Таным • 25 Желтоқсан, 2023

Мұңлықтың күйі...

70 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлқиссаны аңыздан бастайық.
Бірде Прозерпина құрбыларымен өзен жағасынан гүл теруге барып, жер­асты құдайының көзіне түседі. Плутон оның Адониске деген сезімін біле тұра, қызды күймеге отырғызып ала қашады. Желмаядай жүйткіген күйменің алдында жер қарс айырылып, сүйгеніне қолы жеткен Плутон өлілер мекеніне еніп кете барады. Алайда Церера жанына жақын, нәзік қызын шарқ ұрып жүріп іздеп тапқан соң, оны қайтарудың амалын ойлайды. Плутон қаламаса да, жіберуге мәжбүр болады. Кетерінде қызға анар ұсынады. Неше күн бойы нәр татпаған тұтқын қыз жемісті қомағайлана жеп қояды. Аңғал ару жерасты құдайы қып-қызыл лағыл іспетті дәндерді «Сүйгенім жерасты патшалығын ұмытпасын, маған қайта оралуды қаласын» деген ниетпен бергенін білмеген еді. Міне, содан бері Прозерпина алты айын тірілер, алты айын өлілер мекенінде өткізеді деседі.

Мұңлықтың күйі...

Бұл картина Шекспирді оқыған барша оқырманға таныс. Прерафаэлиттер тол­қынының көрнекті өкілі Данте Габриэль Россеттидің «Прозерпинасы» – астары­на мың-сан сыр көмілген, шерлі туынды. Ке­неп­те Көне Рим мәдениетіндегі жер­асты патшалығы құдайының жары Про­зер­пина бейнеленген. Ол көпшілікке грек аңыздарындағы Персефона (Юпитер мен Церераның қызы, Плутонның жұбайы) есі­мімен таныс.

Мифологиялық кейіпкерлер шығар­ма­шыл жанға шабыт беріп, ал Прозерпина се­кілді әйел образдары музаға айналып жа­та­тыны бар. Мәселен, Плутонның махаб­баты туралы миф желісімен «Мәрмәр ме­нің алдымда балауыздай иілетін етіп бағын­дырдым» дейтін хас талант Джованни Бер­нини де мүсін жасаған. Прозерпина­ны «әнге қосқандар» да аз болмады. Ал Россеттидің «Прозерпинасы» өз сыры мен мұңын, өз тарихын, өз аңызын өзінше жырлайды.

Картина 1874 жылы салынды деп көрсе­тілсе де, Россетти туындыны жеті жыл бойы сегіз кенепке салған. Мүсін – шебердің сүйгені Джейн Морристің бейнесі.

Россетти Прозерпина туралы: «Ол өз сарайының түнек дәлізінде бейнеленген, қолында – өлімге пара-пар улы жеміс. Ойға шомған күйі жерүсті әлемінің белгісіндей болған кішкентай саңылаудан түскен сәулеге телміріп қарап тұр. Қасында кейіпкер атрибутына айналған айналаны жұпар иіске бөлейтін аспап бар. Артындағы шырмауық бұтағы жүрекке маза бермейтін естеліктер символы іспетті», деп жазды.

Назар салып қарасаңыз, картинаның оң жақ жоғары бұрышында италья тіліндегі төрт жолды байқайсыз. Россетти мұңды махаббаты Джейннің досы Уильям Морристің жары екенін қабылдай алмай, екі ортада елегізіген өмірін Прозерпина тағдырымен салыстырған.

1871 жылы салына бастаған сурет тек 1882, яғни автор өмірден өтер жылы аяқ­талады. Көңілі толмаған соң, әр нұсқасын өзгертіп, басқа картинаға айналдырып отыр­ған. Мысалы, «Бәйшешектер» – соның бірі. Коллекционер Фредерик Лейланд оны бірнеше рет суретшіге қайтарып берген. Тасымал кезінде әбден бүлінген картина Россетти «Қарғыс атқан картина» деп те атады. Одан алдыңғы нұсқаларды Чарльз Хауэллге берген екен. Фредерик Лейландқа бұйырған жетінші нұсқа қазір Тейт галереясында сақтаулы тұр. Ал соң­ғысы, яғни сегізіншісі – Бирмингем мұра­жайының төрінде.

Айта кетейік, Лейланд кезінде автор­дың бір емес, 18 жұмысын сатып алған. Сурет­терден триптих жасауды да ұсынған осы кісі. «Мнемозина», «Құдайы бикеш» пен «Прозерпинаны» біртұтас туынды деп қарастыруға әбден болады.

Атақты алтыншы нұсқаны (1877, майлы бояу, кенеп) 1964 жылдың қарашасын­да британиялық суретші Лоренс Стивен Лаури 5 000 гинеяға сатып алған. Белгілі өнертану­шы Майкл Ховард Лауридің «Энн Х. Порт­реті» (1952) атты картина­сын Данте Габриэль ­Рос­сеттидің осы «Про­зерпинасына» ұқсатады. Лаури қылқалам шеберінің талантына ерте жастан тәнті бол­ған. Қанша армандаса да, оның картинасына өмірінің соңында ғана қол жеткізеді. Дәл осы кенеп 1987 жылы өткен Christie’s аукционында 1 000 000 фунт стерлингке саты­лып, Виктория дәуірінің ең қымбат картинасына айналған еді.

«Мнемозина» картинасы бірде «Естелік шамы», бірде «Рикорданза» деп аталды. Сурет Данте Габриэль Россеттидің 1875-1881 жылдар аралығындағы кезеңінде салынған. Алғашында бұл жұмыс «Сириялық Астарта» картинасына эскиз ретінде басталып, кейін өзгеріп, аңыз кейіпкерінің құрметіне «Мнемозина» аталды. Суретші 1876 жылы 29 сәуірде анасына жазған хатында екі картинаның өзара ұқсайтынын, оларды әйелдің басы мен қолының орналасуы ғана ерекшелейтінін айтқан екен.

Россетти картинаны Кларенс Фрайға сат­қысы келгенмен, ол бас тартады. Сөйтіп, оны 1876 жылы Фредерик Лейланд меншіктейді. Лейландтың суреттің көлемін кішірейтуге қатысты (кабинетіне сыйдыру үшін) тілегін орындамауға ыңғайсызданған Россетти онсыз да көп уақытын алған «Мнемозинамен» 1881 жылға дейін жұмыс істеді. Бұл туын­ды 1892 жылы Christie’s бәссаудасына қойылғаннан бастап, 1916 жылға дейін қолдан-қолға өтіп, еш жерде тұрақтамады. Кейін прерафаэлиттердің ең үлкен қорын жасаған Сэмьюэл Бэнкрофт картинаны өз үйіне алады. Қазір Делавэр көркемөнер мұражайына қойылып, өнерсүйер қауымның көз алдында тұр.

«Құдайы бикешті» Россетти 1875 пен 1878 жылдар аралығында салған. Әдетте картинасына қарай өлең жазатын ақын-су­ретші мұнда кезекті алдымен сөзге берген екен. «Құдайы бикеш» сонеті 1850 жылы жарыққа шығып, кейін екі мәрте өзгер­тілген. Өлеңді жазуға Эдгар Поның «Қарға» атты әйгілі шығармасы себеп болып­ты. Онда лирикалық кейіпкер өмірден өткен сү­йіктісін жоқтаса, Россетти жырында сүйген бойжеткеннің күйін көктен қарап қайғырып отырады екен. Ал осы өлеңді кенепке салуды шебердің достары ұсынған. Шығарманы ұнатқан өнертанушылар репродукциясын жасауды да сұраған. Қазір түпнұсқа Фогг көркемөнер мұражайында, ал көшірме леди Левер галереясында сақтаулы.

Мүддеттің Мұңлықтарын жоқтаған «Мне­мозина», «Құдайы бикеш» пен «Про­зерпина» бір­­тұтас триптих ретінде көр­кемөнер тари­хын­­да өз жырымен, өз даусымен қалары сөзсіз.