Таным • 23 Желтоқсан, 2023

Өлең – сөздің данасы, шыңдықтың анасы – Бұқар жырау

235 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Афоризм – шағын философиялық ой, тәжірибелік түйін, логикалық қисын. Авторлық тұжырым ретіндегі қысқа әдеби туынды. Көркем кестеленген нақыл сөз. Афоризмнің басты шарттары – өмірлік құбылыстар мен адамдардың іс-қимылына, мінезіне деген көзқарастағы анықтық, пікір жинақтап қорыту мен түйін жасаудағы логикалық жүйелілік және ойды жеткізудегі дәлдік пен қысқалық. Афоризм – ой тамызығы. «Афоризмдер» айдарында бүгін Әйтеке Байбекұлы, Қазыбек Келдібекұлы, Төле Әлібекұлы, Қожаберген Толыбайұлы, Бұқар Қалқаманұлы (Бұқар жырау) ойларын ұсынып отырмыз.

Өлең – сөздің данасы, шыңдықтың анасы – Бұқар жырау

(XVII-XVIII ғғ.)

Әйтеке Байбекұлы

1) Сөз қуған пәлеге жолығады.

2) Ашу деген – ағын су, алдын ашсаң арқырар,

Ақыл деген – дария, алдын жапсаң тоқырар.

3) Суалмайтын суат жоқ, тартылмайтын бұлақ жоқ, қурамайтын құрақ жоқ.

4) Қара қылды қақ жарған – жақсылардың белгісі.

 

Қазыбек Келдібекұлы

1) Ауруын жасырған ажалсыз өледі,

Қиянаттан қорыққан амалсыз көнеді.

2) Аға төреші бола алмайды – алдында қаймығары жоқ,

Іні төреші бола алмайды – артында қайырылары жоқ.

3) Жоқтан шыққан дау жаман.

4) Жазылмаған дерт қиын, орындалмаған серт қиын.

5) Ерден ердің несі артық – ептестірген сөзі артық.

6) Бүгін сағы сынды деп, жақсыларды басынба,

Қиын-қыстау күн туса, сол табылар қасыңнан.

7) Өркенің өссін десең, кекшіл болма – кесапаты тиер,

Өзгеге қиянат жасар өршіл болма – қанатың күйер.

 

Төле Әлібекұлы

1) Нәрестенің бесігі – кең дүниенің есігі.

2) Бейбіт елде сән бөлек,

Бүлінген елде ән бөлек.

3) Зордың түбі – қор.

4) Ғұмыр – біреу, кезек – екеу.

 

Қожаберген Толыбайұлы

1) Үйде де, түзде-дағы бір-ақ өлім,

Дұшпаннан алып өлгей елдің кегін!

2) Тілдің де киесі бар.

3) Көңілі пенде шіркін басқа-басқа.

4) Адамға шыдамдылық ес береді.

5) Жігіт деп артық туған соны айтамыз,

Тар жерде қайырылысса жан жолдасқа.

 

Бұқар Қалқаманұлы (Бұқар жырау)

1) Жалғыз көпке теңеліп, кегін бір алмас демеңіз.

2) Қайырсыз итке мал бітсе, аңқан құрып келгенде саумал бермес ішерге.

3) Іштен қыңыр туғанды тезге салсаң түзелмес.

4) Алыстан жанжал сөз келсе, азулы сөйлер жүгініп.

5) Жаулық жолын сүймеңіз: мынау жалған сұм дүние өтпей қалмас демеңіз.

6) Арғымақтың жалы жоқ – жабылар жалымен теңесер,

Жақсылардың малы жоқ – жамандар малымен теңесер.

7) Өлең – сөздің данасы, шыңдықтың анасы.

8) Екі жақсы қас болмас, екі жаман дос болмас.

 

(Ербол Шаймерденұлы құрастырған «Қазақ афоризмдері» кітабынан іріктеліп алынды)