өздері туған өңірлерде өтеді.