Таным • 30 Желтоқсан, 2023

Жанақ Сағындықұлы: Халық – қазына, хан – қақпа, батыр – қорған

569 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Афоризм – шағын философиялық ой, тәжірибелік түйін, логикалық қисын. Авторлық тұжырым ретіндегі қысқа әдеби туынды. Көркем кестеленген нақыл сөз. Афоризмнің басты шарттары – өмірлік құбылыстар мен адамдардың іс-қимылына, мінезіне деген көзқарастағы анықтық, пікір жинақтап қорыту мен түйін жасаудағы логикалық жүйелілік және ойды жеткізудегі дәлдік пен қысқалық. Афоризм – ой тамызығы. «Афоризмдер» айдарында бүгін Ақтамберді Сарыұлы, Үмбетей Тілеуұлы, Байдалы Бекшеұлы, Сырым Датұлы, Тоқсан Жабайұлы, Шал Құлекұлы, Жанақ Сағындықұлы, Бөлтірік Әлменұлы, Абыл Өтембетұлы ойларын ұсындық.

Жанақ Сағындықұлы: Халық – қазына, хан – қақпа, батыр – қорған

Сырым Датұлы. Фото: Ашық дереккөз

(XVII-XVIII ғғ.)

Ақтамберді Сарыұлы

1) Жалтара шапсаң жау қашпас.

2) Бұлаңдап жүрген жігіттің көкейін бірде жоқ тесер.

Үмбетей Тілеуұлы

1) Сырт тазасы не керек, тазарт әуелі ішіңді.

2) Жылға сай батпақ болса, өте алмассың,

Жастан шыққан жүйрікке жете алмассың.

Мейманға отың басы болса суық,

Еліңе жақсы жігіт атанбассың.

3) Кісіні көрсең, есікке жүгіре шық кешікпе,

Қарсы алмасаң мейманды, кесір болар нәсіпке.

Байдалы Бекшеұлы

1) Молданың айтқанының бәрі шариғат емес,

Бұрынғылардың айтқанының бәрі қағидат емес.

2) Сөздің өзі бала: тербетсе оянады, тербетпесе оянбайды.

Сырым Датұлы

1) Инабат – ер азығы, инабатты ер – ел қазығы.

2) Қарадан хан болсам – халқым қалаған болар.

Айырдан нар болсам – атам жараған болар.

Жоқтан бар болсам – Құдайым қараған болар.

3) Торы – тоқсан тоғыз, төбелі – біреу.

4) Опасыз жалған – дауасыз дерт.

5) Таудан биік көңіл бар,

Теңізден терең ғылым бар,

Оттан бетер – қайғы-зар.

6) Көзжұмбайсыз дария кешпек жоқ.

Тоқсан Жабайұлы

1) Біреуден алған – аманат, берсең жақсы саналап.

Жанжал қусаң – бақ кетер, басына қонар жаманат.

2) Өткел өтсең бұрын өт, арты болар көк тайғақ.

Жауға шапсаң көппен шап, дұшпанына ол да айбат.

Шал Құлекұлы

1) Байды Құдай атқаны – дәулетіне мас болар.

Ханды Құдай атқаны – қарашасымен қас болар.

2) Бақ көшсе, ақылына қарамайды.

3) Әзілден мерт болады артық қазған.

4) Қайтпағанда меселің қар үстінде от жанар.

5) Надандар ойламайды алыс-жұлыс:

Күш – қапы, білім – таяз, іс – жаңылыс.

Жанақ Сағындықұлы

1) Ауруды қуантпайды алтын төсек.

2) Халық дария хан балық.

Хан сыртынан жұдырық.

3) Халық – қазына, хан – қақпа, батыр – қорған.

Бөлтірік Әлменұлы

1) Жақсы деген кісінің алды-арты жарық болар,

Жақсы деген ісіннің бас-аяғы анық болар.

Жаман деген кісінің алды-арты жау болар,

Жаман деген ісіннің бас-аяғы дау болар.

Абыл Өтембетұлы

1) Жалқаулықтан кісі өлмейді,

Кісі өлмегенмен, ісі өңбейді.

2) Айдын да айдын, айдын көл – асарлап төксең суалмас,

Қабырғасы қатқан кәрі боз – қажыған күні су алмас.

3) Дүниеде дертті кісі ойнап-күлмес,

Ел білер қадіріңді, сұлтан білмес.

(Ербол Шаймерденұлы құрастырған «Қазақ афоризмдері» кітабынан іріктеліп алынды)