Табиғат • 31 Желтоқсан, 2023

Ұлттық паркке кірудің жаңа тарифі

74 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Салық кодексінің 591-бабына Мемлекеттік ұлттық парк аумағына көліктерді кіргізгені үшін алым алу мәселесі бойынша толықтыру енгізілген еді. Осыған орай, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіруге жаңа төлем мөлшерлемелері бекітілді.

Ұлттық паркке кірудің жаңа тарифі

Сонымен, 2024 жылы ұлттық парк аумағына кіргені үшін алынатын алым мынадай көлемде белгіленді: жаяу жүргіншіге – 0,1 АЕК (369 теңге); мотоцикл, мопед, квадроцикл үшін – 0,2 АЕК (738 теңге); жеңіл автокөлікке – 0,3 АЕК (1 108 теңге); сыйымдылығы 16 орынға дейінгі шағын автобус пен жүк көлігіне – 1 АЕК (3 692 теңге); 32 орынға дейінгі автобустарға – 2 АЕК (7 384 теңге); 32-ден аса орындықты автобусқа – 3 АЕК (11 076 теңге).

Ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тарда орналасқан елді мекендерде тұра­тын және сол жерде орналасқан саяжай­лары бар жеке тұлғалар төлемнен босатылады. Бурабай, Бұланды және Ең­бек­шілдер аудандарының ұлттық парк аума­ғынан тыс орналасқан елді мекендерінің халқы жалпы негізде ақы тө­леуге міндетті. Бұл ұлттық паркпен іргелес жерлерде тұратындарға да қатысты.

1 қаңтардан бастап жеке және заңды тұлғалардың автокөлік құралдарынан ұлттық парк аумағында болған әрбір күні үшін төлем алынады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны алым­ның ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық қаупін азайту үшін «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінде 5 бақылау-өткізу бекеті автоматтандырылды. Өткізу бекеттерінің бәрі екінші деңгейлі банктердің төлем қызметіне қосылған (kaspi.kz, homebank, Jusan). Яғни төлемді терминал арқылы да, банктік аударыммен де жасауға болады. Онлайн төлеу үшін банктердің QR-кодтары қойылған. Kaspi.kz қосым­шасымен төлеу үшін шотыңызды ақы­лы жолдардағы сияқты алдын ала толтыруға болады. Ондай кезде ұлттық парк­тен шыққанда төлем автоматты түрде есепшотыңыздан алынады. Төлем банктік аударыммен де, қолма-қол да жасалады.

Осы орайда бақылау-өткізу бекетінде кептеліс болмауы үшін маршрутты алдын ала жоспарлап, Бурабай ауылындағы ғана емес, басқа да өткізу бекеттерінен де шығуға болатынын ескерулеріңізді сұраймыз. Атап айтқанда, №1 өткізу бекеті – Астана – Петропавл тас жолы жағында; №2 өткізу бекеті – Бурабай ауылында; №3 өткізу бекеті – Щучинск қаласы арқылы Щучинск – Бурабай ку­рорттық аймағына кірер тұста; №4 өткізу бекеті – Мемлекеттік ұлттық парк аума­ғына Щучинск қаласынан «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы бағытындағы кіреберісте; №5 өткізу бекеті – Қатаркөл көлінің жанындағы Приозерный орман шаруашылығының аумағында.

Тариф «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ҚР заңының 38-бабына орай өзгерді. Көлік құралдары адамдарға қарағанда қоршаған ортаға көбірек зиян келтіретіні (ауаны ластайды, зиянды химиялық заттар таралады, дыбысы қатты) ескерілді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы төлем рес­публикалық бюд­жетке түседі, «Бура­бай» МҰТП-ның міндетіне оны тек жинау кіреді.