Мектеп • 04 Қаңтар, 2024

Тірек мектептің тірлігі

153 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мұндай мектеп ауылды қойып, қалалық жерде жоқ шығар. Іші кірсе шыққысыз. Оқушының білім алып, мұғалімнің сабақ беруі үшін заманауи мүмкіндіктің барлығы қарастырылған. Мақалаға арқау етейік деп отырғанымыз – Жұбандық Болғанбаев атындағы Самар орта мектеп-лицейі. Жалпы жаңа ауданның білім саласында серпіліс бар.

Тірек мектептің тірлігі

Суретті түсірген – автор

Самар аудан болып құрылғалы айналасы бір-бір жарым жыл ішінде білім саласында айтарлықтай жұ­мыстар қолға алыныпты. Статисти­калық деректерге зер салсақ, аудан бойынша 19 мектеп бар. Қосымша балалар өнер мектебі жұмыс істеп тұр. 19 мектептің 10-ы орта мектеп болса, жетеуі – негізгі, екеуі – бастауыш. Мектептердің бесеуі таза қазақ тілінде білім берсе, төртеуі – орыс мектебі, қалғаны – аралас мектептер.

Ал аудан орталығындағы Ж.Бол­ғанбаев атындағы орта мектеп-лицейі – тірек мектеп. Үш қабатты типтік ғимарат болғанымен, іші расымен де заман талабынан әлдеқайда жоғары деңгейде жасалған. Қыстың көзі қырауда болғандықтан, әуелі жылу жүйесіне назар аударып едік, бәрі автоматтандырылған, түймені басып, электр арқылы жылытады. Сыныптардың барлығы тегіс керек-жарақ құралдармен жабдықталған. Мұғалімдер бұрынғыдай борды бұрқыратып, қарапайым тақтаға жазып емес, интерактивті тақтамен сабақ түсіндіреді. Ұстаздар сабақтан қолдары қалт етсе, арнайы бөлмеге кіріп, жаттығу жасай алады. Жаттығу жасау былай тұрсын, қарапайым мұғалімдер бөлмесіне жарымай отырған мектептерді де көргенбіз. Оның қасында біз бас сұққан мек­тептің әлеуеті әлдеқайда жоғары. Көркем еңбек кабинеті қандай! Мұнда оқушы 3D принтермен қия­лына қарай түрлі мүсін жасай алады. Таланты болса, тақтайға лазермен сурет салады, тұрмысқа қажет­ті дүниелер жасайды. Мектептегі жетістіктерді осындағы баспасөз ор­та­лығы арқылы көпшілікке хабардар етіп отырады. Ол үшін білім ордасы арнайы бөлме, бейнекамера, фотоаппарат секілді құрал-жабдықтармен қамтылған.

Қордан қолдау болған соң да мектептің мүмкіндігі мол. Биылғы оқу жылына «Қазақстан халқына» қоры 191 тірек мектепті жабдықтауға 250 млн теңгеден бөлсе, сол тізімнің ішіне Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектеп-лицейі де бар. Аталған қор мен «Аitas KZ» акционерлік қоғамы ауыл мектебінің деңгейін Назарбаев зияткерлік мектептерінің деңгейіне көтеру үшін жаз бойы Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектеп-лицейін заманауи техникамен және кабинеттермен жабдықтады. Алдағы уақытта тірек мектеп пен оған қарасты шағын жинақталған мектеп мұғалімдері білім-біліктерін арттыру үшін Зияткерлік мектептермен тікелей жұмыс істейтін болады.

Айта кетейік, оқу жылы бастала сала «Самұрық-Қазына» АҚ атынан аудандағы 38 оқушыға қажетті оқу құралдары табысталды. «Баланы мектепке жинаймыз» акциясы аясында облыстық мәслихат депутаты Әсем Мамутова 40 оқушыға мектеп портфелін сыйға тартты. Мұндай жұмыстар әлі де жалғасын тауып жатыр.

Сондай-ақ Ж.Болғанбаев атын­дағы Самар орта мекте-лицейінде Самар­қан Қалисатарұлының демеу­ші­лігімен «Әке рухы» атты геогра­фия кабинеті ашылған. Мұндай каби­неттер ауданның өзге мектептерінде де ашылып жатыр. Мәселен, Самар №1 орта мектебінде «Самұрық-Қа­зына» қорының қолдауымен бола­шақ инженерлер кабинеті ашылған. Самар ауданының кешенді даму жос­парын жүзеге асыру шеңберінде, И.Яроцкий атындағы негізгі мектеп лингафон кабинетіне ие болды. Міне, болашақ ұрпаққа патриоттық тәр­бие беру мақсатында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.

– Оқу жылы қарсаңында бірне­ше мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ, Ақ­қала ауылының мектеп-балабақша кешенінің электр жарығы жөнделді. Миролюбовка орта мектебінің спорт залы мен шатыры жөндеуден өтті. Мариногорка орта мектебінде бірінші қабаттың терезелері ауыстырылды. Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектеп-лицейінде еденді жөндеуге, жарықтандыру құрылғыларын ауыс­тыруға, бейнебақылау камераларын орнатуға қаражат бөлінді, – деді Самар аудандық білім бөлімінің басшысы Руслана Қуатқызы.

Жасалып жатқан мүмкіндікке қарай оқушылар да түрлі бәйгелерде оза шауып, жүлдегер атанып жүр. Солардың ішінде Қ.Бітібаева атын­дағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша өтетін олимпиаданың 5-8-сынып оқушыларына арналған «ProEco» экологиялық жобалар конкурсы, Қазақстан тарихы, археология және өлкетану пәндері бойынша өт­кен олимпиаданың республикалық кезе­ңінің жеңімпаздары Ж.Болған­баев атындағы Самар орта мектеп-лицейінің педагогтері Бибігүл Хасе­нова, Асиға Татманова, №1 Самар орта мектебінің педагогі Ардақ Рахи­мованың шәкірттері жеңіс тұғырынан көрінген. Республикалық деңгейдегі конкурстардың жүлдегерлер саны 2022 жылы бір оқушы ғана болса, былтыр үш оқушыға артты.

Самар аудандық білім бөлімінің басшысы Руслана Қуатқызының айтуын­ша, балабақшалар желісін ұл­ғайту үшін де жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Ашып айтсақ, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың басым бағыты қазақ тілінде оқытатын ұйымдар желісін кеңейтуді көздеп отыр.

2022-2023 оқу жылында Самар ауданы бойынша жалпы саны 1 751 оқушы білім алса, 11 оқушы «Ал­тын белгі» иегері атанды. Оның 10-ы мем­лекеттік грантқа түсті. Иә, білім са­ла­сына мемлекет тарапынан осы­лай көңіл бөлінетін болса, ілім де, білім де дамып, ел эконо­микасының артуына ықпал етеді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Самар ауданы