Қоғам • 08 Қаңтар, 2024

Елімізде оң жақ рульді көліктерді әкелуге уақытша тыйым салынды

130 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда оң рульді көліктерді әкелуге уақытша тыйым салынды. Тиісті бұйрық «Қазақстанның нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі стандартты бақылау банкі» порталында жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz

Елімізде оң жақ рульді көліктерді әкелуге уақытша тыйым салынды

Индустрия және құрылыс министрінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрығымен Қазақстанға 6 ай мерзімге оң рульді көліктерді әкелуге тыйым салынды.

Ведомствоның мәліметінше, бұйрық «Сауда қызметін реттеу туралы» заңның 17 және 18-баптарына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29 және 47-баптарына сәйкес қабылданған.

«Қазақстан Республикасының аумағына оң жақ рульді бөлшектелген жеңіл автокөліктерді алты ай мерзімге дейін әкелуге тыйым салынсын», делінген құжатта.

Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 2024 жылғы 16 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың тамыз айынан бастап Қазақстанға оң рульді көліктерді әкелуге тыйым салуды енгізу мәселесі қарастырылған.

Айта кетейік, 2007 жылдан бері Қазақстанда оң рульді көліктерді тіркеуге тыйым салынғанымен, оларды пайдалануға тыйым салынбаған.

2022 жылдың желтоқсанында 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін шекарадан өткен оң рульді шетелдік көліктер Қазақстанда тіркелуі мүмкін екені белгілі болды. Шетелдік көліктерді заңдастыру рәсімі биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін созылды.