Шаруашылық • 04 Қаңтар, 2024

Балықшылар семинары

67 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Балық шаруашылығы – Маңғыстауда кең қанат жаймаса да, өзіндік тыныс-тірлігі бар сала. Өңірдегі 169 балық бригадасында 811 балықшы бар. Балық аулауға арналған 33 аймақ Түпқараған мен Қарақия ауданда­рында орналасқан. Балық шаруашылығында түйткілді мәселе де бар. Сол себепті өңірдегі балық­шылар мәселелері, саладағы кадр тапшылығы өңірлік кәсіпкерлер палатасында арнайы ұйымдастырылған семинарда талқыланды.

Балықшылар семинары

Амангелді Бексариев балық шаруа­шы­лығымен жастайынан айналысады. Ол төрт ай бұрын Атыраудан бекіре тұ­қымдас балықтардың шабақтарын арнайы алып келіп, Маңғыстауда өсіруді көздеген екен.

– Қарақия ауданының Құрық ауылы маңындағы Сарша жерінде балық шаруа­шылығын бастап жатқан жа­йым бар. Тұщы суда тіршілік еткен балықтардың Каспий теңізінің суына бейімделуін бағамдау үшін 100 данасын әкелдім. Осы бағытта ісімді жалғастыруға ниеттімін – деді ол.

Сондай-ақ басқосуда балық шаруашы­лығы саласын жетік меңгерген білікті маман­­дардың аздығы сөз болды. Білім мен ақпараттың жетімсіздігінен өңірдегі 800-ден астам балықшы мемлекеттен берілетін субсидияға қол жеткізе алмады. Сондықтан 30 жылдық тәжірибесі бар балықшы А.Ниматов әріптестерін үш күн оқытуға келді.

– Гранттар балық шаруашылығы мамандықтарына бөлініп жатқанымен, балықшы мамандығына сұраныс аз. Сол себепті, көп грант кері қайтарылды. Біз семинарлар, курстар ұйымдастырып, институттардың жанынан қысқа курс­тар ашып, маман даярлауымыз керек. Кадрсыз балық шаруашылығы дамымайды, – деп атап өтті А.Ниматов.

Маңғыстауда Каспий теңізінен 100 мың тонна балық аулау жоспарланды.

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер пала­тасының директоры Рашит Мұста­паев­­тың айтуынша, 2021-2030 жылдарға арнал­ған балық өсіруге арналған Үкімет қау­лысы негізінде ауқымды шаралар қол­ға алынып отыр. Балықшыларға ша­руа­шы­лықтың қыр-сыры үйретіледі. Па­лата­­­дағылардың айтуынша, балық үш жыл­­да уылдырық бере бастайды десек, ба­­лық кәсіпшілігінен де мол қаржы тауып, шығынды өтеуге болады.

 

Маңғыстау облысы