Аймақтар • 08 Қаңтар, 2024

«Майқайыңалтын» аумағында іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр

165 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауыр техниканың көмегімен өткелді тереңдету жұмыстары жалғасып жатыр. Барлығы 37 мыңнан астам текше метр топырақ пен тау жыныстары шығарылды, деп хабарлайды Egemen.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Майқайыңалтын» аумағында іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр

Фото: ТЖМ

Кеше геосканер көмегімен 5 метр тереңдікте топырақ астынан автобустың ықтимал орналасу орны анықталды. Бүгін топырақты қайта сканерлеу жүргізілді. Оның нәтижелері бойынша іздеу-құтқару жұмыстарының барысына түзетулер енгізіледі.

Оқиға орнына ТЖМ, КӘАҚҚ РОШ, жергілікті атқарушы органдар, «Майқайыңалтын» АҚ, полиция және жедел жәрдем бөлімшелерінен барлығы 139 адам және 47 бірлік техника жұмылды.

Жазатайым оқиғаның себептерін тергеу мақсатында Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

Комиссия құрамына Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов, «Майқайыңалтын» АҚ бас директоры Қуаныш Ботин, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің, еңбек басқармасының, КӘАҚҚ РОШ, кәсіподақ ұйымының басшылары мен мамандары кірді.

Объективті тергеуді ұйымдастыру және жазатайым оқиғаның себептерін анықтау үшін төрт сараптама ұйымының өкілдері тартылды.

Еске салайық, 4 қаңтарда Павлодарда жолаушылар мінген автобус ойыққа құлап кеткенін хабарлаған болатынбыз.