Аймақтар • 29 Желтоқсан, 2023

Бұқтырма су қоймасында техникалық көпір ашылды

152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қос жағалаудан қарама-қарсы басталған техникалық көпір құрылысы Самар – Күршім аудандарының шекарасында түйісті. Уақытша көпір техникаларды, құрал-жабдықтар мен мамандарды жұмыс орнына үздіксіз және жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Технологиялық көпірдің ұзындығы 1153 метр. Басынан аяғына дейін 13 құрылыс алаңы бар, деп жазады Egemen.kz.

Бұқтырма су қоймасында техникалық көпір ашылды

суретті түсірген автор

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев кестеге сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

«Көпір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынып жатыр. Ертеңгі күні көпір логистиканы, туризмді, шағын және орта бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде мұнда жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары жұмыс істеп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Көпірдің бәріміз үшін, бірінші кезекте, шалғайдағы шекаралас аудандарымыз; Күршім, Зайсан және Тарбағатай аудандарының тұрғындары үшін маңызы зор. Мен бұл стратегиялық маңызды жобаны 2024 жылы аяқтайтынымызға сенімдімін», деді Ермек Көшербаев.

Естеріңізге сала кетсек, қос жолақты автомобиль көпірі Күршім ауданының Құйған ауылының тұсындағы ені ең кіші учаскесінде салынып жатыр. Дегенмен, бұл Қазақстандағы ең ұзын көпір болады.

Қазіргі уақытта 18 тіректің 12-сі орнатылып, алты тіректі орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, кірме жолдар, су өткізу құрылыстары мен айналма жолдар ретке келтірілу басталған.

«Егер бүгінгі таңда кезек күту уақытын есептемегенде, су қоймасы арқылы пароммен өтетін уақыт 40 минутқа созылса және пароммен әрбір жүріп өткені үшін көп ақша төлеуге тура келсе, құрылыс аяқталғаннан кейін су қоймасын екі минутта ғана кесіп өтуге болады», деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысының әкімі.

Бүгінгі таңда нысан республикалық меншікке, яғни Автомобиль жолдары комитетіне тапсырылды. Құрылыс жұмыстарының сапасы тұрақты бақылауға алынған. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы 14 рет келіп, 20 сынама сынақтан өткізді. Барлық анықталған ескерту жойылды.

Бүгін Күршім және Самар аудандарының тұрғындары бірінші болып технологиялық өткел бойынша бір жағалаудан екінші жағалауға өтті.

аа