Қоғам • 24 Желтоқсан, 2023

Автобустан монша жасап алды

860 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шағын бизнестің өрісін кеңейтуді көздейтін қайтарымсыз гранттардың істің көзін таба білген азаматтарға шарапаты көп тиіп жатыр. Мәселен, Арқалық қаласының тұрғыны Ержан Құдабаев кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасына қатысып, 1 млн 380 мың теңгенің грантын ұтып алған. Нәтижесінде, баяғы шопандардың ауы­лын аралап жүретін автомонша жасап алып, елден саяқ қонған малсақ ағайынның қажетін өтеп жүр.

Автобустан монша жасап алды

Ержан Берікұлы мемлекеттен алған қар­жыға күтімі жақсы көне автобус сатып алып, оны төрт адамдық моншаға айналдырған. Жылжымалы монша барынша қауіпсіз әрі жуынуға да ыңғайлы.

«Бұл көптен ойымда жүрген іс еді. Міне, енді соның сәті түсіп, мемлекеттік бағдар­ла­ма­ның кө­мегімен жеке кәсібімді бастадым. Қай­тарымсыз қаржыға автобус, 220 вольттық электр қуатын беретін қозғалтқыш, пеш тәрізді қа­жетті дүниелерді сатып алдым. Автобустың ішін жылу ұстағыш материалмен қаптадым. Нәти­жесінде, моншам қақаған аязды күндері де қай­нап тұратын болды.  Қызметім қымбат емес, қалтаға күш түсірмейді, тұты­нушыларым да дән риза. Осы кәсібімді бастауыма сеп болған үкі­метімізге зор ризашылығымды білдіремін. Кей­де балықшылар, табиғат аясында демалып жат­қандар, қашықта тұратын шаруалар, пішен­шілер мен малшылар, кейде шалғайдағы шағын ауылдар шақырады. Шақырған жерде су болса болды, арнайы сорғышпен су сорып, мон­шаның бөшкесін толытырып аламын. Көп ұза­май монша да дайын болады», дейді кәсіпкер.

Автомоншаның шай ішіп дема­луға арналған жеке бөлмесі, буханасы, душы, тоңазытқышы бар. Тіпті қайың сыпырғыш, буханаға кие­тін баскиім, қолғап, тәпішке секілді моншаға түсуге қажет дүниелер де табылады.

 

Қостанай облысы