Спорт • 25 Желтоқсан, 2023

Министр спорт саласының майталмандарын марапаттады

106 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен елордадағы Президенттік орталықта 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік» атты  марапаттау іс-шарасы өтіп, ел абыройын асқақтатқан спортшылар, спортқа елеулі үлес қосқан сала мамандары 18 аталым бойынша марапатталды. Салтанатты жиынға Парламент депутаттары, Олимпиаданың және биылғы әлемдік біріншіліктер мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, спорт журналистері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр спорт саласының майталмандарын марапаттады

Фото: Turizm jane sport ministrligi

Сала министрі Ермек Маржықпаев ел спорты үшін биыл сәтті жыл болғанына және жерлестеріміздің жарқын жеңістерге қол жеткізгеніне ерекше тоқталып, үздік ретінде танылғандарды құттықтады.

«Ұлттық құрама спортшылары жыл басынан бері 1 400 халықаралық жарысқа қатысып, 864 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 291 алтын, 262 күміс, 311 қола. Әлем чемпионаттарында 68 алтын медаль, Азия жарыстарында 47 алтын жүлде, Азия ойындарында 10 алтын олжалады. Мемлекет басшысы ел тәуелсіздігі тарихында алғаш рет Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдап, марапаттағанын ерекше атап өткім келеді», деді Ермек Маржықпаев.

Жыл қорытындысында 18 аталым бойынша «Үздік» деп танылғандар:

Нұркен Рахманқұл – «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы»;

Кенжеғали Бекқұлов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері»;

Рауан Қазезов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы»;

Бұқар жырау ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі – «Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі»;

Исхар Курбаев – «Жас және жасөсіпірімдер құрамындағы спортшы»;

Виктория Волкова – «Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы»;

Наталья Сухачева – «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман»;

Берік Қонысбеков – «Үздік спорт дәрігері»;

Мөлдір Жаңбырбай, Милад Карими, Руслан Құрбанов –  «Жылдың үздік нәтижелері»;

Қазақстандық спорттық ату федерациясы – «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясы»;

Тимур Турлов – «Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясының президенті»;

Әділет Бәрменқұлов – «Жылдың үздік спорт менеджері»;

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған Үміт спорт клубы – «Жылдың үздік спорт ұйымы»;

Алматы қаласы – «Үздік спорттық өңір»;

Сергей Шабалин (Руслан Құрбановтың жаттықтырушысы) – «Жылдың үздік жаттықтырушысы»;

Ризабек Айтмұхан – «Спорттағы үздік серпін»;

Махмұд Сабырхан, Ербол Хамитов – «Жылдың үздік спортшысы»;

Самат Қанағатов, Жандос Бұсұрманов, Ербол Қайыров – «Үздік спорт журналисі».