Мәселе • 03 Қаңтар, 2024

Сапасыздық салдары

196 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оқу жылы басталғалы Миролюбовка аулындағы Әлия Молдағұлова атындағы орта мектепте денешынықтыру пәні өткен жоқ. Себебі спорт залға ағымдық жөндеу жүргізген мердігер компанияның жұмысы сапасыз болғандықтан, мектеп басшылығы қабылдамай отыр. Сапасыз жөндеу салдарынан көздері жәудіреген оқушылардың шырша мерекесі де ойдағыдай ұйымдастырылмады.

Сапасыздық салдары

Суретті түсірген – автор

Жаңа жыл қарсаңында Самар ауданына қарасты Миролюбовка аулына арнайы барып, мектеп спорт залындағы жөндеу жұмыстарын көрген едік. Иә, еден тақтайларын кедір-бұдыр етіп төсеген. Кейбір тұсына жамау салған. Құдай сақтасын, бала құлаған жағдайда жарақат алары анық. Сондай-ақ жылу батарея­ларын қоршаған тақтайлары ­со­лқылдап тұр. Жұқа тақтай доп тисе, морт сынады. Оның үсті­не үстіріктелмеген. Төбедегі жа­рық шамдары да арнайы тормен қап­талмаған. Апаттық шығу есігін талапқа сай стандарттан тарылтып тастағаны былай тұрсын, ашыл­майды. Сіресіп жатыр. Алда-жалда төтенше жағдай болып, балаларды сыртқа шығару керек болса, бұл есіктен сау етіп шыққанды қойып, кептеліп қалуы әбден мүмкін.

«Еден тақтайларын салып жатқан кезде бірнеше рет ескерт­тік. Оған қарамастан, мердігерлер жұмысын жалғастыра берді. Әуелі ескі тақтайларды алмай, үстінен салмақшы болған. Айтып жүріп, ауыстырттық. Бірақ тақтайлар су болған. Салдарынан ісініп, ашылып кетіп жатыр. Жұмыс сапа­сыз орындалғандықтан, қабылда­май отырмыз. Мұнда балаларды кіргізіп, оқыс жағдай орын алса, қайтеміз? Сондықтан мұндай жұмысқа жауапкершілік танытпаса болмайды», дейді мектеп директоры Жанат Болатбекқызы.

Директордың сөзін ауыл ақ­са­қалдары, ата-аналар да рас­тап отыр. Жұмыстың сапа­сыз жүргізілгендігін айтып, кемші­лікті дереу жою керек деседі.

«Екінші тоқсан аяқталды, денешынықтыру пәні өтпеді. Бұрынғы едені тұра беруі керек еді. Ал мына төсеген тақтайлары қашанға дейін шыдайды, кім білсін? Жалпы, ауылдық жер болғандықтан, жастардың да кешкілік доп ойнайтын жері – осы спорт залы. Қазір оларды қойып, мектеп оқушылары спорт залға кіре алмай жүр. Балам­ның айтуынша, денешынық­ты­ру сабағында теннис немесе дой­бы ойнайды», дейді ата-ана Ольга Джулай.

Айтса айтқандай, ауыл жас­тарының кешкілік спорт зал­дан басқа барар жерлері жоқ. Жас­тарға, оқушыларға айналдырған жалғыз спорт залды сапалы етіп жөндеп бере алмай отырып, басқа қолдауды қалай көрсетпек? Сөй­те жүріп, ауылда жас қалмай барады деп әлдекімді сынағы­мыз келеді. Мектеп директо­ры Ж.Бо­латбекқызының айтуын­ша, білім ошағына ауыл жаста­ры үнемі демеушілік көрсетіп отыр­ғандықтан, спорт залға кіруге рұқсат берген-ді. Биыл ғана ырың-жырың болған жөндеу жұ­мыс­тарынан соң, проблема туын­дап отыр.

Әуелде ағымдық жөндеу жұ­мысы сметалық құжат бойын­­ша 11 млн теңгеге есептелген. Ал мем­лекеттік тапсырыс порталын­да «MEGA-STR» мердігер компаниясы соманы 6 млн 880 мың теңгеге түсіріп, ұтып алған.

«Еденнің бүлінуі ылғалдың жоғары болуынан орын алып отыр. Себебі дәл сол уақытта ша­тырды жөндеп жатқан. Ша­тыр ашық болғандықтан, күзгі жаң­быр кезінде еденнің құры­лыс материалдарына су тиген. Оның үстіне жылу жүйесі де қо­сылмаған еді. Екіншіден, кем­шіліктер туралы қағаз жүзінде ха­бар­ламаған. Алғашында кем-ке­тік тұстарын қалпына келтіріп отыр­дық. Жалпы, спорт залдағы ағым­дық жөндеудің кепілдігі бар. Белгіленген мерзім ішінде қандай да ақаулар шығып жатса, біз жөндеп береміз», дейді «MEGA-STR» компаниясының өкілі Бақытбек Ілиясов.

Компания өкілі айтқандай, жұмыстың 80 пайызын қабылдап алу жөніндегі құжаттарға қол қойылған көрінеді. Алайда мек­теп басшылығы қол қою­дан бас тартқанын айтады. Түсін­гені­міздей, қалған жұмыстың кем­шіліктері жөнінде тапсырыс бе­руші тарап қағаз жүзінде ха­бар­дар етсе, мердігер компа­ния қалпына келтіріп беруден бас тартып отырған жоқ. Бі­рақ шым-шытырық қағаз жұмыс­та­ры қашанға дейін созылады? Бәрінен бұрын мектеп басшы­лы­ғы бағдарламаға сай денешы­нықтыру пәніне қатыса алмай жүр­ген оқушыларға не деп ақ­талады? Дойбы мен үстел тенни­сі­нен жалыққан оқушылар бір уақыт жүгіргісі келеді, волейбол, баскетбол ойнасақ деседі. Өкі­нішке қарай, спорт залы кем-кетік­сіз қайта қашан жөнделеді, белгісіз.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Самар ауданы