Парламент • 08 Қаңтар, 2024

Мәжіліс спикері жұмыс сапарымен Ұлытау облысына барды

221 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар тобы жұмыс сапарымен Ұлытау облысына барды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәжіліс спикері жұмыс сапарымен Ұлытау облысына барды

Депутаттар облыс активі – Ардагерлер кеңесінің  мүшелерімен, облыстық мәслихат депутаттарымен және жұртшылықпен өңірдің даму барысын талқылады.

Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы аймақты дамытудағы басым бағыттарға тоқталды. Облыс орталығының инфрақұрылымын жаңғырту және кеңейту, Жезқазған қаласының жаңа бас жоспарын қабылдау, Сәтбаев қаласын қоса отырып, екінші Жылу электр орталығының салынуын қарастыру мәселелері – бірінші кезекте тұр. Сондай-ақ екі жылдың ішінде 3600 орындық 6 жайлы мектеп салынып, перинаталдық орталық, спорт нысандары және жаңа тұрғын үй құрылысы жоспарланған.

Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлытау облысының құрылуы бүкіл ел үшін маңызды оқиға екенін атап өтті. Сондықтан Президент, Парламент, Үкімет жаңа өңірдің дамуына ерекше көңіл бөледі.

«Ұлытау облысы – өз алдына отау тіккен дербес, экономикалық, әлеуметтік, мәдени даму әлеуеті зор өңір. Облысқа тартылған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 45 млрд теңгеге артып, 171 млрд  теңгеден асты. 67 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл өңірдің жақсы даму динамикасын көрсетеді»,  деді Мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ сапар барысында Жезқазған байыту комбинаты, ЖЭО және Сәтбаев қаласындағы «Анненская» кенішінің жұмысшыларымен кездесулер жоспарланған.